Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алла үйін тұрғызған инженер

Алла үйін тұрғызған инженер

Кіндік қаным Шиелінің Қызылдиқан елді мекенінде тамған кісімін. Бала кезімізде Шиелідегі теміржол депосынан берілетін гудок дауысы 12 шақырым Қызылдиқанға анық естіліп тұратын. Ол кезде елдің кез келген үйінде сағат жоқ, кім болса сол сағат тақпайтын кез. Шиелідегі таңертең жетіде, түскі бірде, кешкі алтыларда депо жұмысшыларына арналып берілетін гудок дауысы бүкіл шиеліліктерді қызметтегісін қызметіне, мектеп оқушыларын мектепке, жұмысшыларын депосына, колхоздарда тұратындарын шаруасына асығуына берілетін уақыт өлшемі болатын.

Шиелі депосынан берілетін сол замандардағы гудок дауысы құлағымнан күні бүгінге дейін кеткен емес. Сондықтан болар ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген тарихшы ретінде 2004 жылы Қазақстанның теміржолына 100 жыл толғанда архив деректері негізінде бірнеше жинақ құрастырған болатынмын. Сол жинақтарымды қайта саралай отырып, кезінде әлгіндей жинақтарымның жарыққа шығуына мол қаражат бөлген шиелілік теміржолшы марқұм Лепес аға Жаниязға арналған беттерін ұзақ қарап отырып мынадай деректер бергенімді көпшіліктің назарына аудандық газет арқылы қайта салуды жөн санадым.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Батыс Қазақстан темір жол басқармасы мен Қызылорда бөлімшесінің тізгінін ұстаған сала басшылары Қ.Көпжасаров пен Ө.Жанаділовтер Шиеліде тепловоз депосын ашу керек деген байламға тоқтады. Ол уақытқа дейін бұл ұжым теміржолдағы өздігінен жүретін көтергіш крандарды жөндейтін шеберхана-мастерской атанып қазақ теміржолының мақтанышына айналған ұжым болатын. Қырықтың қырқасына шыққан локоматив шаруашылығының тынымсыз тірлігіне төселген Лепес Жаниязов 1980 жылы Шиелі депосына бастық болып бекітілді. Сексенінші жылдардың ортасынан ­бастап депода қызмет атқаратын неміс, грек, еврей, кәріс, шешен, т.б. ұлт өкілдері тарихи Отандарына қоныс аудара ­бастады. Ал болашақ депоға жөндеуші, мейлінше маманданған слесарлар ауадай қажет. Оларды қайдан, қалай, немен қызықтырып келтірмек керек? Мұндағы басты мәселе – баспана. Осы ретте Лепес ойланып-толғанып жатпастан елуден астам пәтерлік үйлердің іргетасын көтеруден бастап кетеді. Депоға еңбек ететін жергілікті ұлт өкілдерін әсіресе, жастарды шеберліктерін арттыратын арнайы орындарға аттандырып, депоның білікті инженер мен жұмысшы кадрлерінің санын арттырады. Бірыңғай силикат кірпіштен тұрғызылған сол замандардағы салтанатты бой көтерген елуден астам екі қабатты үйлер жергілікті ұлт өкілдерінің жанұяларына жайлы қонысқа айналуымен қатар Шиелі кентінің теміржолға қарасты аймағының көрікті қалашығына айналды. Бүгінгі машинистерге арналған екіқабат демалыс үйі де сол кезеңде бой көтереді. Лепес Жаниязұлының 1980-1997 жылдары Шиелі локоматив депосын басқарған уақытта бірнеше мәрте Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, Шиелі депосы Одақтың барша аймағынан мамандар келіп, өздерінің біліктілігін ұштайтын озық тәжірибе алмасу мектебіне айналады. Шиелі станциясы депосының басшысы ­Лепес Жаниязұлы «Құрметті теміржолшы», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» деген атақтарға ие болған басшы. Мен Шиелі ауданының осынау айтулы азаматымен тоқсаныншы жылдардың бас кезеңінде оның Қызылорда станциясы тепловоздарды жөндеу депосының басшысы болған сәтінде танысқан едім.
