Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен үйдегі үрей: құпия сырдың қоймасы

Үлкен үйдегі үрей: құпия сырдың қоймасы


Бөлменің ішінде қоңыр жел есті. Терезенің шілтерлі пердесі дірілдеді. Арғы жағынан толып туған ай қарайды. Сол айдың сәулесімен баяғыда жоғалып кеткен бір ер адамның сұлбасы ағараңдайды. Үстінде ақ көйлегі бар. Арлы-берлі бөлмені шарлап жүр. Бұл Сәуле Досжан жазған «Үлкен үйдегі үрей» шағын романының кейіпкері Арсланның елесі еді. Иә, біздің бүгінгі мақаламыз осы туынды турасында болмақ. Бәлки бір оқырманның болса да кітап оқып, жан дүниесін байытуына септігіміз тиер.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы Жүсіпбек Аймауытов «Әдебиет – ұлттың жаны» деп айтып кеткен. Ал Елбасы «Кітап – ең сабырлы ұстаз» деп бір-ақ ауыз сөзбен кітап құндылығына баға берген. Рас, қазіргі таңда қалтасында қаржысы бар адамдардың барлығы кітап жазып, атағын айға жеткізуде. Алайда, олардың арасында оқырман жүрегіне жол тауып, оң бағасын алып жатқандары көп емес. Ал Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» туындысы «пышақ үстінде» көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Өйткені, мұндағы шытырман оқиғаның астарында шындық һәм тағылымды тәрбие жатыр. Сондай-ақ автор бұл туындыны атүсті жаза салмаған. Оқиғаны зерттеп, зерделеу барысында үш жыл уақыт жұмсап, тіпті кітапта бейнеленген үйді де өз көзімен көрген. Бұл туралы автор кітаптың тұсаукесерінде «Осы «Үлкен үйдегі үрейді» жазуға көп іздену керек болды. Бұл туындының жазылуына кездейсоқ оқиға себеп болды. 2005 жылы жолдасым Дүкең (Дүкенбай Досжан) екеуміз балаларды алып, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына демалысқа барғанбыз. Қарқаралы кентіндегі Құнанбай салдырған мешітте болып, есік алдына шыққанымызда, қарама-қарсы бетте тұрған үш қабатты ескі үй көзімізге түсті. Сол үйдің мән-жайын сұрап едім, оның өзіндік тарихы бар екенін білдім. Ол ХІХ ғасырда салынған дәулетті адамның үйі екен» – дейді.
Жалпы Сәуле Досжан барлық туындыларына әйел-аналарды арқау етеді. Өткен ғасырдағы нәзік жандылардың басынан өткерген қиындықтары мен психологиясын көркем суреттеп, қазіргі заманның қыз-келіншектеріне соны ұғындырғысы келеді. «Үлкен үйдегі үрей» туындысында да негізгі кейіпкер – әйел, тақырыбы – заман. Сондықтан болар автордың әрбір шығармасын бұл күнде оқырман қауым асыға күтеді.
Олай болса негізгі тақырыпқа ойысайық. «Үлкен үйдегі үрей» романы адамдар арасындағы аса күрделі қарым-қатынасты сипаттайды. Байлық пен кедейлік, махаббат пен зұлымдық, мейірімділік пен тәкаппарлық, адалдық пен пендешілік хақында сыр шертеді. Романның алғашқы парағын ашқан бойда шытырман оқиға сені өзіне қарай жетелей жөнеледі. Оқыған сайын Арсланның өліміне не түрткі, кім кінәлі екенін білгің келіп, әр бетін тағатсыздана тауысасың. Оқымай тас­тай салуға шығарма мұрша бермейді. Бір-бірімен жіпсіз байланысқан өзекті оқиғалар мен адамдардың ішіне бүккен құпиясы оқырманды өзіне еліте жөнеледі. Бүкіл романның желісі бір діңгекке байланғандай айналасы теп-тегіс, жұп-жұмыр бейнеленген. Тілі орамды, құнарлы. Аяққа оратылып, басыңды ауыртатын артық сөз кездеспейді. Ал орын алған оқиғаны әріден қозғап, тарихтан мысал келтіру шығарманың астарында шындық жатқанын айқындайды. Мәселен, туындының басты кейіпкері, ұлты татар – Арслан. Егер оның қазақ даласына қалай келгендігі жазылмағанда оқырманның ойында күдік қалар еді. Осыны ұғынған автор әңгімені әріден бастап, сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында орын алған Орыс империясының отарлау саясатын шығармасына арқау етеді. Яғни сол жылдары қазақ еліне орыстар көшіп келген болатын. Олар мәйегінен майы тамған құт өлке Қарқаралыға табан тірегенде-ақ кәсіп бастап, байиды. Ал шығарманың басты кейіпкері Арслан сол бай-манаптардың ұрпағы. Міне, осылайша роман авторы бір-бірімен байланысып жатқан оқиғаны әрмен қарай жалғастырады.
