Әке – асқар тау
Қазақ халқының өткеніне, бітім-болмысына көз жіберсек біздің тарихымыз тым тереңде жатыр. Қазақтың мақал-мәтелдерінің екі томдығын алып оқысаңыз, ол 500-600 жылда жиналған ой-пікірлердің жиынтығы деуге әсте келмейді. Сондықтан тарихшылардың қазақтың «Мәңгілік ел болғанына 30 мың жылдай уақыт болды» дегені шындыққа жанасатын сыңайлы. Біздің мақал-мәтелдерді зерделей отырып, екі мәтелге көңілім толмайды. Біріншісі – «Ұра берсең Құдай да өледі», екіншісі – «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген мақалдар. Бесенеден белгілі Құдайды ұра алмайсың. Екіншісі – әке деген қасиетті, қастерлі ұғымға дақ түсірмейтін әке абыройын асқақтатпайтын деп қабылдау керек сияқты. Өйткені әкені осы өмірдің, жарқын болашақтың иесі, пірі деп білуіміз керек. Әкенің анадан ерекшелігі ол барлық уақытта анаң сияқты айналып, толғанып, еміреніп тұрмайды. Әке іштей езіліп, егіліп тұрады. Сезімін сыртқа ағыл-тегіл шығара бермейді. Тау сияқты паңдығын сақтайды. Шынында, әке асқар – тау, шың биіктігін сезіне білу, әке махаббатын қадірлеу, қастерлеу перзентінің еншісінде.
Мұхаммед (с.ғ.с) «Бірінші ана, ана, анаңды сыйла! Пейіштің кілті ананың табанының астында» дегенімен «Ерін сыйлаған әйелге жәннаттың жеті қақпасы да ашық» деп ер адамның абыройын жоғары қояды. Біздің қазақ әйелдерінің ерекшелігі ықылым заманнан ер адамды сыйлап, отбасында ер адамның абыройын жоғары қоя білген. Кешегі тарихымызға салт пен дәстүрімізге бір сәт көз жібере қарар болсақ қазақ әйелдері жанұяда ерлерінің атын атамай, «Отағасы», «Біздің балалардың әкесі» деп ерекше ілтипат білдірген. Біздің қазіргі ұрпағымызға ұланғайыр даламызды, астындағы ен байлығымен тарту ету үшін ата-бабаларымыз небір қиын-қыстау заманды басынан өткізген. Жоңғар, қалмақ шапқыншылығының небір ауыр кезеңдерін көрген. Алмағайып жаугершіл заманда қазақ әйелдері абыройын асқақтата білген. Ерлерінің аманатына адал болған. Балаларын қорғау үшін отбасында әйел сыртта жауынгер бола білген. Есігінің алдында ерттеулі тұлпарымен бірге найзасы, сауыт-сайманы дайын тұрған. Ерлері майданда болса да, оларды жоқтатпай ұрпағын тәрбиелей білген, аналық жүрегімен әлдилеген. Ерінің аман-есен оралуын Хақтан тілеген. Сол аналарының ақ тілегінің арқасында ерлері аман-сау оралып, ұрпақ өсіріп, өніп-өсіп, осыншама байлықпен әлемнің алпауыт елдерімен иық түйістіре өмір сүріп жатырмыз. Оған шүкіршіліктен, аға ұрпаққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Сол аға ұрпақтың жалғасы келе жатқан ата дәстүрінің бірі – әкені сыйлау, жанұяда әкенің қас-қабағына қарау, қас-қабағымен жүріп тұру әлі де жалғасып келе жатыр. Қазақта «Жеті ағаң жиналып, әке болмайды, Жеті жеңгең жиналып, шеше болмайды» деген тамаша тәмсіл бар. Біз – сол аға ұрпақтың жалғасымыз. Біздің замандастардан, алдыңғы толқын аға-апаларадан үлгі алған жанұяда әкені құрметтеу жалғасып келе жатыр. Жанұяда әкемен бірге дастарқанда асқа отыру, әке кешіксе күту, әкеден бұрын дастарқанға отырмау, тамақ ішілген соң тұрып кетпей әке батасын күту, әкенің көзінше қатты сөйлемеу, дарақыланып күлмеу, әкенің сөзін бөлмеу, әке ақылын аяғына дейін тыңдау, одан қорытынды шығару сияқты қазақи қалпымызды сақтау бар еді. Ал енді әлемтапырық мына заманда бәзбір отбасы-ошақ қасында ұлттық құндылықтарымыз төмендеп, рухымыздың бәсі әлсіреп тұрған шақта жанұяда әке рөлінің абыройы төмендеп бара жатқанын көріп отырып, үнсіз қала алмай, қолыма қалам алып, өзекті өртеген ойларымды, пікірімді жазуға мәжбүр болып отырмын. Көпке топырақ шашып, барлық жанұядағы әкенің рөлі төмендеп бара жатыр деуден аулақпыз. Себебі жанұяда әкені әлпештеп, сыйлап, пір тұтып отырған отбасылар баршылық. Олардан үлгі алған ұрпақтың келешегі кемел болары сөзсіз. Дегенмен көптеген жанұяларда әке абыройының төмендеп, оның келешек ұрпақ тәрбиесіне көлеңке түсіріп отырғанын кімнен жасырғандаймыз. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген тәмсіл бар емес пе? Қоғамдағы әке рөлінің төмендеу себебінің түп диагнозының бірі жұмыссыздық және маскүнемдік. Осы ішкілікке салынудың бірден бір себебі ол, елімізде орын алып отырған жұмыссыздық, ер азаматтардың екі қолға күрек таппай сандалуы, жұмысы жоқ, табысы жоқ ер адам әйелдің алдында төменшіктей береді. Міне, осы кезде ер адамға әйел жағынан үлкен қолдау қажет. «Сен жұмыс істемейсің, басқаның еркектері сияқты табыс таппайсың,мені үлдемен-бүлдеге орап қоймайсың» деп жанын ауыртпай келешектен зор үміт күтіп, балаларының жарқын болашағына сеніп, ер азаматтарына қолдау білдірсе, қанаттандыра білсе, жігерлендіріп, өзіне сенетіндігін айтып, мақтап, қолпаштай білсе, жұмыссыздықтан ұнжырғасы түскен еркектің өмірге құлшынысын арттырарма еді бәлкім? Ер азамат бала секілді. Өкінішке қарай, әйелінен қолдау таппаған еркектің жан дүниесі азады. Өзі тозады. Кейде тіпті бұның соңы ауыр жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін. Күтімі, күйі жоқ еркектердің көбісі белсіздікке ұшырап жатады. Әлсіз еркектен өмірге келген ұрпақта әлсіз, әлжуаз болады. Қазіргі таңда әскерге шақырылған жастардың 80 проценті жарамсыз болып жататыны да осылардың әсері. Елімізде отау құрғандардың әрбір үшіншісі ажырасып жатыр. Бұрын қазақ ажырасуды ар-намыс көретін. Ажырасу некен-саяқ болмаса кездеспейтін. Мүгедек бала дегендер де сирек кездесетін. Атаның абыройы төмендеген, атадан үлгі алатын тәрбие жоқ отбасында дүниеге келген балалардан қандай жақсылық күтуге болады. Осындай келеңсіз тәрбиенің салдарынан қоғамда небір көз көріп, құлақ естімеген, қазақтың әдет-ғұрпында болмаған сұмдық жағдайлар орын алуда. Оларды естігенде денең түршігіп, көңілің құлазиды. Өзінің туған ата-анасын баққысы келмей қарттар үйіне апарып тастау, өздерінің бауыр еті баласын жетімдер үйіне өткізу, балаларын туысымен қоқыс арасына тастап кету, өзінің күйеуін пышақтап тастау сияқты бұрын қазақта болмаған келеңсіз жағдайлар көбейіп бара жатыр. Осы келеңсіз жағдай әрбір қазақты ойландыру керек сияқты. Қоғам дәл осы бағытпен кете берсе, келешек ұрпақтың тәрбиесі қиындап, тіпті біздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға да кері әсерін тигізу мүмкін. Сондықтан «Мәңгілік ел» болып, өз ұлтымызды сақтап қалу үшін тәрбиемізді қолға алу керек.Тәрбиені түзеу үшін қазақтың «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсіліне қайта оралу қажет. Жанұяда тәрбиенің жауапкершілігі әкеден болмаса бала болашағы бұлыңғыр. Ол үшін ер азаматтарға өзінің жанұясында, қоғамда үлкен қолдау қажет. Ер азаматтардың денсаулығына жаппай көңіл бөлу керек. Емханаларда ер азаматтардың денсаулығын жақсартуға, зерттеуге арналған орталықтар ашылғанымен олардың жұмысы сын көтермейді. Елді мекен басшыларымен, қоғамдық ұйымдары тұрғылықты жердегі жанұялардың жағдайын жете зерттеп, жұмыссыз жүрген ер азаматтарға қолдау көрсету керек сияқты. Қазақта «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» деген тамаша тәмсіл бар. Ер азаматтың жұмысы болмаған соң, табыс таппаған соң жанұяда беделі қайдан болады? Қазіргі қоғамда ерлерге қарағанда әйелдердің белсенділігі артып бара жатқанын байқаймыз. Әлеуметті толғандырған түрлі мәселелерді әлеуметтік желіде жалпақ жұртқа жариялап жүргендердің дені әйел заты. Әкімдердің есігін жағалап митинг, тағы басқа шерулерге баратындардың да көпшілігі әйелдер. Осыған қарсы ер азаматтар неге әйелдеріне, отбасына ие болмайды деп кінәлаймыз. Ал бұл жағдайдың түп төркініне үңіліп көрдік пе? Салдардың себебі неде? Әйелдің көше жағалап, митинг, шеру, наразылық танытып, басшылардың есігін жағалап немесе әлеуметтік желіде әкім-қараларды ғайбаттап, қаралап жүргенін көреміз. Еркегін кінәлаймыз. Өзінде тұрақты жұмысы, табысы жоқ ер азамат әйелдің алдында дәрменсіз болатынын білмейміз бе? Осы себептің түп-төркінін түсініп, соған сай іс-әрекет, жоспар қабылдап, әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында жұмыссыз еркектердің санын азайта білсек әйел-ана отбасы, ошақ-қасынан ұзамаса керек. Осылайша жұмысы бар, табысы тұрақты ер азаматын қадірлеп, отбасын гүл жайнатып отырған асыл аналардың арқасында әке абыройы асқақтай берері сөзсіз.
Қорыта айтқанда, әке – өзінің жанұясы үшін алтын көмбе. Алтын көмбе таусылмайтын жан азығы, ар азығы, ұрпақ адаспайтын бағдаршамы, темірқазығы. Әке – асқар тау. Әкеңді ардақтағаның өзіңді, арыңды ардақтағаның дегіміз келеді.
Есіркеп Шәдібеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі