Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жерге қайтқың келсе, маған хабарлас»: «Тораңғылыдағы» жалғыз үй

«Жерге қайтқың келсе, маған хабарлас»: «Тораңғылыдағы» жалғыз үй

Айнаның ішінде аппақ гүлге оранған бір қыз тұр. Селк ете түстім… Көзіме бірдеңе елестеген болар деп уқалап-уқалап жіберіп қайта қарадым.
Автобус тола адам… Барлығы маған таңданып келеді…
– Осыдан «Тораңғылыға» дейін екі жүз шақырым. Ал «Тораңғылыдан» ары «Бесбастауға» дейін жүз елі шақырым… Айналасы үш жүз елу шақырым жерде тамшы су жоқ… бетбақ дала. Сонда сен «Тораңғылыдан» не іздеп барасың?..
– Жай, әншейін.
– Қой, бала, жайдан-жай ешкім басқа-басқа «Тораңғылыға» бармас болар… Қой, не осы жерден қал да, болмаса, бізбен бірге «Бесбастауға» бар… «Тораңғылыда» баяғыда-ақ мүжіліп құлап қалған иесіз қорадан басқа дәнеңе де жоқ.
– Жоқ, көке, мен «Тораңғылыға» барамын.
– Есің дұрыс па ол жерде қазір тірі жан тұрмайды.
– Жұмысым бар….
– Ау! Иен даладағы иесіз қорада нең бар?..
– Жеке шаруам… Неңіз бар жеткенде өзім түсіп қалам…
– Қой-ей, сен де бір… – қарт жүргізуші қолын бір-ақ сілтеді… Арт жақта отырған әлде біреу:
– Сол қораға тығып қойған атасының қазынасы бар шығар… – деп келеке етті.
– Бәлкім, есі дұрыс емес шығар… Қойыңдар, не осы жерден түсіріп кетіндер, не «Бесбастауға» алып барыңдар!..
Менімен қатарлас отырған әжей маған емес, жүргізушіге бұйыра сөйледі. Мен де тыныш отырмадым:
– Ой, апатай, есім сап-сау… кәдімгідей жоғары білімді адаммын… Сенбесеңіз міне… – деп қып-қызыл дипломымды қапшығымнан алып шықтым. – бекеттен ақшасын төлеп билет алып алғам… мұнда қалдыруға құқы жоқ, – деп шыр-пыр боламын.
– Жарайды, апатай… осыған бола бәріміз шаршамалық… маған десе сол «Тораңғылыны» мекендеп қалсын… айтпақшы, су-суан бірдемең бар ма біз ертең емес, арғы күні қайтамыз… Сонда ала қайтайын… егер иендегі ит-құсқа жем болып қалмасаң… – деп жүргізуші маған тағы қарады…
– Жоқ, судың керегі жоқ, – деймін мен тағы.
– Еркің білсін… екі күнге шөлден өле қалмассың… Судың қаншалықты керегі барлығын бүрсікүні қайтарда көреміз…
Күннің қапырық ыстығы автобус ішіндегі адамдардың тері исіне қосылып тұншықтырады. Мен енді ойлана бастадым… Шынымен қайдағы бір түске бола сандалып бара жатқаным ақымақтық емес пе деп… Жоқ, олай болуы мүмкін емес… Көйлегімнің төс қалтасындағы шәкене тұмарды алып иіскеледім.
Әр күні үйге қайтарда соңғы бекеттің жанында отырған кішкене балалы қайыршы әйелге қалтамдағы тиын-тебендерді қалдырып кететінмін. Сыған ба, әлде басқа ма, ол әйел әйтеуір менің садақа беретінмді біле ме басқаларға қолын қанша созғанымен, мен келе жатқанда үнсіз отыра беретін.
Мен әйелге емес, жанындағы тас еденде жалаңаш денесімен отырған балаға жаным ашитын.
Бірде әлгі әйел:
– Мырзам, сізбен сөйлесуге бола ма?.. – деп сұрады. Мен қалдырған садақамды азырқанып тұрған шығар деп қалтамды қайтадан ақтара бастадым.
– Жоқ… жоқ… мен басқа нәрсе айтайын дегем… – әйел баласын құшақтап жаныма келді… Қаптаған қалың елдің ішінде қайыршымен сөйлесуді өзіме сөлекет көрсем де тыңдауға ниет таныттым.
