Бұқа баққан қыз
Аяжанмен ұрсысып табыстым. Жас дейтiн жас емес‚ жиырманың жуан ортасындағы қыз екi бұқаның соңынан салпақтап ередi де жүредi. Қолында көк шыбық. Маңдайы жалпиған‚ басы шабадандай төртбұрышты қара қасқа бұқа былшық көзiмен сүзiле қарап‚ стадионның сыртындағы көк шөптi жұлып жеп‚ қасынан бiреу өте қалса сiлекейiн шұбыртып сәл кiдiрiп‚ қайтадан көк шөпке құныға бас қояды. Мүйiзi тұқыл‚ маңдайы қасқа екi бұқаның екеуi де тарттырылмаған‚ кей-кейде қызыл iстiгi бiздей үшкiрленiп‚ тәнiнен қиғаштай шығып‚ көзге алабөтен көрiнiп қалады.
Стадионның айналасы қаз-қатар тiзiлген қара ағаш. Осында оқитын оқушылар еккен. Мынау қазақ-түрiк лицейi. Стадион солардiкi. Аяқдоп ойнаған балалардың қимылы ширақ. Ойындары ойландырады. Қазақ пен түрiк командасы жарыста. Түрiк жағы кiл түрiкше‚ қазақ жағы орысша айқайласып‚ қызу сайысқа түскен. Есеп әзiрге 0:0. Кiм жеңер екен?
Мен болсам‚ қолыма көк шыбық ұстаған талдырмаш қазақ қызымен тiлдесiп тұрмын.
– Неге бұқаңды ағашқа жаясың?! Неге жасыл жапырақты жегiзесiң? Осы талды еккен мына балалар. Ертең сенiң балаң да саясына жатады…
– Менде бала жоқ. Болмайды да.
– Құдайдан үмiтiң бар қыз шығарсың. Болады десең‚ болады. Олай асылық сөйлеме.
Қыз көк шыбығын майыстыра көтерiп‚ бұғағы салбыраған қара бұқаның бiреуiн жамбастан салып жiбердi. Ол мәнзүр қылған жоқ. Сосын қара ағаштың қара жаңбырдан кейiн бүршiк жарып қылтиып келе жатқан жапырағын арандай ашқан аузымен сыпырып бiр-ақ асаған қара бұқаның қасқа маңдайынан шып еткiзiп салып жiбергенде ол көзiн сүзе бiр қарап‚ басын керi бұрды.
– Қошқар баққан Байеке ақынды естiп едiк. Бұқа баққан қандай қызсың өзiң?! Неге үйде ұстамайсыңдар?!.
– Үйде ұстаймыз. Жемнен бас алмайды. Қожайын кешке бiр ауық көк шөпке жай‚ тiлi сергiп‚ сiлекейi шұбырсын деп жiбердi. Бұл – қожайынның бұйрығы.
– Сонда… сен оның кiмiсiң?
– Бұқа бағушысымын‚ – деп қыз аузын басып жымысқылана күлдi де‚ маған жалт қарады. – Бұрын пәтершiсi едiм‚ қазiр қатынымын.
– Жасың?..
– Жиырма екiде…
Көкiрек шiркiннiң кiлт-кiлт еткен болжамы алдамапты. Ауылдың қызы‚ оқуға не жұмыс iстеуге келген. Бәрi белгiлi ғой.
– Қожайының?..
– Қатыны өлген орыс. Баласы анау доп қуып жүр‚ – дей бергенде‚ бiр-бiрiне шүршiт тiлiнде тiл қатып дабырласып жүргендер шу ете қалды. Гол! 1:0. Қазақтар жеңiп тұр. «Ура! Молодец! Снайпер! Нех… себе!» деген көкiректi кернеп шыққан қуанышты дауыс естiлуде. Түрiк жағы үнсiз. Бiрақ‚ қимылдары құмбыл. Әне‚ кiл өз тiлдерiнде кiжiнген алабажақ толқын алға қарай лап қойды. Олардың киiм үлгiсi алабажақ болғанмен тiлдерi ала-құла емес. Гол! Демде есептi теңестiрдi. «Аллажар!»‚ «Аллажар!» деп құшақтасып‚ төс түйiстiрiп жатыр. Бұл жерде жеңiп тұрған аяқ күшi емес‚ Алланы ауызға алған тiлдiң құдiретi секiлдi.