Романда қазақ пен татар ұлтының мінез-құлығы да баяндалады. Әрине, қазақтар саудаға шорқақ, алдына келген адамды қолтықтап, үйіне қонуға шақырады. Ал татарлар ше? Олар әу бастан сауданың жілігін шағып, майын ішкендер. Қазақтардың мал терісі мен жүніне жезден соққан жүзік пен айна беріп, оларды мәз қылып қояды. Ал татарларды қазақтардың «Мырза, байеке» деп атауы ұлтымыздың көнбістігін көрсетіп тұрғандай. Бірақ сонда да қазақ елі көштен қалмай, заман ағымымен өмір сүре береді. Ал Арслан алғашқы әйелімен он жыл отасса да бір перзент сүйе алмай, күллі байлығы да оның көңіліне медеу болмайды. Себебі, адамның дүниеден ұрпақсыз өткені жиған-терген асылдарының желге ұшқанымен бірдей. Ең сорақысы, аты өшіп, шаңырағынан түтін шықпауы. Егер пенде бір сәбиге зар болса, оған аста-төк байлық пен қап-қап ақшаның ешқайсысы көмектесе алмайды. Роман бізге осындай тағылым береді.
Қазіргі кезде құлағымыз «Бабаларымыз 4 әйел алған» деген сөзді көп шалады. Рас. Бұрын ата-бабалар төртке дейін жар алып, олардан бала сүйіп, тамыры тереңге жайылған алып бәйтерекке айналған. Қарасақ, нәпсінің жетегінде кеткендіктен емес, қажеттіліктен. Жау жағадан алып, бөрі етектен тартып тұрған заманда ұрпақсыз өліп кетуді ешкім қаламаған. Біз бұл мәселені не үшін қозғадық? Себебі, «Үлкен үйдегі үрейде» де тоқал алу туралы да сөз болады. Тегі татар Арслан қазақтың байларына қызығып әрі бала иісін аңсап қазақ қызын тоқалдыққа алғысы келеді. Ел аралап, ат шаптырып бойжетіп отырған Хадиша есімді аруға көзі түседі. Қазақы салтты сақтап, жөн-жоралғыны жасап ­Хадиша­­ны кең сарайдай үйіне келін қылады. Бірақ ­Хадиша басына қонған бақ деп күйеуін санамайды, оны зыр жүгіріп жүрген қызметшілер, алтынмен апталып, күміспен қапталған бұйымдар, аяғын жерге тигізбей қаланы аралататын күймелер бақытты етеді. Сондай-ақ сол байлықты ешкіммен бөліскісі келмей, іштарлыққа салынып, Арсланның бәйбішесі Нұрияға күн көрсетпейді. Осы орайда оқырман Хадишаның ниет-пиғылын ұғынып, оның көксегені көлкөсір дүниеге иелік ету екенін түсінеді. Ал Арсланның арманы мен мақсаты басқа. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы шығар, сірә?! Бұл тұрғыда оқырман назар аударып, үлгі алатын дүние мұнда да аз емес. Байлық қажеттілікті өтегенімен, ол басқа бақ болып бітпейді. Егер ақшаға құнығып, есіл-дертін жиған-тергеніңе ауса, ол өзіңе сор болып келуі ғажап емес. Мұны біз «Үлкен үйдегі үрей» туындысынан байқай аламыз.
Арсланның тоқалы Хадиша ақша мен атаққа құныққаны сонша, өз күйеуінің өліміне себепкер болады. Қалтарысы көп өмірдің қасіретті беті кездескенде Арслан бүкіл байлығын тастап, жыраққа кетуді екінші жарына ұсынады. Бірақ Хадиша көздің жауын алған үй мен бұйымдарды тастап кете алмай, ұлымен зәулім сарайда жалғыз қалады. Кейін «үйімді сақтап қаламын» деген сылтаумен өзге біреудің құшағына құлай жөнеледі. Осылайша Арсланның шаңырағында мүлдем басқа адамдар тұрып жатады. Екеуінің де көкейін тескен – дүние, зәулім үй және қымбат киімдер. «Апама жездем сай» дегендей Хадиша кейін отау құрған күйеуімен бірге Арсланды өлтіріп, денесін қаптың ішіне салып, қоймаға тас­тайды. Себебі, Хадиша мен оның жолдасы Арслан бар байлықты тартып алады деп қорқады. Осы оқиғаларды оқып отырып, Хадишаның жансыз дүниеге соншалықты қызыққанына іштей налисың. Ақша үшін адам өлтіргені тіптен көңілінді қалдырады. Жан дүниеңді ашу кернеп, Арсланға деген аяушылық сезім оянады. Бірақ барлығы біз ойлағандай бола бермейді ғой. Осының бәрі – өмір заңдылықтары. Әйткенмен, әрбір қиянаттың өлшеуі бар екенін естен шығармау керек. Романның бізге беретін келесі тағылымы – осы. Өзгеге қылған жамандық жылдар өтсе де, айналып өз егесін табады. Роман осы сөздерді оқиға желісінде өрбітті. Себебі, Арсланды өлтірген ­Хадиша өзі жасаған қастандықтың кесірінен қаза тапты. Уақыт өте келе Хадиша елес көріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Ара-тұра есі ауысып, жындының кейпінде киеді. Оның көз алдына күйеуі Арсланның сұлбасы көрініп, бір күні соның артынан еріп кете барады. Сонша ен дәулетті армандап, айттырған жерінен асығып келген Хадиша осылайша елеске еріп із-түссіз жоғалады. Бірақ оның істеген әрекеті өзгелердің де жандарын жаралап, көп отбасыны қазаға душар етеді. Өйткені, о баста көмусіз қалған Арсланның әруағы тыныштық таппай, үйге қонған әр адамды елесімен қорқытып, о дүниеге аттандыратын еді. Бір қызығы Арслан тек қыз-келіншектерге ғана тиісетін. Бұл оның әйел адамға кек сақтап қалуынан да болуы мүмкін.
Қойнауына үлкен құпия бүккен үй біраз уақыт иесіз қалқиып тұрады. Бірақ отын қораның астында жатқан Арсланның денесі әлі де тыныштық таппаған. Ел арасында көп қабатты үйдің тарихы туралы әңгіме өрбігенімен, олардың ешқайсысы елес туралы білмейтін. Ақыры бірінен-бірі өлім жиілеп кеткен соң барар жері, басар тауы қалмаған қазақ бақсы-балгерді аралайды. Үйдің табалдырығын аттаған әрбір жан тәуіп пен емшіден амалсыз көмек сұрап кетеді. Бірақ ешқайсысынан келген қайран жоқ. Қанша құрбан шалып, Құран бағыштаса да үлкен үйдегі өлім азаймайды. Көпшілік құпия сол күйі жасырын қалуы мүмкін деп ойлайтын шығар. Жоқ. Дүниеде талай сыр ақтарылып, кез келген құпия ашылады. Ол сыр күндердің бір күнінде ешкімнің зерттеуінсіз, ешнәрсені қажет етпестен өздігінен ақтарылады. Бұған дәлел – тағы да осы роман. Күн артынан күн, ай артынан ай өткеннен соң үлкен үйдің тұрғындары ойда жоқта үйілген отынның астынан Арсланның мәйітін тауып алып, қазақы жөн-жоралғымен дұға жасап жерлейді. Содан кейін үлкен үйдегі үрей сейіледі. Міне, осылайша ғасырдың басында болған сұмдықтың шымылдығы ашылып, ақиқаттың жарыққа шығатынын дәлелдейді.
Біз бұл мақалада романды толығымен талдап, әр кейіпкерге тоқталып, ол туралы мүдірмес пікір айтудан аулақпыз. Тек жалпы бағытын, оқиға желісін, оқырманға берер тағылымын, жарасты келбетін шолуды мақсат еттік. Егер біз әр бетіне тоқталып, оларды мысал етсек, кітапты бүтіндей көшіріп алған болар едік. Сол себепті біз айтпай кеткен тұстарды оқырманның талғамы мен ой орамына қалдырдық. Кітап бетін парақтаған әр адам өзіне керегін алады деген сенімдеміз. Өйткені, жазушы ой кеңітіп, өріс ашатын туындыны жазған.
Жалпы, роман соңғы жылдардағы қазақ прозасының ішіндегі шоқтығы биік туынды деп тануға әбден лайық.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

22 қазан 2019 ж. 2 509 0