– Айта беріңіз… құлағым сізде…
– Сізге бір нәрсе берейін деп ем…
– Өзіңіз қайыр сұрап отырып маған не бергіңіз келеді… мен мысқылдадым.
– Менде тек ақша ғана жоқ… қалғанының барлығы бар… әйелдің дауысы зілді шықты.
– Иә, қазір адамдардың барлығына ақша ғана керек.
– Мырза! Қателесесіз…
– Неге?
Ол омырауына қол жүгіртіп бір ақ түйіншек алып шықты. Мен ақшасын көрсеткелі тұрған шығар деп ойладым да:
– Керегі жоқ… бұйырса, өз ақшам өзіме жетеді… –деп ем.
– Кешіріңіз, менің сізге берер ақшам жоқ басқа нәрсе…
– Сонда да қажеті жоқ… қайыршыдан бірдеме алғанға намыстанып тұрғаным.
– Сізден басқа лайықты ешкімді таба алмадым.
– Қалай?
– Менің жапанда қалған жалғыз сіңлім бар еді…
– Содан…
– Сол сіңліме уәде берген ем…
– Не деп?..
– Әлемдегі ең жақсы жігітті жолықтырам деп.
– Қателесесіз… Мен әлемдегі жақсылардың қатарында емеспін… Ел секілді үйім, болмаса, жақсы машинам, жоғары қызметім жоқ.
– Оның барлығы алдамшы дүниелер.
– Қызық…
– Сіз менің сіңлімді көрген жоқсыз…
– Иә, рас айтасыз көргенім жоқ… Көруге де онша құштар болып тұрғаным шамалы…
– Мына тұмарды алыңыз… әйел түйіншекті шешіп ішінен шәкене ғана тұмарды шығарды.
– Қажеті жоқ…
– Алыңыз…
– Не қыламын?..
– Қажетсінбесеңіз, ертең қайтарда қайырып берерсіз… Әйел қоярда қоймай тұмарды жан қалтама тықпалап салды да, орынына қарай кете барды.
Орнына отырып алып, түкке де түсінбей ақыры үйге бет алған менің артымнан:
– Андағы тұмарды кеште айнаның алдына іліп қой, – деп айқайлады.
Үй деймін-ау, менде қайдағы үй?.. Қаланың шетіндегі бір көнеден қалған жатақхананың бір бөлмесінде тұрамын.
Келіп беті-қолымды шала шайдым да, қолыма ілінген бір кітапты ала сала оқуға кірісіп кеттім. Кітаптың алғашқы бір бөлімін аяқтап басымды бірақ көтердім. Қарыным қатты ашып тұр екен, ыдыс-аяқ жаққа қарадым. Бәрі бір талғажау ете қоярлық ешнәрсе жоқтұғын. Сыртқа шығып тамақтанбақ болып ойландым да, ол ойымнан тез айныдым. Қойшы, ұйықтап қалсам, таңертең жолдан іше салармын деп ойладым. Орын көрпемді ыңғайлап шешініп жатып манағы әйелдің берген тұмары есіме түсті. Ешбір таңғажайыпты күтпей-ақ мақсатсыз айнаның алдына апарып ілдім де, төсегіме қарай кеттім. Төсегіме қарай кетіп бара жатып ту сыртымнан біреу тесіліп қарап тұрғандай сезімде болдым да жалт беріп айнаға қарадым.
Айнаның ішінде аппақ гүлге оранған бір қыз тұр. Селк ете түстім… Көзіме бірдеңе елестеген болар деп уқалап-уқалап жіберіп қайта қарадым. Басым айналып, құлағым шуылдап кетті. Орныма барып көрпеге тас бүркеніп жатып қалдым. Құлағыма «мені құтқаршы… босатшы мені…» –деген қыздың жалынышты даусы естілді.
Таң бозынан орнымнан тұрып асығыс киіндім де сыртқа қарай ата жөнелдім… Бұның не кесапат екенін білмек болып бекет басында отыратын қайыршы әйелді іздедім. Жоқ, келмепті. Үш төрт күн күттім көрінбеді. Содан үш-төрт күн үйге қайтпай жүрдім… Ақыры басқа барар жерім болмаған соң үйге қайтуға тура келді.