– Қой‚ кетейiк. Шал iздеп қалар. Шу!
Әудем жердiң көк шөбiн тiсiмен жұлып жеп‚ тықырлап тастаған бұқаның бiреуiн көк шыбықпен жамбастан сарт еткiздi. Ол әукесi салбырап қыздың алдына түстi.
– Қожайының нешеде?
– Алпыс екiде. Қырық жас үлкен. Әлi жiгiттей…
Қыз күлкi буып төмен қарады. Бар бәле қазақ қыздарының өзiнен. «Тана көзiн сүзбесе‚ бұқа жiбiн үзбейдi». Өздерiнiң көңiлi бос‚ омырауы ашық. Көкiректерi кең жайлау. Сосын уақыт пен қоғамды кiнәлап‚ жаһандануды алға тартып‚ өмiр сүрудiң жаңаша әдiс-айласының алдында жүредi. Саинның бойы да көңiлi бос қыздардың мекенi.
– Шу!
– Ертең кел!..
– Қожайын жiберсе…
Стадион шу ете қалды. Шүршiтше сөйлегендер бас шайқап‚ бiрiн-бiрi ерекекше боқтап‚ жерден алып‚ жерге салып сыбап жүр. Қақпасында тулаған теңбiл доп қақпа сызығынан шығып‚ беталды дөңгелеп барады. Алабажақ жақ «Алла! Аллажар!» деп тәңiрге сиынып‚ төс түйiстiрiп‚ алақан қысысып әлек. Олар гол салды. Олар жеңдi.
2
– Ертең тағы ойнаймыз‚ – дедi қазақтар.
– Ойнасақ ойнайық‚ – дедi түрiктер.
Ертеңiне тағы ойнады. Екi жақ та қарқынды‚ қызу. Бiздiң жақтың да намысы жетерлiк‚ бiрақ кiлең жасөспiрiм қазақ өз тiлдерiнде жақтарын ашпайды. Балалардың тiлi лас. Әкенi‚ ананы балағаттаған‚ көшедегi жүлiктер айтатын кiрлi сөздердi доп қуып жүрiп шабыттана ауыздан шығарғанда қарап тұрып жағаңды ұстайсың. Түрiктер жағы да балық үлестiргендей улап-шулап жүрсе де кiл өз тiлi‚ өз сөзi.
Қазақтар гол салды.
– Зае… с !
– Нех… себе!
– Снайпер! – Ең соңғы осы сөз ғана мергендiктi меңзейдi.
Түрiктердiң көп сөзi түркi тектестерге түсiнiктi. «Алла!» «Аллажар!» дейдi көбiне. Мұсылман жұртына Алла ортақ.
Мектептiң бұрышынан маң-маң басқан екi бұқаның маңдайы көрiндi. Аузынан сiлекейi шұбап‚ қызыл тiлi салақтап‚ көк шөпке бас қойғанша асығып келе жатқан түрi бар. Екi бұқаны кеше жек көрсем де‚ артындағы Аяжанды көрiп, бүгiн қуанып кеттiм. Көк шыбықты қолына қыса ұстаған. Бұтында әппақ шалбар. Үстiнде де әппақ шолақ жең «футболка» деп атайтын жейде. Бөкселi‚ бәдендiлiгi‚ санының мiнсiз толықтығы тар шалбардан көз құртына айналғаны айтары жоқ ақиқат. Тырсиған қос анарын да тар жейде қамап ұстап тұрғандай. Жалпы‚ қыздың сұлулығында мiн жоқ. Кiрпiгi ұзын‚ иегi сүйiр‚ мұрын ұшы да үшкiр. Табиғат берген тартымдылығы жетiп артылады. Бiрақ‚ осындай туабiттi тартымды әйел баласынан кiндiк қаның тамған жерiң қайда‚ өзiңнен қырық жас үлкен еркектiң қолына қалай түстiң деп сұрағым келмедi. Бұл қазiр барлық қазақ қыздарына ортақ тағдыр.
