Қазақшаға аударылуға тиіс он кітап
Шыны керек, біздің қоғамның қазіргі жетістіктерінің басында кітап тұр. Сол үшін де әлемнің ардақты данышпандары мен оқымыстылары бар білгенін ақ қағаз бетінде жазып қалдырып кетті. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген өрелі сөзі биік парасаттылықтың, терең ойдың көзқарасы екенін аңдайтын кез келді. Қай заманда да оқырманның қалауы жақсы кітап болған. Біз бүгін әлемдік әдебиетте орны бар, бірақ әлі күнге дейін қазақшаға аударылмаған романдар туралы сөйлемекпіз.
«Қарлы ел»
1968 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты ретінде жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның есімі үлкен мінберде аталды. Оның шығармашылығындағы дара ерекшелік пен ойлылық, өзіндік әлем жазушының атын алдымен өз еліне, содан кейін төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Біз сөз еткелі отырған «Қарлы ел» романы алғаш рет 1935-1947 жылдар аралығында әртүрлі формада жарық көрді және оның шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік роман болды. Аталған шығарма алғашында әдеби журналда шағын әңгіме ретінде оқырманмен жүздесті. Кейін келе тоғыз әңгіме бір романға айналды. Шығармадағы оқиғалар Жапон теңізінің солтүстік аймағындағы қатты желдің әсерінен қалың қар түсетін таулы аймаққа қатысты. Бес метрге дейін жиналатын қар кейде қалалар мен ауылдарды маңайдағы аудандардан, тіпті тіршілік көзінен алыстатып, бөліп тастайды. Ал жазушы осы тұста жапон әдебиетіне тікелей қатысты жалғыздық ұғымын, жалғыздық сезімін алға тартады.
«Қарлы ел» – токиолық кейіпкер мен провинциялық гейшаның арасындағы махаббат туралы әңгіме. Басты кейіпкер Шимамура – бай, отбасылы, байлығын мұра еткен, өзін балет шебері деп санайтын адам. Әлдебір қалаға жол тартқан ол пойызда Йоко есімді жас әйелдің бір науқас адамға күтім жасап жатқанын көреді. Әйелді пойыз терезесіндегі сәуле арқылы бақылайды, әсіресе оның көздеріне, нәзік дауысына тәнті болады.
Романның шарықтау шегі Комаконың «Онсен» қонақ үйіндегі Шимамураның бөлмесіне баруы еді. Олардың өзара әңгімесі кезінде Шимамура оны «жақсы қыз» емес, «жақсы әйел» деп атайды. Ал Комаконың Шимамурамен жақсырақ және бақытты өмір сүруге деген үміті жай ғана алдау болып қала береді.
Романның ең соңында ол кезде кинотеатр ретінде пайдаланылған қала қоймасында өрт шығады. Шимамура мен Комако өртті өшіруге барады. Сол кезде екеуі Йоконың қойма балконында құлап жатқанын көреді. Комако Йоконың денесін ауыздықсыз өрттің арасынан тысқа алып шығады, ал Шимамура түнгі аспанды бақылап, басы ауған жаққа кете барады.
Осыдан кейін Комако мен Шимамураның қарым-қатынасы қайшылыққа түседі, Шимамура Комаконың өзіне тым жақын болып бара жатқанына алаңдайды, бірақ онымен бірге уақыт өткізу үшін іздеп келуді жалғастыра береді. Пойызда кездескен әйел Йоко өмірінің соңына дейін Юкиоға қамқорлық жасайды, содан кейін ауылда қалып, Шимамура тұратын қонақ үйге жұмысқа орналасады.
«Қарлы ел» Жапон милитаризмі кезеңінде жазылғанымен, роман пойыз, қар тазалағыш құрылғы және қар көшкінінен сақтану аспабы сияқты заманауи өнертабыстарды қамтиды. Кавабата заманауи және дәстүр арасындағы қарама-қайшылықты елемесе де, заманауи өнертабыстарды дәстүрлі Жапонияның бөлігі ретінде сипаттайды. Мұны романның ең басындағы пойыз туралы суреттеулерден анық байқауға болады. Жазушының алғырлығы сонша кейіпкерге жолаушы әйелдің әдемі көздерін пойыз терезесіне түскен сәуле арқылы бақылатады. Пойыздың электр жарығы осылайша дәстүрлі эстетикалық көріністі жеңілдетеді. Түрлі заманауи өнертабыстар оқиға өрбіген Онсен қалашығында өмірдің қалыпты бөлігі ретінде қарастырылады.
