Жолы болмаған үшеу (Әзіл әңгіме)
Рөлге еңкейе жабысқан Мотайдың мойнын бұрап: – Де-де-де-дей! – бергені сол еді, ескі «Жиулиі» шабынан түрткен тайлақтай ойнақтап-ойнақтап барып, жол жиегіндегі қамысқа басын тығып, омақаса тоқтады. Мотай көзі алақтап: «Құ-құ» дегенше, Тобаш: –Құдай сақтады! – деп салды. Өзінен сөзі озған жүйрікке ілесе алмасын білді ме, жолбасшы Мәкең қоштағандай басын изеп қойды. Арт жақтан ілесе қуған қою шаң қойны- қоныштарын қарқ қылып, түшкіртіп-пысқыртып өткен соң аузы-басы шаң-шаң болып, көздері жылтырап, сыртқа шықты. Тегін «пудра» тойға бір киерлерін тері илегендей сатпақ-сатпағын шығарыпты.
Қатты-қатты қағынып тұрған Кәкішке, Мотай ежірейе қарап: – бы-был-а-ай қара-ашы!.. – деп әудем жердегі тораңғылды көрсетті. Пұлы шығын болып па, қара деген жағына анаусы қарай салды.
–Е, е-енді был-а-ай қарашы! – деп анадайда шықылықтаған сауысқанды көрсетті. Несі кетті олай қарай да мойнын бұра салды. Ала-қанат құс жол бойындағы үшеуді мазақ еткендей бұта тасалап жылтың-жылтың етеді. Мотекең оны тастай салып, енді Тобашқа ежірейді. – Се-ен-ббыл-лай жү-жүр-ші! – деді. Тобаш аңтарыла қарап, абдырайып тұр еді, түтігіп кеткен Мотай: Бо-ол!– деді ақырып. Анау батып-шығып, батып-шығып оншақты қадам аттап еді – То-о-оқта! Е-енді ббері жүрр! – деді. Соғысқа кіретін әскерді тексергендей дауысы саңқылдап тұр. Тек тілінің сүрініңкірегені болмаса. Табанда пайда бола кеткен камандірден қаймыққан жаяу әскер Тобаш кері қарай «малтыды». Бір-екі-үш! Бір-екі-үш! Батып-шығып,, батып-шығып машинаның жанына келгені сол еді Мотай: –Бболды! Сосын ымдап, екі серігін машинаға отырғызды да салдабасын дарылдатып-дарылдатып алып, кері қарай салды. Не болғанын түсінбей бақырайған жанындағыларға:
–А-а-манат жұмыс ә-әлекке са-а-лады, – деді кәдуілгі кекештігімен. Әне-міне дегенше жаңа ғана шыққан көкелерінің үйіне жетіп келді. Өре шыққан қатын-қалаштың арасында мойны озық тұрған көкелері сұраулы жүзбен айран-асыр қарап қалыпты. Ауылдастарын билеп-төстеп алған Мотай өзінің дағдысымен шоқалақтатып: – Ббі-із бармаймызз. Қызды ққу-у-маймызз. Ббі-тті! – деді әңгімені шорт үзіп.
– Неге? – деп көп қатын шу етті.
– Нне-н-не-гесі сол! Мотай бір жаңалық ашқандай алқынып тұр. – Мм-мы-науың қитар, мы-ы-нау аа-ақсақ, ме-ен кеке.., деп келе жатыр еді. Тобаш іліп әкетті.
– Мен кекешпін – деп тұр. Ойбай-ау, мынаның миы бар екен. Сәл болмағанда масқара бола жаздаппыз ғой.
Енді Тобаштың шыр-пыры шықсын. – Ойбай-ай, қалай байқамағансыңдар! – Тобаш оқыстан бірдеңе шағып алғандай зарылдап қоя берді. «И-и-иә» деп Мотай да бірдеңені бықсытып келе жатыр еді, аяғы ақсақ болғанмен тілі сау Тобаш басып озды.
– Қалай байқамағансыңдар? Асық деген руымыздың атына ұят қой. Өңкей инвалидті қыз қууға аттандырып. Осы үшеуміз де сау емеспіз, бір мүшеміз кем. Бір елден дені дұрыс үш кісі табылмағаны ма? «Ауыл толы есектен, арық та болса ат жақсы» дегенді қалай ұмыттыңдар? Жаңа құдалардың ауылына, он екі мүшесі толық адамдарды жіберіңдер! – деген Тобаш тарп-тарп басып жөніне кетті. Бетін шымшылап, өзді-өзді ұялған әйелдерге қарап Кәкіш те бір ауыз тіл қатты: «Ауруды жасырма, әшкере қылады». «Көрмеген жерде тон сыйлы». Мотай да жағын керіп: – С-со-солай, – деп оны құптады.
Көрші ауылға қашып кеткен қарындасты қуу бұлар үшін әзірге осымен тәмәмдалғандай. Жолы болмаған үшеуің осылайша аттан түсті. Енді ол жаққа басқалар барады. Жаңа құдалармен төсті де, тосты да солар соғыстыратын болды. Мейлі енді, құтты болсыншы бәрі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
«М.Шолохов» медалінің иегері