Барлық пәленің тұмардан басталғын өзім де сезіп жүрмін. Бара сала айнаның алдындағы тұмарды алып лақтырып тастамақ болып шештім. Ақырын баспалап үйге кірдім… үй баяғыдай,.. шашылған кітаптар… жиналмаған төсек орным. Бірден айнаның алдына бардым. Міне масқара, тұмар айнаның ішінде тұр. Енді студент кезімнен бастап өзіме серік болған айнаны лақтыруыма тура келді… Қимасам да тыныштық үшін солай жасауым керек деп бекіндім. Қабырғаға терең қағылған жалғыз тал шегеге ілінулі тұрған айнаны алмаққа қанша талпынғаныммен еш өнім шықпады… Қабырғамен бірге құйылып, біте қайнасып қалған іспетті. Енді тек шағып тастап қана құтылу керек болды. Еш ойланбастан бір сыйрағы әлде қашан сынып қалған ақсақ орындықты алып айнаны көздеп періп қалдым. Мыңқ етпейді… қабырғамен бірге мелшиіп тұр. Ары-бері арпалысып еш өнім шығара алмаған соң ақыры жалығып үйден қайта кетіп қалдым. Кешке дейін сырт жақты айналсоқтап арлы-берлі сандалып жүрдім де қойдым… Кеш батты. Түн болды. Не болса да тәуекел, қандай ғаламаты болса да көрейін деп үйге қайтып келдім.
– Мырзам, хош келдіңіз! Айнадағы қыз сөйлеп тұр.
– Сен кімсің?.. – өзімді барынша сабырлы, барынша батыл ұстадым.
– Жын,.. жынның қызы…
– Менде не ақың бар?
– Мені тек сіз ғана құтқара аласыз…
– Ненің құрметіне?.. Өзімше кекие бастадым.
– Өмір бойы сіздің қызметіңізде боламын…
– Сені түгіл өзімді баға алмай жүрмін… Шынымды айтып тұрмын.
– Мені құтқарыңызшы,.. босатыңызшы…
– Неге?.. Сайтан шығарсың?.. Онсызда басымдағы әурешілігім жетеді.
– Жоқ, мен жалған айтып тұрғаным жоқ… Мен жынның қызымын.
– Сайтаннан не айырмаң бар?.. Қанша дегенмен бірдемелер шимайлайтыным бар ғой, біле қалмақшымын.
– Сайтан адамдарға қас.
– Сонда не жын адамдармен дос па?
– Иә…
– Қалай?..
– Сайтан жоғарғы әлемде болған… Ал, біз жерлікпіз…
– Ары қарай…
– Адамдар да сол жоғарғы әлемнен келген… Біз жерді адамдардан бұрын мекендегенбіз. Бүткіл жердің барлығы біздің иелігімізде болған.
– Содан…
– Жаратушы адамдарды жерге жіберген соң бізді ығыстырып жіберді…
– Қайда?
– Иесіз суға, сосын иен далаға…
– Бүгінше маған осы да жетеді. Ертең ерте жұмысқа баруым керек… –қыздың сөйлей түскісі бар. Тоқтатып тастадым.
– Мені босатасыз ба?
– Ойланам… бірақ қазір емес… ұйықтауым керек… мазамды алма!..
– Мақұл!
Көрпеге кіріп алып ойланып жатырмын. Күні бүгінге дейін осындай өңді қызды көрмеген екенмін. Тек атақты суретшілердің кескіндемесінен бірер рет көзім шалып қалғаны бар… деседе олардың өзі мына қыздың қасында… тіпті білмеймін… ақыры талығып барып ұйықтап қалдым.
Ертесі ертемен тұрып жұмысқа кеттім. Күні бойы айнадағы қызды ойлаумен болдым. Өмірімде кезікшесі деп армандадым… жоқ, солай айнаның ішінде-ақ тұра бергені дұрыс деп ой түйдім қайтадан… Өмірде болса, маған пысқырып та қарамайтын шығар. Бет-аузын секпіл басқан хатшы қыздың өзі қанша рет сөз салсам да, тіпті маңайлатпай қойған…
Түс ауа үйге қайтуға асыға бастадым… көргім келетін іспетті.