Бізге ерекше әсер еткен Кавабатаның паспортына айналған бұл романның басты кейіпкері өз әлемінен шығып, қиялындағы арман аралына саяхат жасайды. Жазушының асқан шеберлігі арқасында кейіпкерлер өз бақытын іздеу арқылы мына қоршаған әлемді елеусіз қалдырады. Шимамураның сапар барысында пойызда Йоконың көзін көргеннен кейінгі әсері мен шығарма соңында өрт кезінде Құс жолына көз салуында бір үнсіз үндестік бар, оны бір білсе, Кавабатаның өзі біледі.
Егер біз осы шығарманы ұстап тұрған үш нәрсе бар десек, олар; адам, жалғыздық және мұң. Автор «Қарлы елінде» өзі сөз еткен және қосалқы көрініс тапқан сұлулықты бейнелеуде мұң элементі сәтті рөл ойнайды. Мұң дегеніміз – кейіпкерлер жан дүниесіндегі мұң, табиғат сұлулығындағы жалғыздық сезімі, кейіпкер Йоконың сыңғырлаған дауысындағы тәтті мұң және бірін-бірі іздеген алуан түрлі жүректер мұңы.
Тони Моррисон. «Сүйіктім»
«Сүйіктім» романы – Америка әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған қара нәсілді жазушы Тони Моррисонның ең жақсы шығармасының бірі. Бұл шығарма 1988 жылы көркем әдебиет саласы бойынша Пулитцер сыйлығын алды. Шығарма құлдықта болған халық ұрпақтарының өмірі, олардың бақытқа, еркін өмірге деген күресінен туған құлшыныстарды сөз етеді. Шығарма Сете есімді қара нәсілді әйелдің азамат соғысына дейінгі кезінен бастап, Цинциннатиде (Огайо штаты) болған уақытына дейінгі өмірін суреттейді. Кейіпкер Сете ол жерде еркін өмір сүрсе де, өзін құл сезінеді. Бір сөзбен айтқанда, ол құлдық өмірінің көлеңкесінен шыға алмай, жанталасады, содан шығудың жолын іздейді.
Бұл роман 1856 жылы Кентукки плантациясынан Роберт және балаларымен бірге қашып, қара нәсілді күң әйел Маргарет Гарнердің бастан кешкен оқиғаларына, солар көрген азап пен мехнатқа негізделіп жазылған. Құл иесі мен құл саудагерлері арасындағы тартыс, құлдықтан қашқан жазықсыз жандардың өмірге деген ынтасы бәрі-бәрі Тони Моррисонның бұл кітабында шынайы түрде баяндалады. Осы романның кейіпкері құлдық қамытын қайта кимес үшін кішкентай қызын өз қолымен өлтіреді. Одан кейін де әртүрлі қорлауды көрген Сете қызының құлпытасына «Сүйіктім» деп жазады.
Роман жарыққа шыққаннан кейін бір жыл өтпей 1987 жылғы Ұлттық кітап сыйлығын жеңіп алды. The New York Times құрастырған жазушылар мен әдебиеттанушылар арасында жүргізілген сауалнама оны 1981 жылдан 2006 жылға дейін америкалық фантастиканың үздік туындысы деп бағалады.
