Жақсылықты жарнамасыз жасаған
Сәрсенбінің сәтті күні. Сағат тілі таңғы сегізден асып барады. Қолыма ең қажетті деген қойын дәптерім мен қаламымды алып жолға шықтым. Сірә, жолға шықтық дегенім дұрыс шығар. Өйткені, жанымда біз баратын Бала би ауылының әкімі Амангелді Шерәлі бар еді. Күні бұрын хабарласып:
– Сіздердің ауылдарыңызда мешітке көмек көрсеткен кісі бар екен ғой. Сол кісімен кездестіре аласыз ба? – деп айтқан едім. Әкім мырза сөзімді аяқасты етпеді. Тіпті не жөнінде, кім туралы айтып тұрғанымды тақымдап сұрамастан ауылдың атымтай жомартын бірден таныды.
– Иә, иә. Міндетті түрде! Қаласаңыз ауданға барып алып кетейін. Кездесуді өзім ұйымдастырып беремін, – деді әкім. Бұл менің жүгімді жеңілдетпесе, ауырлатпады. Мен де қарсылық танытпай бірден келістім. Себебі, Бала би ауылына таң алагеуімде қатынайтын көлік жоқтың қасы.
Содан не керек, тақтайдай тегіс жолға түсіп зуылдай жөнелдік. Әне барам, міне барам деп кейінге қалдырып жүрген сапарлар жеткілікті ғой. Алайда, осы жолсапарды ертеңге шегермегеніме іштей қуандым. Көлік ішіндегі құлаққа ұрған танадай үнсіздікті пайдаланып, ойымды жинақтап, кейіпкерге қоятын сұрақтарды бір қайтара оқып шықтым. Осы сәтте ойыма ол кісіні мүлде танымайтыным оралды. Иә, мен тап қазір кездесуге бара жатқан жанды бұрын-соңды көрмеген болатынмын. Көрмегенім былай тұрсын, атын да білмейді екенмін-ау. Масқара! Қазір мені жақтырмай, есіктен қуып шықса қайтпекпін?
Осылай ойым онға, санам санға бөлініп отырғанымды, әлденеге абдырап қалғанымды ауыл әкімі сезді ме, мені әңгімеге тартты. Әу баста бірнәрсе деуге ұялып отырған мен, әкімнің өзі сөйлей бастағанда сұрақтарымды қарша бораттым.
– Үлкен кісі ме? – дедім бірден
– Серік Маханов деген кісі. Қазір зейнеткер. Бірақ қажыр-қайраты қаз-қалпында. Зейнетке шықса да, қоғам жұмысына белсенді, – деп жауап берді Амангелді Шерәлі.
Осыдан кейін Серік Маханов туралы әңгіме өрбітті. Ол кісінің сөзге шешендігін, тарихи оқиғаларды, аңыз-әңгімелерді көп білетінін, сондай-ақ өте адал екенін айтты. Әр жақсылығын жасырын істейтінін де сөзіне арқау етті ауыл әкімі.
– Бір сөзбен айтқанда, оның ауыл үшін жасап жүрген жақсылығы жетерлік. Тек бұл істерін тіпті бізге айтуға рұқсат етпейді. Бірақ ел ішінде болғандықтан бір-бірімізден естиміз ғой. Кейбір сауапты істерінен хабардар болсақ, кейбіреулерін білмей қаламыз, – деп әңгімесін толықтырды Амангелді Шерәлі.
Жол бойы кейіпкерім туралы ақпарат алған соң, арқамды кеңге сала бастадым. Іштей «Енді ол кісімен емен-жарқын сөйлесе аламын» деп ойладым. Алайда, діттеген жерге жеткенде ауыл әкімінің сөзі еңсемді түсіріп жіберді. Ол: «Енді өзіңіз көндіріп аларсыз. Өйткені, ол кісі газетке шыққанды жақтырмайды» деп өз ісімен айналысуға кетті. Мен бұрын-соңды табалдырығын аттап көрмеген үйге аяңдап келемін. Мазасыздана бастадым. Ауыл әкімінің сөзі бүгінгі сұхбатқа деген құштарлығымды сөндіріп кеткендей. Бірақ шегінерге жол жоқ. Тілшілік тіршілікпен бір жерге барған соң ақпарат алмай қайтпау керек. Демімді ішке қарай тарттым да, «Саламатсыздар ма!» деп есіктен ендім. Іле-шала өзімді таныстырып, алдымнан күлімдеп шыққан келіншекпен амандастым. Арғы бөлмеден «Келіңіз! Кіріңіз» деп құрақ ұшып, көрпеше төсеп жүрген апаның дауысы естілді. Алғашында көрген екі кісінің көңілді қарсы алғанына қуанып қалдым. Төргі бөлмеге кіргенде-ақ Серік көкемен кездестім. Жүзі жылы, көзі күлімдеп тұр. Басына киген тақиясынан самайындағы ақ шашы көрінеді. Бірақ сол ақ шаш өзінің жасына жарасымды. Тіпті ата деген атаудың абыройын арттырып тұр. Әлгінде ауыл әкімі айтса айтқандай-ақ екен. Зейнетке шықса да, еті тірі, ширақ қозғалады. Мен:
– Көке, сіз туралы естіген соң әңгімелесуге келіп едім, – дедім. Жастықты шынтақтап жатып:
– Ә, тілшімін де. Бауыржан Момышұлы сияқты «Кругом! Марш!» дейін ба? Менде сол Баукең сияқты мақтағанды жақсы көрмеймін. Сендер ертең газетке жазғанда мені мақтап жазасыңдар ғой. Оны мен жақтырмаймын, – деп кесіп айтты. Әп-сәтте абдырап қалдым.
