48 адамның өмірін арашалап қалған азаматқа уәде етілген пәтер берілді ме?
Бір айдан астам уақыт бұрын Семей-Новосібір бағытында кетіп бара жатқан автобустан өрт шығып, семейлік азамат – Ержан Амарханов автобус ішіндегі 48 адамның өмірін ажалдан арашалап қалғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Сол оқиғадан кейін шенеуніктердің бірі көзсіз ерлік жасаған кейіпкерге пәтер алып беруге, тағы бірі жұмыс тауып беруге уәде берген-ді. Тілші кейіпкердің өзімен кездесіп, оқиға қалай өрбігенін және бүгінгі жағдайы қалай екенін біліп қайтты.
Оқиға желісі...
Биыл 4- тамызда Ержан Амарханов көлік сатып алу мақсатында «Семей – Новосібір» бағытында автобуспен кешкі сағат 19.50-де жолға шығады. Түнгі сағат 3.20-да қоғамдық көлік Алейск қаласына жақындап қалған. Бұл кезде барлық жолаушы қалың ұйқы құшағында жатқан. Кенет автобустан өрт шығып, лезде лаулай бастайды. Мұны байқаған жалғыз адам болды. Ол – семейлік Ержан еді.
«Алаңсыз ұйықтап жатқанымда орындығымның асты жып-жылы болып кетті. Көзімді ашсам, астымда от жанып жатыр. Бірден жүргізушіге жүгіріп барып, автобуста өрт шыққанын хабарлап, көлікті тоқтатуын сұрадым. Ол менің сөзіме сенбей қойды. Ал екінші жүргізуші болса – терең ұйқыда. Көп кідіруге болмайтындықтан, жүргізушіге жұдырық жұмсауыма тура келді», - дейді ол.Осыдан кейін ғана жүргізуші автобусты тоқтатқан.
«Ал қайтадан орныма келсем, қызыл жалын біршама жерді шарпып үлгерген. Жанып жатқанымызды айтып, жанұшыра айқайласам да ешкім оянбады. Сөйтсем, автобустың артқы бөлігінде отырғандардың көбі көк түтінге уланып қалыпты. Ал кейбірі оянып, басын көтерсе де, не болып кеткенін түсінбей отыр. Ал сасқалақтап қалған жүргізуші болса есікті де ашпаған. Жүгіріп барып екі есікті тепкілеп, итеріп, жартылай аштым. Далаға ең алдымен кішкентай балаларды шығардым. Ал жүргізуші өрт сөндіру құралымен тілсіз жауды сөндіріп жатты, бірақ ол әрекеті нәтижелі болмады», - дейді Ержан.Жолаушылардың арасындағы ең кішкентайы 3 айлық сәби болса, ең үлкені – зейнеткерлер еді. Барлығы – 48 адам. Оның 12-сі – бала.
Ержанның айтуынша, автобус небәрі 4 минуттың ішінде өртке оранған. Ал ол жолаушыларды 1 минут 45 секундта құтқарып үлгерген. Барлық адамды сыртқа шығарған кезде автобус толық жанып кеткен.
«Ресейге көлік сатып алу үшін бара жатқан едім. Өзіммен бірге ала шыққан 1 400 000 теңге болды. Жолаушларды сыртқа шығарып жатқан кезде қаражатым жанып кетті», - дейді ол.Шамамен 10 минут ішінде оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, қызыл жалынды ауыздықтады. Барлық жолаушы басқа автобусқа отырғызылып, Барнауыл қаласына жеткізілді.
«Автобус иесі 150 мың рубль ғана қайтарды»
Автобус Семейдегі «Сұлу» автобекетінен шығыпты. Бұл оқиғадан кейін Ержан автобекеттің басшылығына қоңырау шалып, адамдардың өміріне осыншама немқұрайлы қарауға болмайтын айтқан. Бірақ автобустың Ресейге тиесілі екенін жеткізген автобекет қызметкерлері барлық арыз-шағымды соларға айту керектігі айтыпты.