Ал шығармада отбасылық қарым-қатынастар туралы да күрделі көзқарастар бар. Сол кездегі АҚШ қоғамындағы африкалық-америкалық отбасылардың өзіне тиесілі күйзелісін бір роман арқылы жеткізу мүмкін емес еді. Солай бола тұрса да, сол халықтың өкілі ретінде Тони Моррисон осы романды жазып, ақ пен қара қоғамының кезінде қандай болғанын, қазір қай деңгейге жеткенін өзара салыстырғысы келген сияқты. Талай тағдырды талқандап, көптеген азаматтың үмітін үрейге айналдырған құлдық жүйе африкалық америкалықтардың өздеріне, отбасыларына, балаларының жүрегіне ауыр жара салғаны шындық. Жазушы кейіпкерлер өмірін суреттей келе, Сетенің өз қызын өлтіруі оны құлдық өмірден құтқарғаны деген шешімді астарлап жеткізеді. Әрине, түсінген адамға бұл да бір өзекті мәселе. Осылайша, кейіпкердің отбасы өздері өмір сүрген уақыт пен қадірсіз қоғам сияқты екіге бөлініп, өзара тартысқа түседі. Ауыр құлдықта болған адамдар қоғамдық іс-шараларға қатыса алмайтындықтан, олар өз табиғатынан тыс құбылыстарға сенім арта бастайды. Құлдық кезіндегі азаптың кесірінен құлдықта болған адамдардың көпшілігі өткенді ұмыту үшін дөп келген әртүрлі қиындықпен күресті, тағдырдың шимай жолдарында өз іздерін қалдыруға тырысты. Қатыгез тарихтың, солақай саясаттың адам жанына салған жарасының мәңгі жазылмайтынын ескерткен бір кітап болса, ол – осы «Сүйіктім» романы.
Хан Каңның «Ет жемейтін әйелі»
Оңтүстік Кореяның танымал жазушысы Хан Каң 1970 жылы дүниеге келген. Оның атын шығарған «Ет жемейтін әйел» атты романы. Аталған шығарма 2016 жылы Букер халықаралық әдебиет сыйлығын алған. Хан Каңның әдебиетке келуіне әкесі Хан Сын Вонның әсері болғаны шындық, өйткені, ол да жазушы.
Бізге өзгеше әсер сыйлаған «Ет жемейтін әйел» романы кенеттен ет жеуді тоқтатуға шешім қабылдаған үй шаруасындағы Йон Хе туралы әсерлі әңгіме. Оның бұлай істеуіне кенеттен көрген түсі себеп болады. Сеулде тұратын жас келіншек түсінде қанға толы әлдебір қорқынышты затты көреді. Оның бұл тосын шешімі отбасынан және қоғамнан алшақ болуына негіз болады. Роман негізгі «Ет жемейтін әйел», «Моңғол белгісі», «Жалынды ағаштар» деген үш бөлімнен тұрады.
Бұл кітап оқырман үшін кездейсоқ дүние болуы да бек мүмкін. Себебі онда оқырмандардың жеке нанымдарына қатысты тұстары да кездеседі. Тақырыбының өзі кітапқа қызығатын, әдебиетті сүйетін адамды бірден елітіп әкетері сөзсіз. Кейде адамдар өзінің кейбір шешімдері үшін айналасындағы адамдардан, достарынан, тіпті қоғамнан алыстап кетеді. Романдағы кейіпкер де сондай күйді бастан өткізеді. Романды оқып отырып, ең бастысы, адамдардың өзінен басқа біреуге қалай назар аударатыны жөнінде түсінікке ие боламыз. Мұндағы ет жемейтін әйел жеке өмір таңдауы үшін күреске түскен, соған үнемі жіті әрекет ете алатын топтың типтік өкілі.
«The Guardian» басылымы осы кітап жөнінде: «Бұлыңғыр армандар, қайнап тұрған шиеленіс көрініс тапқан. Оңтүстік Корея жазушысының бұл романы өте керемет шығарма» деген баға береді.
Романда ет жемейтін әйелдің күйеуі шығарманың басында мынадай түсініктеме береді: «Ол аз сөзді әйел еді. Тіпті сирек талап қоятын. Мен үйге кеш келсем де ол қабақ шытып, мазасыз күйге түскен емес. Демалыс күндеріміз сәйкес келсе де, бір жерге бірге бару туралы ол ешқашан ойланбайтын».
Романның соңғы бөлімінде Ен Хе психиатриялық ауруханаға түседі. Сол жерде ол өткен істерді ой елегінен өткізеді. Күн өткен сайын оның жағдайы нашарлай түседі. Сонда да ол тамақ жеуден бас тартып, ешкіммен сөйлескісі келмейді. Науқас төсегінде жатқан ол кенеттен сыртқа көз салғанда қара бұлтты қақ жарып ұшқан қара құсты көреді. Мүмкін, ол кейіпкер әйелдің көкке ұшқан жаны шығар?