Айнадағы қыз екеуіміз ай бойы сырласып жүрдік… Бір-бірімізге әбден үйреніп кеттік. Тіпті бауыр басып қалғандаймыз… Жұмыстан үйге асығам да тұрам. Ақыры қызды босатып алуды жөн көрдім… Неше мәрте кесете уағдаластым… Мені тастап ешқайда кетпейтініне өзімді әбден сендірген соң босатуға келсім бердім. Содан:
– Ал, енді қалай босатамын? – деп сұрадым қыздан.
– Баяғыда өзіңе тұмар берген әйелді тап, сол айтады…
Құдай атқыр қайыршы әйел бұрынғы орнына келмейтін болған. Тағы бір ай бойы сандалып жүріп ақыры бір шағын базардың алдынан таптым.
Мені көре сала айарлана күлген әйел:
– Мырза жігіт, менің тұмарымды қайтарғалы келдіңіз ба?.. – деп сұрады.
– Жоқ, мен сіздің сіңіліңізді қалай босата аламын соны сұрағалы келдім, – дедім барынша ілтипатпен. Иә, ол қайыршы болғанымен, қайын бикем болғалы тұр барынша ибалы болуым керек қой, әрине.
– Жарайды… уақытыңды жемейін… мына қағазды ал, сосын қаларалық бекетке бар да «Бесбастауға» билет ал. Сосын автобусқа отырып «Тораңғылыдан» түсіп қал. Сол жерде көне қора бар. Түн ортасы ауғанда қораның қабырғасынан айна көрінеді… соның алдына мына қағазды өрте…
– Ары қарай не болады?..
– Барғаннан соң көресің… Айналма, автобустан кешігесің… Міне ақша билет аласың… – ол қоярда қоймай қолындағы қағазбен бірге жұмарланған біраз ақшаны қалтама сүңгітіп жіберді.
Мен асығыс бекетке қарай жүгірдім. Автобус енді қозғалғалы тұр екен соңғы билетті алып үлгірдім. Автобусқа шыға тізгінші кімнің қайда баратынын сұрап жатты. Елдің барлығы «Бесбастауға», болмаса, одан ары «Сарықалаға» барады екен. Кезек маған келді. –«Тораңғылыға…» –деп ем барлығы шу ете қалды. – Онда не бар? –деп. Кеш бата «Тораңғылыға» жеттік. Тізгінші түсіргісі келмей біраз қиқақтады, мен де күш бермедім:
– Билетім алынған, ақшасы төленген, жолаушы қайдан түсем десе, өз еркі… – деп.
– Бүрсікүні қайтқанымда көрермін әуселеңді… – деп миығынан бір күлді де жіүргізуші көлікті тоқтатты.
Мен иендегі қораға келдім. Сәл жүрексінгеніммен, келерін келіп алғасын кері қайтарға жол жоқ, ақырын күттім. Түн ортасы ауа жаман там сықыр ете түсті… Менде зәре жоқ. Бір уақытта тамда жарып айна көрінді… Қолым қалтырап шырпыны әзер тұтатып қайыршы әйел берген қағазды жақтым. Қағаз жанып бола бере айнадан құлында құлын даусы шығып шырқырап күндегі айнадан көріп жүрген қызым атылып шықты. Мен тұра қашуға қамдандым… екі тізем қалтырап еркіме көнер емес. Тұрған орныма жүрелеп отыра кеттім. Қарсы алдымда айнадан шыққан қыз жатыр. Әлсіз ыңыранады… сүлдерімді сүйретіп қызға таядым. Айдың сәулесімен анық көрініп тұр. Алақанында мен айнаның алдына таққан тұмар. Ақырын басын сүйедім. Арада сүт пісірім уақыт өткенде ол есін жиды… Мойныма асылып бетімнен құшырлана сүйді… Мен де сүйген болып қоям… Дәл осындай сезімді еш уақытта басымнан өткеріп көрмегем. Таң атуға таянғанда ол:
– Енді тез кетейік бұл қарғыс атқан жерден… –деді.
