Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әбдіжәлил Баб «Қорасан» әулиеге қыпшақ Қожамсүгірдің қатысы

Әбдіжәлил Баб «Қорасан» әулиеге қыпшақ Қожамсүгірдің қатысы


«Жеті, сегіз ата қыпшақтардың бабасы саналатын Қожамсүгірдің бейіті Жаңақорғанның Қорасан ата қорымына жерленген» деп отыратын кезінде Қарнақтағы діни медресені бітірген молда әкем Жексенбай Әбдіраманұлы.
«Қарнақтағы медреседе көптеген қазақ зиялылары оқыған. Солардың ішінде ақындар, Шортанбай Қанаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы және т.б. болған (Қ.С.Э. 522-бет).
Бала кезімде әкемнің аузынан жиі еститін Қожамсүгірдің басына алғаш рет зиярат ету сәті 1978 жылы күзде түсті. Жаңақорған курортының ашылғанына 60 жыл толуына орай 1978 жылы Қазақстан Медицина және денсаулық сақтау тарихы музейінің аға ғылыми қызметкерімен Жаңақорған курортына соқтым. Демалыс күні курорттың бас дәрігері Құлтас Әшірбековке өтініш білдірдім. Кезінде Қорасан ата қорымына менің бабам қыпшақ Қожамсүгір деген кісі жерленген екен. Сонда барып қайтуым керек болып тұр дегенімде, Қорасан ата қорымы ескі замандардан бері келе жатқан қорым. Бұрын онда болмаған болсаңыз білетін кісімен бармасаңыз кімнің де болмасын бейітін таба алмайсыз дегенді айтты. Жаңақорған кентінде сол қорымның шырақшысы ­Ибадулла Байғожин деген кісі бар. Бабаңыздың қай жерге жерленгенін бір білсе сол кісі білер дегендер де болды. Әлгі кісінің үйін тауып алып «Қыпшақ Қожамсүгір деген кісінің бейіті қай жерде жерленгенін білесіз бе?» дегенімде «Білгенде қандай. Ол кісінің бейіті Әбдіжәлил Баб (Қорасан) ата кесенесінің дәл алдында жатыр» деді. «Мен көлік табайын, бірге барып қайтуға қалай қарайсыз?» дедім әлгі кісіге. Жексенбі күні курорттың бас дәрігерінің «Волга» машинасымен, шырақшысы екеуміз Жаңақорған кентінің дария жақ бетін ала Қорасан қорымына қарай бет алдық. Ол кезде бүгінгідей қорымға баратын асфальт жол төселмеген кез. Оның үстіне күріштіктерге жіберілген су қорымға баратын жолды шайып кеткен, батпақ, әрең дегенде қорымға жеттік. Қорымға келген соң, жалғыз аяқ жолмен Қорасанның ескі кесенесіне жетіп, шырақшы әуелі Қорасан атаның аруағына арнап Құран бағыштады. Сыртқа шыққаннан кейін екі-үш қадам жасады да «Сенің іздеп келген бабаңның бейіті анау жатқан» деп Қорасан ата кесенесінен 6-7 метр жердегі бір ескі бейітті көрсетті. Кірпіштен қаланған, үстінде шіріген «ақтықтар» жатқан бейітке «Қыпшақ Қожамсүгір XVII ғасыр» деп мемориалды тасқа жазылыпты. Бала кезімде әкемнен еститін Қожамсүгір баба деген кісінің бейітін алғаш көрген кезімде бұл кісіні неге сонша Қорасан әулиенің кесенесінің дәл алдына жерлеген. Заман түзеліп, ертеңгі күні Қорасан әулиенің кесенесін Самархан, Қоқан, Бұхара, т.б. орта Азиядағы атақты кісілердің кесенелеріндей қалыпқа келтіретін болса, бұл кісінің бейіті тегістеліп кетеді ғой, мына бейіттегі баба сүйегін сол қорымның ашықтау жеріне қайта жерлеу керек қой деген ой келді. Шырақшы: «Қыпшақпыз деген біреулер анда-санда бұл кісіні іздеп келеді. Солардың бірі кейіннен бейітін кірпіштен қалап, атын жазып кетіпті» деді. Астымызға мінген көлік курорттың бас дәрігерінің көлігі болған соң, қорымда көп аялдай алмай, кері қайттық. Қорым сыртында қалған көлігіміздің жүргізушісі де бастық іздеп қалар деп тұр екен. «Қорымға баратын жолдың қолайсыз екенін білгенде бармайтын едім. Аудандық аурухананың «Жедел жәрдем» машинасын сұрап алмадыңыз ба» деген ренішін білдірді. Одан кейін де Жаңақорған курортына әр соққанымда бабаның басына барып, зиярат етіп жүрдім. 