– Көке, жақсылықты жасырғаныңыз жөн ғой. Бірақ жақсылықты айтып, неге насихаттамасқа? – деп көз қиығыммен қарадым. Үнсіз ойланып отырды да:
– Қызым, менің саған мені жазба деуге қақым бар ма? – деп күлімсіреді.
– Жоқ, көке! Өйткені, мен сіздің жақсылығыңызды жұрттың білгенін қалаймын. Өзгелер де үлгі алса екен деймін, – деп әзіл-шыны аралас жауап қаттым. Бір сәтте әңгімесін бастап кетті. Бірден әкесі жөнінде, атасы екеуінің берген тәрбиесі хақында сыр шертті.
– Әкем: «Келген адамға ақты ұсын, бірақ ақысын алма» дейтін.
– Сіздің балабақша мен тұрғындарға ағарғанды тегін тарататыныңыз сол тәрбиенің жемісі ме?
– Иә, өйткені, мен әкемнің солай жасағанын көріп өстім. Мал сойып, ет таратады, ағарғанды сатпайды. Мен сол өсиетті қолдан келгенше орындап жүрмін. Балаларыма ала жіпті аттама, қыздарыма қысқа киме, ұлдарыма елге, халыққа қызмет қыл деп айтамын. Жақсылық жаса, мейірімді бол деуді де ұмытпаймын, – деді алдында тұрған шайды ұрттап.
– Көке, сізді мешіттің имамына зейнетақысын беріп қойған деп естіп едім, – деп ақырын сұрадым. Бір күліп алды, әдеттегідей алдында тұрған шайын да ұрттады, әңгімесін асықпай бастады.
– Ауылдың мешітінде үш айдан аса уақыт жұмыс істедім. Күмбезін өріп, кірпішін қаладым. Бар арманым – жастар осы мешітке кіріп, сәжде қылғанын көру. Сол себептен имамнан ақша емес, бата алдым. Бір күні мешіттің имамы өзгерді. Сол имам ауылда «Жұмысым бар» деп бір кісінің жаназасын шығармапты. Ал ауыл тұрғындары оны ақы дәметіп тұр деп ойлаған. Содан не керек, имамның үйіне бардым да, «Жаназа мен неке қиюды қайтсем де ақысыз қыламын» деп айттым. Айтуын айтып алғаныммен, оны қалай жасарымды білмедім. Сосын екі жылдан кейін зейнетақыға іліктім. Іліккен бойда, ә дегеннен-ақ сол зейнетақыдан бір тиын да алмай, имамның қолына барлық құжатымен тапсырдым. Кетіп бара жатқан бойда «Енді ауылдағы барлық жаназа мен неке қиюды ақысыз жаса, бұл ақшаны мешіттің игілігіне жұмса» деп нықтап айттым. Арада екі жылға жуық уақыт өткен соң, имам қолыма қайтадан құжаттарымды тапсырып, алғысын айтты, мемлекеттен имамдарға ақша төленетінін жеткізді, – деді .
Әңгіме барысында үстелді жағалай отырған адамдардың барлығы үндемей қалдық. Тек Серік көке әңгімесін жалғастыруда. Кейіпкерім көп ісін ашып айтпады. Екі сөзінің бірінде «Әкемнің тәрбиесі» деумен болды. Әрі-бері сұрақ қойсам да, ауыл халқы үшін жасаған жақсылығын жасырып қалды. Бесін ауғанда қайтуға қамдандым. Ауыл ішімен келе жатқанда сұрағымның жауабын тұрғындардан есіттім. Сірә, «Өзің мақтанба, жұрт мақтасын» деген қағиданы ұстанады-ау. Өйткені, көпшілік оның жарынан айырылып, жесір қалған әйелдерге ет тарататынын, ағарғанды ауыл тұрғындарына тұрақты түрде ақысыз беретінін, сондай-ақ бір баланы бауырына басқанын жеткізді. Бұдан бөлек Серік Махановтың тындырымды тірліктері көп-ақ. Портреттік емес, жолсапар очеркінен оқырман Серік ағаның атымтай жомарт екенін ұғынар.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