Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бойдақтың бір күні

Бойдақтың бір күні

Ол бүгін де ерте тұрды. Жасы қырыққа жақындағасын ба ұйқысы қаша бастаған екен. Ерте тұруын тұрғанымен ештеңеге зауқы соқпады. Асығыс жуынып, жан дегенде жалғыз досы Досболдың үйіне барды. Ертіп алып балыққа барғысы келіп кетті. Досболдың қатын бала-шағасы есіктің алдында жүр екен, өзі әлі ұйықтап жатқан көрінеді. Әкеңді оят деген тапсырма алысымен үш баласы «мен-мен» деп ұрандаған күйі үйге ұмтылды.
Сәлден соң, «әке ғанаңның аузылары-ай, ұйықтатпадыңдар ғой!» деп, балаларына гүр еткен досы сыртқа шықты. Бір баласы бақадай жабысып арқасында, екі баласы екі қолына асылып, шиқылдап күліп, мәз болып келеді. ­Досбол өзі қапсағай денелі, қара жұмысқа қарулы қара жігіт. Жұмысты қалай істесе тамақты да солай опыратын. Әкесінен аумай қалған үш баласы да қомағайдың нақ өзі. ­Досболда арнайы білім мен тұрақты жұмыс жоқ. Маңдай тері сорғалап тапқаны тамағынан артылмайды. Қатыны бір мыңболғыр болғанымен шаруаға салақтау. Бірақ екеуі де ақ көңіл. Алайда досына да оның жұбайына да көңілі толмайды. Сонда да осы үйге келгісі келіп тұрады. Келеді де ойлайды. Бұлардікі не өмір?
Аяғынан тартқаны жағасына жетпейді. Үш бөлмелі үйдің ішінде шыж-быж еткен қатын, у-шу еткен бала шаға. Досболды бала кезінен біледі. Тартымсыз да емес, келбетті де емес, бойы еңселі жігіт. Қатыны келін болып түскен күні аппақ аққудай болып тұр еді. Бес-алты-ақ жылда салпы етек сары қатын болды да қалды. Өзі етегіне сүрініп жүріп бұған жаны ашып қоятынын қайтерсің? «Туысқан сіңілім бар, таныстырайын» деп қоймайды. Айтуынша сіңлісі жан біткеннің сұлуы. Сіңлісін қатты мақтай бергесін бұл да қарап отырмай «Өй, тасташ, ертең-ақ сен сияқты бойы балпиып, қарны салпиып шыға келеді ғой» деп қойып қалған. Сары қатын кәдімгідей ренжіп, сәл үнсіздіктен соң «Осы өміріме де шүкір» деп күңк ете қалған. Одан кейін оған үйлен деп ләм деген емес.
Ол үйленгісі келмегеннен бойдақ болып жүрген жоқ. Қазіргі қыздардан қорқады. Ызылып-сызылып тиіп алып, бір-екі бала туғасын шаптығып, бұны тырп еткізбей байлаулы баспақ қылып қояды. Сау басына сақина тілеп несі бар? Осы өмірі тамаша өзіне. «Әй жоқ, қой жоқ, қатын қағынады, балам сағынады» деп тыпыршу жоқ, емін-еркін қыдырып, өз еркі өзінде жүре бермей ме осылай!?
Даңғарадай үйі бар, қызметі бар, көлігі бар. Артық бас қатырудың не керегі бар?
... Досбол екеуі күріштіктің зброс каналына барып қармақ салды. Досбол майда шабақты жемтік қылып, «закидушка» лақтырды.
Балық аулау соншалықты қызық болмады. Кілең майда ақбалықтар ғана. Ірі балық қаппайды. Тоқпен ұрып құртқан да ірі балықтың бәрін. Ол бір демалыс күнінің зая кеткеніне күйініп, қайтайық деді.
Досбол: отыра тұрайық, балдарға бір қуырмаш түсер, – дейді.
«Өй, бала-шаға деп суға телмірген сорлы-ай..» деді бұл ішінен.
Шамалы уақыттан соң «закидушкаға» жарты құлаштай «жыланбалық» ілінді. Досбол байғұс «бала-шағаның несібесі» деп мәз болды.