1978 жылы алғаш рет Қорасан қорымына соққалы бүгінгі күні баратын жол асфальтталған, электр энергиясы жүргізілген. 1978 жылғы көрінісінен Қорасан әулиенің кесенесі қайта тұрғызылып, еңселі кесенеге айналған. Қорымды бетке алған кісілерге бүгінгі кесенесі бірнеше шақырым жерден көрінеді. Бір ғана өзгермеген 1978 жылы қалай жатса, сол күйінде жатқан Қожамсүгірдің бейіті. Кейінірек біреулер бейітін қышпен қоршауға алған екен. Ол қоршауының ішкі жағына пайдаланған кірпіштері ескі кірпіштен, сырты «облицовочный» кірпіштен қапталған болып шықты. Уақыт өте келе қоршаудың ішкі ескі кірпіштері езіліп, құлаған. Оның үстіне Қорасанға елдің жабатын «ақтықтарын» тас­тайтын орынға айналғанын әр барғанымда байқап, шіріген ақтықтарды қорым сыртына шығарып, өртеп кетіп жүрдім. Өткен күзде Жаңақорған әкімдігінің қызметкері «Аға, мен де қыпшақпын, атым Нұрбол» деген жігіттің көлігімен барғанымызда Қожамсүгірдің бейітін қоршаған қоршауының ішіне сол маңайда жиналған екі зембілдей кірпіштердің сынығын біреулер қоршаудың ішіне төгіпті. Ол кірпіштерді Нұрбол екеуміз қоршауының сыртына шығарып тастадық. Содан кейін әрі-бері ойлап, үстіміздегі жылы мамыр ­айын­да Жаңақорғаннан 7-8 жігітпен бірге барып, Қожамсүгірдің бейітінің қоршауын түгел бұзып қайттық.
Алла жазса Қожамсүгір бабамыздың бейітін ұрпақтарымен қолдан келгенше қалпына келтіруге бел буып отырмыз.
Бәрін айт та бірін айт, Құдай сақтап, үш ғасырдан бері бейіті тегістеліп кетпегеніне Қожамсүгірдің өз аруағы жар болғанға ұқсайды.
Сонымен, кезінде жаны қысылғанда, Қожа Ахмет Йассауидің өзі Қорасан әулиенің басына келіп:
«Уа бабам Қорасан, келдім арасан.
Зиярат етейін десем, сұрасаң,
Мүшкіл ісімді оңынан қылғайсың,
Рахым ете гөр, Бабам Қорасан».
(Арасан ‒ шипагер, емші мағынасында)
Қарақыпшақ Қобыланды жырында:
«Қалың Қыпшақ тізіліп,
Қасына қоныс жарасқан.
Әліп таңба қыпшақтың,
Атағы озған алаштан.
Сексенге жасы келгенше
Бір бала көрмей Тоқтарбай
Қайғыменен қан жұтып,
Ақылынан адасқан.
Шөл иесі сұңқар қиясыз,
Еш нәрсе көрмей дүниеден,
Өткенім деген тұяқсыз.
Тоқтарбайдың зарына
Қалың қыпшақ қайысқан.
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі»
делінетін Әбдіжәлил Баб Қорасан әулиенің мазарының дәл алдында жеті метр­ге жетпейтін жерде бейіті жатқан қыпшақ Қожамсүгірдің Әбдіжәлил Баб Қорасан әулиеге қандай қатысы бар? Осы сұрақты арада 40 жылдай өткенде, Қорасан ата қорымының шырақшылығын саналы өмірінің 50 жылдай кезеңінде атқарған, Әбдіжәлил Баб Қорасан ата әулиеге арналған бірнеше жинақтардың иесі Қожа Ибадулла Байғожин ақсақалдан қайта сұрадым.
– Менің бабам деп отырсың ғой. Қожамсүгір заманында білім іздеп, осы елден Мекке Мәдинаға сапар шегеді. Сол жерде жүріп, өзі қатарлы Әбдіжәлил Бабпен танысып, бірнеше жылдай қарым-қатынас жасап тұрады. Мен қазақ елі деген елден осында ілім-білім іздеп келіп едім, елімді, туған жерімді сағындым. Еліме қайтамын деп жүрмін дейді Әбдіжәлил Бабқа. Содан бірнеше жыл өтіпті. Кезінде Мекке Мәдинада танысқан Әбдіжәлил Баб Сыр еліне келді дегенді естіген Қожамсүгір барып жолығады. Әбдіжәлил Бабтың негізгі мақсаты – Орта Азияға мұсылман ілімін таратушылардың бірі екендігіне көзі жетеді.