– Алла! Алла! – Түрiктер қақпаға жақындағанда Көктен көмек тiлейдi.
– Гол!
– Аллажар!
– Аллажар!
Түрiктер гол салды. 1:1. Ойын бұрынғыдан да қыза түстi. Екi жақ та тегеурiндi. Екi жақ та жеңiлгiсi келмейдi. Қазақ-түрiк лицейi болғасын мұнда екi жақтың да балалары оқиды. Бұл тәуелсiздiкте қол жеткiзген жетiстiгiмiздiң бiрi. Мұндағы түрiк балалары қазақ тiлiн оқиды. Тәп-тәуiр сөйлейдi де. Бiрақ‚ олар көбiне қазақ сыныптастарына қарайды. «Әуелi сендер сөйлеңдер‚ бiз ешқайда қашпаймыз‚ бiз сендердiң жерлерiңде тұрып тiлдi үйренбей қалмаймыз» дейтiн көрiнедi. Бiздiң балалар бұл сөзге мән бермей үзiлiс арасында‚ осындай жарыстарда өз тiлiн ысырып қойып‚ үйренген орысшасын айтады. Ал түрiктер болса тек өз тiлiнде тiл қатады. Олар мәулет айында ауыз бекiтiп‚ ораза ұстайды. Күнде кешке мектеп асханасындағы ауызашарда ауызын бекiтпеген бiздiң балалар сықай толып отырады. Жәй отырмай ай бойына оларды «Зактырая рота» деп келемеждейдi. Оларға «қой дер қожа» жоқ. Арада осындай шиеленiс бар. Бүгiнгi жарыста да сол ыза мен өшпендiлiктiң салқыны байқалады. Бiр-бiрiмен иықтасып‚ итерiсiп‚ аяқтан шалулар көрiнiп қалады. Ең жаманы‚ бiздiң балалардың тiлi ала-құла. Күш жеңбейдi‚ тiл жеңедi ғой мұндайда.
– Осылай бұқа бағып жүре бересiң бе?
– Бұл көрiп отырғаныңыз екi-ақ бұқа. Үйде бiр бұқа бар. Ол ең негiзгiсi‚ – деп жымың ете қалды. – Анау қазақтар жағында доп қуып жүрген соның баласы. Бұрынғы әйелiнен. Бұрынғы әйелi қазақ болған. «Сендердiң иiстерiңе үйренiп қалдым» деп‚ менi пәтершiлiктен әйелдiкке алды. Әйтеуiр‚ тамағым тоқ‚ жатар орным тегiн. Төрт бұқаны бағып өмiр сүрiп жатырмын.
– Баласы қалай?
– Бұрын аздап қазақша сөйлеушi едi‚ мына мектепке түскелi – ұмытты. Ондағыларға қазақ тiлiнiң керегi жоқ дейдi. Қазiр ол тiлсiз бұқа.
– Балаң бар ма?
– Екi рет түсiп қалды. Ана қақпас түсiрмей қоя ма. Өзi де бағып отырған бұқасы секiлдi. Алпыстан асса да таңды таңға ұрып‚ тауды бұзып‚ тасты жарады.
Менiң алдымда жиырма екiдегi құмардан қайтпаған келiншек емес, өткенiн түс көргендей аңсап‚ тiсi түсiп‚ тiлi күрмелiп‚ сөйлей алмай отырған қақсал кемпiр тұрғандай көрiнiп кеттi. Әйтсе де‚ әжiмiн көлегейлеген кекседей бар мұңын әзiлмен бүркемелеп тұрғаны байқалады. Сiрә‚ анасының жатыры кең‚ тоғыз ай жатысы жайлы болса керек. Анаң кiм‚ әкең кiм‚ туған жерiң қайда деп тағы да сұрамадым.