Досының үйіне қайта келді. Әшейінде сылбырап қалған сары қатын сумаңдап жүріп аршып-тазалап, балықты қуырып берді. Жыланбалықтың басын жемейді, әрине. Басынан айырылған балық шолтиды да қалды. Шыжылдатып қуырған балық сұмдық тәтті екен. Бір тілімін жеп үлгерді, қалғаны Досболдың балаларынан артылмады. Тап бір айдаһардың балалары сияқты. Тып-типыл қылды. Досбол балаларынан балық қалмағасын майына нан батырып, пиязын жеп, қара шәй ішіп отыр. Азаннан бергі бейнет-ай деп, бұл тұрды да кетті. Сол кеткеннен мол кетіп, орталықтағы мықты кафеден бірақ шықты. Балыққа молынан тапсырыс берді. Дәмдеуіштер мен салатын қосып, тапсырған балығын әкеліп берді. Құлшынып келгенмен сүйсініп жей алмады. Досболдың үйінде жеген балықтың дәміне жетпейтіндей. Сонда сары қатын балықты мықты қуыратын болғаны ма? Алдындағы асына қарағысы да келмей, енжар күйде ауылына қайтты...
Түн жарымға дейін төсегінде аунақшып, ұйқысы келмеді. Кенет терезесі тарсылдай жөнелді. Жүрегі су етіп, сыртқа атып шықты. Досболдың балалары бақырып жылап «көке, үйге жүріңізші» деп тұр.
Аяқ киімін шала киіп тұра жүгірді.
Досының үйіне кіріп барып еді, сары қатын соғыстан келгендей күйеуінің басын таңып отыр. Досы көзі сығырайып «ештеме етпейді» деп ол жатыр. Қара шайдан баса ішкен досы түн ортасында дәрет сындырам деп, ұйқылы-ояу жүріп, сүрініп-құлап шекесін сәл жарып алған екен. Өзі өгіздей жігіт құлағанда да гүрс етіп оңбай түскен ғой. Абырой болғанда сары қатын оянып байын іздеп, байының жайын көріп, байбалам салып, балаларын оятып бұған жіберген екен. Мән-жайға әбден қаныққан соң ол қатты ренжіді.
Досының жарасының бәлесі де жоқ. Болмашыға ұлы ойбай жасап. Не өмір мынау?
Мұның түсінігінде өмір деген тып-тыныш болу керек. Мұндай ызғын-шу тіршілік ұнамайды. Досбол мен сары қатын бүгіні өтсе болды, ертеңінен ештеңе күтпейтіндей көрінді. Енді бұл үйге бас сұқпаспын деп өз үйіне қайтты. Үйіне келіп жатқасын да ашуы тарқамады. «Сары қатынға не жоқ, болмайтын нәрсеге бола дүрліктіріп... бала-шағасына не жоқ, көздерімен қоса мұрындарының сорасы ағып... әкешім-әкешім. деп... Досболға не жоқ, айдың күннің аманында құлап... әй, бірақ «күлме досқа келер басқа» дейді ғой...мен де құлап қалып жүрмейін... әй, тоқтааа... сонда мен құласам? Егер де жазатайым мен құласам... Кім сүйейді мені? Кім жарамды таңады? Кім мен үшін әкешім деп шырылдайды? Сонда... сонда... мен босқа өмір сүргенмін бе? Білдім... түсіндім... мойындаймын. Мен қорқақпын. Мен қыздардан да қорықпағанмын. Мен өзімнен қорыққан екенмін. Жауапкершіліктен қорыққан екенмін. Өзімдегі мінді өзгелерден көре беріппін. Негізі Досбол мен сары қатындыкы дұрыс екен-ау... Олар ертеңінен үлкен үміт күтеді екен. Ол үміт балалары. Мен ше?»
Таңға дейін көз ілмей, ойланып ақыры досының үйіне қайта барды. Осы күнге дейін көзіне «бардак» болып көрінген үйде бір береке бар секілді. Сары қатын әдетінше түк қатырмаса да сыртта жүр.
Қатырғанда не қатырсын?
Сауатын сиыр жоқ, үйіліп тұрған жуатын киім жоқ.
Тікелей досына кіріп барды. Досбол басындағы қатыны таңып берген дәкесімен ақбас аю құсап керіліп, қорылдап ұйқыны соғып жатыр. Үш баласы қоңыр қонжықтар секілді бірі әкесінің мойынынан құшақтап, бірі қолтығына басын тығып, ең кішкентайы әкесінің кеудесіне асылған күйі пысылдап жатыр.
Мына жүгермектер оянса «беспредел» басталады-ау деген ойын бірден «мереке бас­талады» деп өзі жөндей қойды.
Ақырын сыртқа шығып сары қатыннан «Әй, әлгі таныстырам деп қоймай жүрген сіңілің желпілдеп қалған жеңілтек емес пе?» деп сұрады. Сары қатын таңдана қарап, мырс етті де «қандайға лайықпын десең, сондайға тап боласың» деді.
«Өй, сен де бір білгішсініп қалады екенсің. Одан да сіңіліңді келер демалысқа ауылға қонаққа шақырмайсың ба?» деді ол...

Әл-Фараби Бекарысұлы
29 наурыз 2021 ж. 844 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930