Жазушы Сәбит Мұқановың «Халық мұрасы» атты («Қазақстан» баспасы 1974 ж.) еңбегінің «Қажылар шежіресі» атты ­тарау­ын­да: «Енді қожалар жайына келейік. Олар өздерін Мұхаммед Пайғамбардың әулетінен санайды. Мұхаммед біздің жыл санауымыздан бергі 570 жылы туып, 632 жылы қайтыс болған. Мұхаммед заманында Араб түбегіне және оған көршілес Батыс Африканың бірталай еліне Ислам дінін соғыс арқылы күшпен таратқан. Орта Азияға осылай ентелеп кірген арабтардың тұмсығы Қаратауға, одан әрі «Ұлы және кіші» аталатын тауларға тірелген. Жергілікті халықтар көтеріліске жиі шығып, беріспейтін болған соң, араб басқыншылары оларды азғыру арқылы бағындырмақшы болды. Сол мақсатта пайдаланғандары қажылар болды» деп жазады еңбегінде. Орта Азияда, әсіресе қазақ арасында «Әулие» саналатын қожалар бертінде қожырап, қайыр-садақа жинау, үшкіру, дем салу, баланы сүндетке отырғызу сияқты ұсақ «кәсіптермен» айналысты дейді (17-21 беттер).
С.Мұқановты академик жазушы атағына ие еткен бұл еңбегінде қожа аталатын ел аралайтын кейбір кісілердің сол заманда елде жаппай етек алған, шешек «Қорасан» ауруының алдын алуға барынша атсалысқан жандар болғанын, академик жазушы білген жоқ деуге болмас.
1986 жылы 6-9 қыркүйекте Ташкентте өткен шығыстық медицинаның ірі өкілдерінің бірі Әбу-Әли Ибн-Синаның туғанына 1000 жыл толуына орай Ташкенттің Хамза театрында халықаралық медициналық конференция өтті. Сол конференцияға Қазақстаннан сол кездегі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі академик Төрегелді Шарманов бастаған 10-15 ғалым қатынасты. Араларында Т.Шармановтың 1978 жылы ұйымдастыруымен ашылған медицина музейінің аға ғылыми қызметкері мен де болдым. Аталмыш конференция үш күнге созылды. Дүниежүзінің түрлі елдерінен қатынасқан дәрігер ғалымдар бір ортақ шаруаға келгенде таласқа түсті. Ол шаруа түрлі жұқпалы ауруларға, оның ішінде шешек «Қорасан» ауруының алғаш рет уытын «вакцинасын» қай елдің ғалымдары ойлап тауып, елдерінде қолданды деген пікірталас еді. Конференцияда сөз алған батыстың ғалымдары XVIII ғасырда 1765 жылдары ағылшын дәрігерлері Суттон және Фьюстер, 1774 жылы ағылшын фермері Бенджамин Джести, 1791 жылы неміс оқытушысы Питер Плеет дегендер шешекке қарсы «вакцина» ойлап тапты десе, ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер 1796 жылы 3-ші мамырда 8 жасар Джеймс Фиппс деген балаға алғаш рет шешекке қарсы вакцина ойлап тауып екті деген пікірлерін тілге тиек етті. Батыстық медицина өкілдері шешекке қарсы алғаш рет адамға қолданылған тәжірибе сол Э.Дженнердің тәжірибесінен бастау алды деп санайды. Ташкентте өткен сол жолғы халықаралық конференцияда Орта Азия медициналық университетінің медицина тарихы кафедрасының меңгерушісі м.ғ.д, профессор Е.Абдулаев шешек ауруына қарсы алғашқы уыт-вакциналарды орта ғасырларда ойлап тауып, шешекке қарсы қолдана бастаған шығыстық яғни, мұсылман елдерінің дәрігерлері болды дей келе Әбу-Әли Ибн-Синаның 4 томдық медициналық канонында баяндалғанына тоқталды. Сол жылы әлгі өзбекстандық ғалым ол ілімді жалғастырғандардың ішінде Орта Азиялық ғалымдар, қатардағы дәрігерлер де болды. Сондай кісілердің бірі, сүйегі Қазақстанның Жаңақорған ауданының аумағында жерленген Әбдіжәлил Баб «Қорасан» ата аталып кеткен кісі деген сөзін мен түртіп алдым. Өзбекстан ғалымының аузынан Әбдіжәлил Баб «Қорасан» атаның шешекке қарсы ем жүргізгені жайлы естігеннен бері медицина тарихына арналған мақалаларым мен 1986 жылы Түркияның Қайсері қаласында өткен халықаралық медициналық конференцияда жасаған «Қазақтың халықтық медицинасы түркі тілдес халықтардың ежелгі білімдерінің бірі» атты баяндамамды жиналған конференция делегаттарына баяндағаным бар. Осы ретте кейбір естіп жүрген ауызша, жазбаша деректерімде Қожамсүгір заманында Әбдіжәлил Бабтың әскери қолбасшысы болыпты дегенге тарихшы ретінде сенімсіздікпен қараймын. С.