«Әрбір автобус жолға шығар алдында техникалық тексеруден өтуі керек. Ал автобекет басшылығы осы сөзіме құлақ асқан да жоқ. Бірнеше күн өткен соң жанып кеткен ақшамды өндіріп алу үшін автобус иесін іздеп, ақыры достарымның көмегімен таптым. Алайда ол ақшамды түгелдей қайтарған жоқ. Тек 150 мың рублі қолыма тиді», - дейді ол.Ержан 4 баланың әкесі. Үлкені – 16, кішкентайы – 3 жаста. Ресми жұмыссыз болса да, грек-рим күресінен жаттықтырушы ретінде шәкірт тәрбиелеп, жарыстарға апарып жүр.
Уәде сөз жүзінде – бар, іс жүзінде – жоқ
Тамыз айының ортасына таяу Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов Ержан Амархановпен кездесті. Бейбіт күннің батырына ризашылығын білдірген әкім оның өз басын қатерге тігіп, ерлік жасағаны үшін ризашылығын білдірді. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкер «Гордорстрой» ЖШС директоры Бауыржан Қайрамбаев Ержанға ерлігі үшін 1 миллион теңге табыстады.
«Семей қаласының әкімі баспанамен қамтамасыз ететіндігін айтқанда қатты қуанған едім. Себебі отбасымызбен 70 мың теңгеге пәтер жалдауға мәжбүрміз. Сондай-ақ телефоныма хабарласқан «Азия күрес» кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов жұмыс жағымен көмектесетіндігін жеткізді», - дейді Ержан.Ержанның ерлігі туралы отандық басылымдар ғана емес, шетелдік басылымдар жа жазды. Ресейлік танымал тележүргізуші Андрей Малахов оны бағдарламасына кейіпкер ретінде шақырды. Бірақ Ержан кейіпкер ретінде барудан бас тартқан.
«Мен ешқандай атақ қумаймын. Еш уақытта біреуге өзім хабарласып, «Оларды мен құтқардым» деп жар салған емеспін. Бәріне бір Алла куә ғой. «48 адамды құтқарған басқа адам» деп жалған ақпарат таратып жүргендер бар екен. Өтірік ақпарат таратқандарды өз ұяттарына қалдырдым», - дейді кейіпкер.Егер Ержан болмағанда...
Ескірген автобустардың өртену қаупі жоғары екендігі рас, сондықтан ұзақ жолға осындай қоғамдық көлікпен шыққан адамдар кез келген жағдайға дайын болуы керек. Осы ретте, Ақтөбе облысында болған қаралы оқиғаны естеріңізге салуды жөн көрдік. 2018 жылдың 18 қаңтарында сағат 10:30-да Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын маңда автобустан өрт шыққан. Соның салдарынан 52 жолаушы қаза тапты. Ал аман қалған 5 адамның екеуі – Өзбекстан азаматы болса, үшеуі – қазақстандық азамат.
Ал «Семей-Новосібір» бағыты бойынша бара жатқан автобус ішінде семейлік Ержан Амарханов болмағанда оқиға қалай аяқталатынын болжаудың өзі қорқынышты. Ол 48 адамның өмірін ғана емес, олардың мыңдаған туыстарын көз жасынан құтқарып қалды.
«Шенеуніктер берген уәдесінде тұрып пәтер де бермеді, жұмыс та тауып берген жоқ. Көңіліңіз қапалана ма?» деген сұрақ қойғанда ол жасаған жақсылығын міндетсінбейтінін айтты.
«Құдайға шүкір, денсаулығым бар. Ресми түрде жұмысым болмағанмен, бапкер ретінде тауып жүрген қаражатыммен отбасымды асыраймын», - дейді ол.Дегенмен, елуге жуық адамның жанын сақтап қалған адамға, 4 баланың әкесіне пәтер берілсе – артық емес екені анық. Біздікі – ой салу, шешімді уәде берген шенеуніктер қабылдар...