Аяжан шынында сұлу екен. Бөкселi болғанымен белi қылдырықтай жiңiшке. Анау алпыстағы найсап осының бәрiн көрiп‚ бiлiп‚ кiсен сап отыр-ау. «Қазақтың иiсiне үйренiп қалдым» дептi. Қазаққа кетәрi болған ешкiмдi көрмедiм. Қазақ қайда жүрсе де таза қан‚ кең пейiлiмен өзiне тартып тұрады. Ал‚ мына қыз ақылсыз емес. Бiр күнi бәрiн тастап қашып кетер.
Екi жақ бiрiн-бiрi ала алмады. Есеп 1:1.
– Он бiр метрден бес доп ұрамыз‚ – дедi түрiк жағы.
– Ұрсақ ұрамыз‚ – дедi қазақ жағы.
Түрiктер төрт доп‚ қазақтар үш доп кiргiздi. 4:3. Тағы да есеп тең болар ма едi‚ төртiншi допты «мен ұрамын‚ жоқ‚ мен ұрамын» деп‚ екi бала мәмiлеге келе алмай таласып‚ бiр-бiрiне қол жұмсап‚ мұрын бұзып төбелесiп‚ ақырында екеуiне де бұйырмай‚ капитанның өзi теуiп‚ бар мүмкiндiктен айрылды. Кiргiзе алмады. Түрiктер «Аллажарлап» төс түйiстiрдi. Қазақтар былапыт сөзбен боқтасып‚ үйлерiне қайтты. Әлгi он бiр метрлiк допқа таласқан екi бала жолай тағы да төбелеспей қоймайды. Соңы өмiрлiк өшпендiлiкке ұласпаса неғылсын. Осылар қаршадай басымен ұят-аятты жинап қойған осыншама арсыздықты қайдан үйрендi екен?
– Қой‚ мен қайтайын. Бiреумен көп сөйлесiп қойдың деп бұқам өзiме көз алартып жүрер. Ондай жағдай болған. Жем берiп жүрiп қожайынмен шүйiркелесiп қалып едiм‚ мүйiзiн ала ұмтылды. Қораның сыртына қашып шығып үлгердiм.
Ай қақ төбеге қонақтапты. Жаңбырлы көктемнiң жылуы да кеш келдi. Аяжан екi бұқаны алдына салды. Ертең келесiң бе деп айта алмадым. Мынау қара жердiң тақырланып қалған көк шөбi екi бұқаның аузында кетiп‚ асқазанында бөгiп жатыр. Онан шыққан қоқыр-соқырды жинайтын да осы қыз.
– Доңызханаға ет керек ейдi. Тезiрек өткiзсе екен‚ – дедi бұрылып бiр қарап.
Қос бұқаның алдына түссе мүйiзiн ала жүгiрер‚ көк шыбығын шошаңдатып артында жүре берсiн. Ақ шалбар‚ ақ жейделi‚ көк шыбығын анда-санда шошаң-шошаң еткiзген қыз маң-маң басқан тiлi жоқ‚ тылсымы күштi жануардың артында көзден алыстап барады. Жылап бара жатқан секiлдi. Мен оны сiлекейi шұбырған жануардан‚ үйiнде кездiгiн саптап күтiп отырған қожайыннан қызғанатын секiлдiмiн. Қызғанғаннан не пайда. Ән салғым келедi.
…Қарындастан айрылған жаман екен‚
Екi көзге мөлдiреп жас келедi…
Соңына «А-у-у!» деген күңiренiстi қостым. Қазақ өкiнiшiн әнмен жеткiзiп‚ қолын мезгiлiнен кеш сермеген ғой. Анау алыстап бара жатқан қыз бен Мен солардың нақ өзiмiз.
3
Стадион бос. Абыр-сабыр‚ у-шу жоқ. Жеңiлiп қалған бiздiң балалардың ұнжұрғасы түсiп‚ жеңiске жеткен түрiктер сабақта масайрап отырған болар. Осы жер – осы стадионда өзiмiздiң балалардың бiр жеңiсiн жанымды алға сап отырып көрудi армандаймын.
Мектеп бұрышынан екi бұқаның дөңкиген басы мен тұқыл мүйiзi емес‚ Аяжан шыға келдi. Жүрiсi жалт. Кешегi киiм үлгiсi. Бәрi де тал бойына жарасып тұр. Жақындағанда көзiме анық көрiндi – бет-аузы көкала қойдай көкпеңбек. Көзiнiң астында бармақтай жара.
Әлгi доп қуған жүгермек «Сақалды қазақпен екi күн сөйлестi» деп‚ айтып қойыпты. Көресiнi Адам-бұқадан көрдiм. – Жымиған болды. Сұлу жымиыстың астында мұң жатыр. Күлкi-арсыз мұңды бүркей алмайды. Мұңды мұң ғана жабады.
– Неге кетiп қалмайсың?
– Бұқаны өткiзейiн деп жүрмiз. Баққан ақыңды берем дейдi.
– Ақшаны мен берейiн.
– Жоқ‚ бiреудiң жылы ұясына қонғым келмейдi. Қарлығаштарыңыз аз емес шығар.
Тiлi мiрдiң оғындай. Кеше таяқ жеп‚ бүгiн тiлiмен шағып тұр.
– Осыны айту үшiн келдiм. Сiз күтiп қалмасын деп…
Ол бұрылып ап жөнiне кеттi. Жылап бара жатқан секiлдi. Жоқ‚ жылай қоятын қыз емес. Бiздiң қыздар жыламайды. Бiздiң қыздар жыламайды деп‚ Мәншүк пен Әлияны алға тартамыз. Жанпидаға бара жатқан Адам жыламайды деп кiм кепiлдiк бере алады?
Ол жылап барады. Көзiнен жас шықпас қайсар болса да жаны жылап барады. Анау екi бұқаның басын балтамен бiр-ақ шапсам ба екен. Қасындағы екi Адам-бұқа ше? Заң да‚ зәкүн де солардың жағында. Тезiрек семiртiп‚ доңызханаға етке өткiзiп‚ ақшасын Аяжанға алып берiп‚ қашырып жiберсем. Бiрақ… Осы «бiрақ» құртады ғой бәрiмiздi. Өз жерiмде тұрып бәрiне қол қысқа. Жақсылыққа келгенде қолы ұзын еркек құрып қалған қандай заман. Қолы ұзындардың бәрi Тәңiртаудың басында‚ қолы қысқалар – түрмеде. Тәңiртаудың төбесiнен оқ атқандарды тауып көр. Оны мен түгiлi‚ иiсшiл iзкесерлерiң де таба алмайды.
Осы жерге күнде келемiн. Аяжан әйтеуiр бiр келер деп күтiп жүрмiн. Әзiр жоқ. Әлде бұқаны өткiзiп‚ ақшасын алып‚ қашып кеттi ме екен? Қазақтың қызы қашып қайда барады. Барар жерi «Шаңырақ» па?
Ертең бiздiң балалар түрiктермен ойнайды дейдi. Жеңетiн шығар. Аяжан да келiп қалар. Келмесе‚ қожайынның баласынан сұраймын. «Әкеңе айтып барсаң басыңды жарамын» деп қорқытамын. Қол қысқа деп жүре беремiз бе?
Екi бұқаның тiсi тиген жерге тағы да таспашөптей қылтиып көк қаулап келедi. Әлi-ақ жетiлiп кетедi. Ендi бiр ақ жауын себелеп өтсе‚ бұ жердiң көгi тобықтан кеп толысып жатады. «Шыда. Шыдамды қазақ» деп өзiмдi-өзiм жұбатамын. Жарыс өткен жерге қаны бар жайсаңдардың бәрi жиналады. Аяжан да келедi. Қожайынның баласынан ести сап жанұшыра жүгiредi.
Тек қара бұқаны алдына салмай жалғыз келсе екен…
Қуандық ТҮМЕНБАЙ