Жаңақорғандағы шипажайда шүйіркелесіп, аудандағы біршама істің мән-жайына қанық болғанымыз бар еді. Қай бір жылы Ағайдар Ысымұлы Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа осы Жаңақорған мен Шиеліден түсуге ұйғарды. Мен оның сенімді өкілі болып сайлаушылармен кездестік. Жөлек ауылындағы кездесуден соң Дүйсенбай Әлжанов деген ақсақал бізге жолығып: Сайлауға түсуге арналған бағдарламаларыңда Оқшы ата қорымындағы киелі жандардың кесенелерін қолға алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қозғау саламыз деген баптар бар екен. Бір жерден мешіт салсам деген ойым бар сол мешітті салатын жердің рұқсатын алып беріңдерші, – деді. Өзі жөлектік кісі екен. Әлгі ақсақалға аға жердің тазасы Оқшы ата ғой. Осы жолы бірнеше рет соқтық, бұрын жаппа там мешіт болған екен. Онда Мұхтар шырақшы деген кісі имамдық атқарған екен. Сол Оқшыдан мешіт ашсаңыз, оған ешкімнің де рұқсатының керегі жоқ. Жоғарыда Шымкент жақта шамасы келгендер мешіт ашып жатыр. Егер сіз Оқшы атадан мешіт ашатын ойыңыз болса, мен-ақ сізге рұқсат алып берейін деген едім әлгі ақсақалға.
Арада бір-екі ай өткенде Дүйсенбай Әлжанов жөлектік кісі Оқшы атадан мешіт ашу үшін 12 өгізін қорасынан санап бергенімен «қаржыңыз инфляцияға ұшырады» деп мешіт салынбай қалыпты. «Сол мешітті сіз қолға алсаңыз бүкіл ел болып ат салысар едік, Леке» дедім. Ертеңіне-ақ келісім берді. Сонымен талай ғасырлық тарихы бар Оқшы атадан аудан бойынша тәуелсіздік жылдары алғаш ашылған Алла үйін Есабыз ата мешітін инженер теміржолшы, Қызылорда станциясы тепловоздарды жөндеу депосының директоры Лепес ­Жанияз қолға алған болатын. Мешіттің ашылу салтанатында Лекең өзі кең дастарқан жайып, жұма намазға алғаш жиналған ақсақалдарға шапан жапқанынан хабардармын. Аудан бойынша Оқшыда ашылған Есабыз ата мешітіне әр жұмада ауданның барлық ауылдарындағы намазхандар жиналып, намазға жығылды. Алғаш рет ол маңда бұрын-соңды өтпеген жеті әулиеге арналып ас берілді. Есабызға арналып мешіт ашылыпты, кесенесі жаңартылыпты деп ел Оқшы атаға ағылумен болды. Мен бұл жолы Л.Жаниязға қатысты әңгіменің негізгі себебіне тоқталайын.
Алматыда тұратын шиелілік қаламгер, журналист інілерім Серік Байхонов, Сәрсенбек Бекмұратұлы т.б. жігіттермен анда-санда әлдебір себептермен басымыз қосылып қалатыны бар. Сонда амандықтан соң әңгіме ететініміз Шиеліде болып жатқан жаңалықтар. Шиелінің жаңалықтарынан ұлттық кітапханаға түсетін «Өскен өңір» газетінен де хабардар болып отыратынымыз бар. Міне, қолымдағы «Өскен өңір» газетінің 2019 жылғы қарашадағы нөмірі. «Құрметті Шиелі кенті тұрғындары» атты шағын хабарламада Шиелі кентіндегі атауы жоқ көшелерге өмірден озған кісілердің аттары аталатынын хабардар етіпті. Шиелі кентіндегі ­басты көшелердің бірі Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Лепес Жаниязға берілуі бүгінгі шиелілік теміржол саласында еңбек ететін инженер-техник қызметкерлердің мерейін үстем етері сөзсіз.
Газетке жарияланып отырған мұрағаттық фото өткен ғасырдың басында түсірілген. Фотода көрсетілген вокзал үйі мен депо бұл күндері арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол күйінде сақталған. Сол жылдардағы вокзал мен депо ортасында Шиеліде алғаш фонтан орнатылып, саялы ағаштар көрік беріп тұратын. Сол саябақты қайта қолға алып, тазартып, ағаштарының ескісін кесіп, елде жақсы өсетін туялар отырғызса, кент көркіне көрік беріп тұратын орындарының бірі болар еді-ау. Шиелілік Ленин орденді теміржолшы П.Аманбаев, А.Сейілханов осы жолы әңгіме еткен Лепес Жанияз, т.б. теміржолға ерекше еңбек сіңірген шиеліліктердің шағын бюстін қойса нұр үстіне нұр болмай ма?!

Өтеген ӘБДІРАМАН,
Алматы
28 желтоқсан 2019 ж. 825 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930