Қайда барамыз деп сұрамадым. Сұрағым да келмеді… Қызыдың ыстық құшағынан айырылып қалудан қорықтым. Қолындағы тұмарды менің мойныма таққан ол: «енді көзіңді жұм»,- деді. Мен көзімді жұмдым… Айналаның астаң-кестеңі шығып күркіреп, біз тұрған жер қақ айырылып жердің астына қарай құлдилап бара жатырмыз. Құшағымда қыз. Жоқ, қыздың құшағында мен. Көзімді тарс жұмып алғаныммен, бәрін сезіп келемін. Қанша уақыт өткенін білмеймін бір заманда мүлдем басқа бір әлемге топ ете түстік. Мен көзімді аштым. Мұндағылар да адам кейіпті екен. Тек бар айырмашылығы – барлығы әуеде қалықтап жүре алады. Жоқ, байқамаппын, мен де қалықтап ұшып келем. Ел-жұрты қызбен ұлар-шу болып қауышып жатыр. Барлығы маған алғыс айтып жатыр. Аста-төк қонақасы басталды. Бір ерекшелігі – бұл жақтағылардың барлығының жүзі жарқын екен. Жер бетіндегілердей көзіне қайғы-мұң ұялатқан ешбірін көрмедім. Жерге қалай қайтамын деп ойландым. Қыздан сұраудың бір ретін таба алмай қиналдым. Араға біраз уақыт салып қалың сауық-сайранның ішінен баяғы қыз мені оңаша алып шығып бір жерге ертіп барды.
– Біздің некеміз қиылады… – дейді. Менің қуанышымда шек жоқ. Жерге қайту туралы ойды ұмыттым. Біздің тойымыздың өзі ұзаққа созылды. Тойға баяғыда бекетте қайыр тілеп отыратын әйел де баласымен бірге келді. Сол кезде қалай зер салмағам? Ол да асқан сұлу әйел екен.
– Жерге қайтқың келсе, маған хабарлас… – деді ол. Мен үнсіз басымды изедім.
Содан қаншама жыл сол әлемде тұрып қалдым. Біз өте бақытты болдық. Менің төрт ұлым болды. Жасым да біразға келіп қалған. Бірде әйелім дастархан басында басқаша бір әңгіме бастады:
– Мырзам,.. енді сенің қайтатын уақытың болды… – деп.
Мен шоқ басқандай быж ете қалдым:
– Неге?
– Сендер ажалды пендесіңдер ғой, мырзам,.. сол айтулы сәтің таяды… Енді балаларыңды ертіп қайтуың керек… әйелім жылап отыр. Менің де көңілім босады. Бізге жолды жер бетінде жүрген баяғы қайыршы әйел бастайды екен. Сол келді. Ақыры балаларыммен бірге қайтатын болдым. Бізге бір-бір кесе шәрбәт су ішкізіп көзімізді жұмғызды. Тағы сол астаң-кестең болып күркіреген дүние. Жер жарылып, біз жоғары қарай заулап келеміз. Бір заманда баяғыдағы жаман тамдағы айнадан біз де атылып-атылып шықтық… Балаларым шыға сала ғайып болып кетті. Арлы-берлі жүгіріп таба алмай қалдым. Таң да атты. «Тораңғылы» баяғы қалпы екен. Жол бойында отырмын. Қайда барарымды да білмеймін. Қаншама заман өтті… Мені ел-жұрт әлде қашан ұмытқан шығар деп ойладым. Түс ауа анадайдан автобус көрінді. Жанымда автобусқа төлер ақшам да жоқ-тұғын. Ала кетер деген оймен қол көтердім. Автобус тоқтады. Ішке кіріп келіп өз көзіме өзім сенбей қалдым… Менің ұлдарым әлде қашан жайғасып отырып алыпты. Тура баяғыда өзім келген автобус сықылды екен. Тіпті тізгінші де тура соның өзі… баласы шығар деп ойладым… Недеген ұқсастық деп бос орынға отыра бергенде тізгінші:
– Құдайым-ау,.. осы «Тораңғылының» бір сиқыры бар… Алдыңғы күні ғана бір боқмұрынды әкеліп тастап ем… бүгін иен даладан қаусаған шалды алып бара жатырмын, – деді.
– Көзім қарауытып кетті. Ешнәрсе ойлай алар емеспін… Бір жағыма қарай қисайып жығылып бара жатырмын.
– Ата-ата, сізге не болды?.. – деп автобус ішіндегі адамдар үймелеп кетті. Менің ұлдарым үнсіз жылап отыр…

Қойшыбек Мүбарак 
06 қаңтар 2020 ж. 544 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930