Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспанамыз бармақпен басқарылса...

Баспанамыз бармақпен басқарылса...



Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономи­калық, рухани және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Ауданда халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріліп, кәсіппен айналысу жылдан жылға өсіп келеді. Соның ішінде құрылыс саласы күн санап қарқын алуда. Баспаналар саны артып, тұрғындар тілегінің орындалуы аудан әлеуетін толықтыра түспек.
Нақты дерекке жүгінсек, өткен 2017 жыл­дың 11 айында негізгі қорға 9 млрд. 480 млн. теңге инвестициялық қар­жы салынып, өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 121,1 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 1 млрд. 231 млн. теңге, тиісті кезеңге 54,5 пайыз­ды көрсетіп, оның ішінде, жалпы ауданы 38961 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 131,1 пайызды құраған.
Келбеті күн санап көркейіп ке­ле жатқан ауданда «Нұрлы жер» бағдар­ламасы аясында тұрғын үй құрылысы қолға алынбақ. Яғни, аудандық мәсли­хаттың шешіміне сәйкес аудандық бюд­­жеттен кенттен 18 пәтерлік 4 тұр­­ғын үй құрылысы жобасы бойын­ша жобалау-сметалық құжаттама әзір­ле­ніп, мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тындысын алуға 4 млн. теңге қаржы бө­лінген.
Сонымен, сараптама қорытын­дысы бойынша жобалық құны 825 633 мың тең­гені құрайтын жалпы ауданы 4246,92 м2 болатын тұрғын үй құрылысы бас­талады. Ал, бюджетіне тоқталсақ, республикалық бюджеттен  – 736 551,81 мың теңге, облыстық бюджеттен – 81 839,09 мың тең­ге қаралуына өтінім де тапсырылып­ты.
Бүгінде «Ақылды» технология тіркесі көп аталып жүр және белгілі бір салаларда қолданысқа енді. Біз қаузағалы отырған тақырып «Ақылды үй» жайлы өрбімек.
Атап айтқанда, өмірлік жайлы­лы­ғымыздың өсуі, қауіпсіздік пен үйді пай­даланудағы шығындардың
азаюы. Өйткені, ақылды үйдің сипаты туралы айтар болсақ, бұл байланыс пен жүйелердің едәуір күрделі, жиынтығы тек жайлылықтың ғана емес, сонымен қатар әртүрлі өрт, жарылыс, су басу немесе ұры-қарының үйге түсуі сияқты қауіп-қатерлердің алдын алудың бірден бір жолы екен. Айта берсек, судың ағуын қадағалайтын, ал өрт болған жағдайда оны сөндіру бойынша барлық шараларды автоматты өрт сөндіру жүйе­сінен тұратын, өрттен қорғау секілді  қор­ғаудың бірнеше жүйелерін орнатуға болады. «Ақылды үй» жү­йесі тұрмыстық техникалардың жұмысын басталуы мен аяқталуын бағдарламалау мүмкіндігін береді. Электр энергиясының өзін күннен немесе өзге де табиғи жолмен өндіруге басымдық беріледі. Тізе берсек, артықшылығы көп «Ақылды үйдің» жайлылықтан да бұрын адам өмірінің қауіпсіздігінде де рөлі зор болмақ. Сөзімізді одан әрі сабақтасақ,ақылды жүйе арқылы ойын алаңында ойнап жүрген балаларды бейнебақылау арқылы қадағалауға болады.  Жұмысбасты адамға кейде күнделікті қарбалас заманның ағымына сай болу қиынға соғып жатады. Осындайда жұмыс пен үй тірлігін алып жүру күннен-күнге жеңілдей түспек. Мәселен, асығып үйден шыққаннан кейін ғана «газды өшірдім ба?», «үтікті суырдым ба?», «шәйнекті ажыратып па едім?» деген мазасыз ойлармен ұзап кетсең де үй­ге қайта оралуға тура келеді. Осы ретте электр қуатына қосылып қалған үтік, өшпей қалған газ аталған санат­тағы үйлерге қауіп төндірмейді. Бұлай дейтініміз, қарапайым ұялы телефонның арқасында, үй ішінде болып жатқан әрбір қозғалыстың өзі бақылауда бол­мақ. Ал, үйге кеш оралғанда барлық авто­мат­тандырылған жүйе іске қосылып тұрса, қандай керемет. Тиісті нүктені ғана басып, бұйрық бере аласыз.

Мұндай үйдің иесі болу кімнің де болса, арманы. Иә, армандайық. Армандар орындалады. Себебі, бұл арманның асуын өзгелер бағындыруды бастағалы қашан? Ел­басы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биыл­ғы Жолдауынан соң сіздер мен біздің де басбармақпен басқаратын баспаналарда тұратын күндеріміз алыс емес. Тек, еңбектену керек, іздену қажет.
Осы ретте біздің айтқымыз келгені жоғарыда аталған құрылыс нысанының жұмыстары енді қолға алынатын болған­дықтан, бұл жұмыстың барысы «Ақылды үй» жобасы бойынша жүзеге асса құба-құп іс болар еді. Мүмкін, қыруар қаржыны талап етер. Дегенмен, жоба авторларының дәлелдеуінде аздаған жыл көлемінде өзін ақтайтын көрінеді. Өйткені, бұл үйдің ішінде тек үнем­шілдікке басымдық беріледі. Ақыл­ды технологиялар өмірімізге етене енгендіктен, осынау жоба да іске ас­са, дамудың даңғыл жолына түскен ел ай­на­сындағы  көріністің бірі болмақ.
Дина ӘБІЛАСАН.
04 наурыз 2018 ж. 792 0