Мұқановтың «Халық мұрасы» атты тарихи еңбегінде, басқа да тарихи еңбектерде Мұхаммед Пайғамбардың Ислам дінін өзге елдерге соғыс жүргізу арқылы күшпен таратты деген пікіріне келетін болсақ, Сыр өлкесіне Ислам дінін таратушылардың бірі ретінде келген Әбдіжәлил Бабтың әскерлеріне Қожамсүгір қолбасшы болыпты дегенге, яғни өзге елден келген жаулаушылардың әскерлеріне әскери қолбасшы болыпты деген қисынға келмейді емес пе? Осы ойымды үстіміздегі жылы мамырда Ибадулла Байғожин ақсақалға да айттым. Ол кісі де сенің айтып отырғаныңның жаны бар дегенді айтты. Ибадулла Байғожин ақсақалмен соңғы рет әңгімелескенімде Әбдіжәлил Бабтың кесенесінің дәл алдына біріңғай қожалар ғана жерленетін қорымда руы қыпшақ Қожамсүгірдің жерленуі Қожамсүгір араб елдерінде танысқан замандасы Әбдіжәлил Бабтың әскеріне басшылық жасапты дегеннен гөрі Сыр еліне атбасын тіреген замандасы Әбдіжәлил Бабтың Сыр елі халқына, сол заманда жаппай етек алған шешек «Қорасан» ауруына қарсы егу-қазу жұмыстарына жергілікті жердің азаматы ретінде қолынан келген көмегін аямапты. Сондықтан да сол замандардағы ел бірі араб, екіншісі руы қыпшақ Қожамсүгірді бірге жерлепті дегенді болашақ ұрпақтарына насихаттасақ қалай болады дегенімде «Заманында бірге өмір сүрген екі кісінің анық достығының мән-мағынасын сен пайымдаған болып шықтың» деген пікірін білдірді.
Негізгі мамандығым ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген тарихшымын. Тарихшы болғанда медицина тарихын зерттеуші республикадағы бірден-бір сол саланың маманымын. Менің құрастыруыммен академик Мұхтар Әлиевтің басшылығы әрі қаржыландыруымен жарық көрген «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері» 2003 ж. 18 баспа табақ, «Қазақстан медицина тарихына қатысты маңызды деректер» 2004 ж. 38 баспа табақ еңбектерімде: «Діни сенімдер мен әдет-ғұрыптарға байланысты емдеу түрлері» атты тарауларында халық даналығы аса қатерлі ауру шешек пен оба пайда болып, оның алғашқы белгілері біліне бастасымен, ел арасына тарап кетпеуі үшін ауырған адамды өз алдына бөлектеп, киіз үйдің төбесіне немесе есіктің алдына белгі қоятын. Ауру адамның киімін, ыдыс-аяғын басқа кісінің пайдаланбауын басты назарда ұстаған. Ауру кісінің көңілін сұрай келгендерге ауруының атын атаса, ауруы өршіп, қозып кетеді деген ырымға байланысты атын атамай, үйде «қонақ бар, бос орын жоқ» деп, ыммен білдіруге тырысқан. Шешектің алдын алу үшін шешекпен ауырған кісінің денесіндегі бөртпесінің қабыршағын қырып алып, бұрын ауырмаған баланың мұрнына немесе саусақтарының арасына өткір пышақтың ұшымен шертіп, шешек қабыршағын сызаттың үстіне сепкен, яғни қолдан жұқтырған. Шешектің алдын алудың тағы бір жолы, шешекпен бұрын ауырған баланың көйлегін бұрын ауырмаған балаға кигізетін. Солай еткен жағдайда сау бала шешекпен ауырмайтын немесе ауырған жағдайда шешек жеңіл өтетін. «Бұхарада оқып, шығыс медицинасынан хабардар болған Ахмет Ишан Оразайұлы ел ішіндегі сол замандардағы адам өмірінің арылмас жұты – шешек ауруына қарсы күресуіне тура келеді. Ол үшін қатарлап жіпке тізілген бірнеше инені пайдаланған. Балаларға егетін вакцинаны да өзі дайындаған. Вакцина (уыт) үшін шешектің ең жеңіл «Бесқонақ» дейтін түрімен ауырған кісіден енді ғана қотырланып келе жатқан шешек қабыршағын пышақтың ұшымен ептеп қырып түсіріп, қайнаған суы бар шыны құтыға салып езіп алып, оны өзге сау балалардың сұқ саусағы мен бас бармақтары арасындағы жұмсақ етке әлгіндей инемен еккен. Ахмет Ишан Оразайұлының жасаған осы әрекеттерінен кейін шешек ауруы ел ішінде жойыла бастаған». Бұл ­тарау­ды мақалама енгізіп отырғанда айтпағым, Қоқанда, Бұхарада, Самарханда, т.б. діни оқу орындарын бітіріп шыққан шәкірттер дәрігерлік білімдерден, елде жаппай етек алған індеттердің алдын алу тәсілдерінен хабардар болғандығы жайлы толық баяндалады.
1945 жылы Ұлы Отан соғысынан оралған әкемнің ер жетіп қалған Әбілқас және Амангелді есімді екі баласы шешек ауруынан қайтыс болады. Екі баласынан бірдей айырылған шешем жылап жүргенінде мен 1947 жылы дүниеге келемін. Кіндік шешем «Қарақыз» деген кісі (жатқан жері жайлы болсын), (келіндерінің қойған аты болса керек) шешеме Алла Тағала екі баланың орнына тағы бала берді, жылама, деп атымды ана екі ағамның өтеуі деп Өтеген қояды. Менің де алты айлығымда шешектен ауырып жатсам біздің ауылға Қызылдихан деген елге үстінде ақ киімі, қолында аса таяғы бар, ақ сақалды, дорба арқалаған бір кісі келеді. Кеш батуға айналған кез болса керек. Бір қонып шығуға кімнің үйіне тоқтарымды білмей тұрмын десе ауылдастардың бірі менің әкемнің үйін сілтейді. Кешкі апақ-сапақта үйіне келген кісіні әкем қарсы алады. Ел аралап жүрген кісіге ас әзірлетіп, бірге намаз оқиды. Шешем келесі бөлмеде «шешемнің айтуы бойынша қып-қызыл болып жатқан маған» кіріп-шығып жүргенін әлгі ақсақал байқайды. Мына елде жайлаған атың өшкір ауру «не жүзіңді, не көзіңді, не өзіңді алам» деп келеді екен. Екі баламды жалмағаны аздай алты айлық баламды алады-ау деп әлгі кісіге менің ауырып жатқанымнан хабардар етеді. Шешемнің сол сөзінен кейін әлгі кісі шешемді мен жатқан бөлмеден шығарып жібереді де, дорбасындағы өзі қолдан жасап алған уытын маған ексе керек. «Сол кісі үйге келіп сені емдей бастады. Солай сенің бетің бері қарай бастады. Әлгі кісі үйде екі-үш күн болды. Сол кісінің емінен кейін сен жазылып кеттің» деп отыратын шешем. Аты белгісіз кісіге мен өмір бойы қарыздармын деп санаймын. Дұғамнан тастамаймын. Медицина тарихын зерттеуші маман ретінде шығыстық медицина ғалымдарының аурулардың алдын алу, елде етек алған жұқпалы аурулардың алдын алудағы іс-әрекеттерін, әдіс-тәсілдерін шамамның келгенінше ғылыми еңбектерімде баяндай түсуге бар күш-жігерімді аямай, зерттеумен келемін.
Сөз соңында Жүз жасаған Ж.Жабаев руы албан Райымбекті пір тұтып:
«Қасиетіңнен айналайын Райымбек,
Келгем жоқ аруағыңды сынайын деп.
Бас ием, тағзым етем бір өзіңе,
Тірлікте сиынатын Құдайым», ‒ деген екен.
Құранда, қасиетті кітаптарда ‒ Жаратушы бір Алла. Аллаға ғана сиыныңдар делінеді. Өз басым бір Алладан кейін осы Қожамсүгір мен Есабыз әулиені пір тұтатын.

Өтеген ӘБДІРАМАН,
медицина тарихын зерттеуші, тарихшы-этнолог, қаламгер


05 шілде 2021 ж. 1 059 0