Атақты «Улисс»
Ирланд жазушысы Джеймс Джойстың модернистік романы «Улисстың» жазылғанына жүз жыл толды. Содан бері бұл шығарма әлемдік өреден түскен жоқ. Романның шағын нұсқалары алғаш рет америкалық «The Little Review» журналында 1918 жылдың наурызынан 1920 жылдың желтоқсанына дейін сериялы түрде жарияланып отырған. Ал толық нұсқасы Парижде 1922 жылы 2 ақпанда Джойстың 40 жылдығында Сильвия Бич баспасынан жарық көрді. Әлемдік әдебиет сыншыларының пікірінше «Улисс» модернистік әдебиеттің ең маңызды туындыларының бірі болып саналады.
«Улисс» Дублиндегі саяхатшы Леопольд Блумның өмірі туралы баяндайды. Улисс – Гомердің «Одиссей» эпикалық поэмасының кейіпкері Одиссейдің латынша атауы және роман Блум мен Одиссейдің, Молли Блум мен Пенелопаның кейіпкерлері мен тәжірибелері арасындағы құрылымдық сәйкестіктермен, поэма мен роман арасындағы параллельді желінің өзара үндестігімен ерекшеленеді. Роман өте астарлы, сонымен қатар ағылшын әдебиетінің әртүрлі кезеңдерінің стильдерін еске түсіреді. Өкініштісі, жазылғанына бір ғасыр өтсе де, бұл роман әлі қазақшаға аударылған жоқ.
«Мысыққа арналған бесік»
АҚШ жазушысы Курт Воннегуттың «Мысыққа арналған бесік» атты романы сатиралық ғылыми-фантастикалық шығарма. Кітапта бір сәтте біз өмір сүріп жатқан әлемді жойып жіберуі мүмкін әрі өте қауіпті қаруды іздеу туралы баяндалады. Ол қарулану жағдайы, технологияны және дінді сатиралайды. Бұл туынды 1964 жылы «Үздік роман» номинациясы бойынша Гюго сыйлығына ұсынылады, жеке кітап болып шыққаннан кейін әлемге кеңінен тарады. Воннегут негізінен шоқтығы биік романдар жазумен айналысқан кәсіби жазушы. Жазушылықпен қатар ол графикалық суретші ретінде де танымал тұлға. Сол үшін де жазушы ғылыми фантастика, қара юмор және сатира жанры бойынша керемет туындыларды жазды. Воннегут осы шығармасында ерік бостандығы мен адамның технологияға қатынасы туралы астарлы сөз қозғайды. Қысқаша айтқанда, «Мысыққа арналған бесік» қырғи-қабақ соғыстағы ядролық жойылу қаупін басты тақырып ретінде алады.
«Шөптер ән салады»
Нобель сыйлығының лауреаты Дорис Лессингтің ең алғашқы романы «Шөптер ән салады» – талайды мойындатқан классикалық шығарма. Бұл – қара нәсілді күңінің қолынан мерт болған кедей ақ нәсілді әйелдің оқиғасы. Романның негізгі бөлігі – Мэридің өмір тарихы. Қара нәсілділер ешқашан Мэри әлемінің бір бөлігі болған емес және ол оларға қатыгездікпен қарайды. Менің ойымша, «Шөптер ән салады» шығармасын жазу арқылы Лессинг адамдар қиялдың күш-жігері арқылы да арман-мақсатына жете алатынына үндейді.
«Көлеңкесіз адам»
«Көлеңкесіз адам» романы 1953 жылы АҚШ-тың көркем әдебиет бойынша ұлттық кітап сыйлығын жеңіп алған тамаша туынды. Авторы - Ральф Уолдо Эллисон. Ол алдымен АҚШ-ты, содан кейін әлемді мойындатқан шын таланттың бірі. 1998 жылы АҚШ-тағы Заманауи кітапхана желісі «Көлеңкесіз адамды» ХХ ғасырдағы ағылшын тіліндегі 100 ең жақсы романдары тізімінде 19-шы орынға енгізді. Кітаптағы оқиғаларды баяндаушы аты аталмайтын қара нәсілді, шығарманы ол өзінің өмір сүру жағдайын сипаттаудан бастайды. Оқиға орнының бірі ретінде қаланың электр желісінен ұрланған қуатпен жұмыс істейтін жүздеген электр шамдары қосылған жер асты бөлмесі суреттеледі. Атсыз кейіпкер өзінің өміріндегі түрлі тар жол, тайғақ кешулерді ой елегінен өткізіп, жастық шаққа қайта бұрылып, оқырманға өз тарихын айта бастайды. Шығарма соңында кейіпкер осы уақытқа оралады, сол арқылы өзі өмір сүріп жатқан қоғамға, кең мағынадан алғанда ортақ әлемге оралуға дайын екенін білдіреді.
«Сәулелі түн»
Күллі әлем тамсана оқыған «Ұлы Гэтсбидің» авторының төртінші романы «Сәулелі түн» деп аталады. Ф.Скотт Фицджеральд не жазса да, махабатпен, сезіммен жазады. Сол үшін де оның шығармалары көптің көңілінен шығып жатады. «Сәулелі түн» романы жас психиатр Дик Дивер мен оның науқасы Никольдің өмірінің керемет сәттері мен қиын-қыстау кезеңдерін сипаттайды. Бұл шығармасында автор өзінің әйелі Зельда Фицджеральд пен өз өміріндегі оқиғаларды әсерлі бейнелейді. Дик маскүнемдікке салынып, ал Николь психикалық ауруға ұшырайды. Басты екі кейіпкер Францияның оңтүстігіндегі мәлім қалашықта вилла жалдап, өмір сүреді.
Бір реткі тосын оқиға Дик пен Никольдің арасын алшақтатады. Өйткені олардың өзіне деген сенімділігі мен достығы сарказмға айналады. Бақытсыздық оларды қуып жетеді. Ал Дик әлеуметтік және отбасылық жағдайларда өзін ұятты сезінеді. Жалғызбасты Николь ең соңында Томми Барбанмен араласады. Роман осылай екі адамның өзара қарым-қатынасынан басталып, тағы соған ұқсас оқиғалармен аяқталады.
«Жел айдағандар»
Америкалық жазушы және журналист Маргарет Муннерлин Митчеллдің «Жел айдағандар» романы сонау 1860-жылдары Американың оңтүстігін шарпыған өзгерістер туралы әсерлі туынды. Бұл шығарманың оқиға желісі 1861 жылғы Азамат соғысының алдындағы күндерден бастау алып, 1871 жылы Джорджиядағы билікті демократтар қалпына келтіргеннен кейінгі сәтке дейін жалғасады. Митчеллдің көзі тірісінде оның осы бір ғана романы жарық көрді. Шығарма ел өмірінің кей деректерін ашуға ниеттенгендігі себепті 1936 жылғы «Ең таңдаулы роман» ретінде АҚШ Ұлттық кітап сыйлығын, келесі жылы Пулитцер сыйлығын жеңіп алды.
Митчеллдің романы сонымен қатар ескі дәуірдегі Американың оңтүстігіндегі қоғамдық жүйеге түсініктеме береді. Кейіпкерлер негізінен бай ақ нәсілділер мен сіңірі шыққан кедей қара құлдардан құралады. Роман бай отбасының адал мүшелері ретінде жұмысқа алынған үй құлдарының қиын жағдайын сөз етеді, солардың үнін қоғамға ашық жеткізгісі келеді.
«Будденбрукс» – бір отбасының тарихы
«Будденбрукс» – неміс жазушысы Томас Маннның жиырма алты жасында жарияланған алғашқы романы. Кітап 1901 жылы жарық көрген. Шығармада төрт ұрпаққа жалғасқан бақуатты неміс көпестері отбасының құлдырауы сипатталады, ондағы адамдардың 1835 жылдан 1877 жылға дейінгі қарапайым тұрмысы мен әдет-ғұрпы нанымды түрде бейнеленеді. Ізденіп көрсек, жазушы Манн шығармаға отбасының тарихын арқау еткен сияқты. 1903 жылы екінші рет басылып шыққан соң, «Будденбрукс» авторына үлкен әдеби табыс әкеледі. Сонымен қатар осы кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы әдебиет сыншылары мен оқырманның назарына ілініп, 1929 жылы Манн осы романы үшін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алды.
Қалай айтсақ та, Томас Манн романдарының ортақ тақырыбы өнер мен бизнес арасындағы тартыс екені шындық. Бұл көрініс біз сөз етіп отырған романда да басым идеялық күш ретінде қарастырылған. Сонымен бірге Томастың бұл туындысында Музыка да үлкен рөл атқарады, кейіпкер Ханно Бадденбрук, анасы, әкесі сияқты сауда-саттықтың адамы емес, суретші және музыкант болуға бейім адам.