Нұх пайғамбар кемесі қайда тоқтаған?
Иә, Нұх пайғамбардың кемесінің қайда тоқтағандығы мәселесі –көпшілікті қызықтырған тақырыптардың бірі.Еврей ғалымдары Синай тауында,Армян ғалымдары біздің тауда тоқтаған десе, Түркиялық ғалымдардың арасында Түркияда орналасқан Жуди тауында тоқтаған деген жорамалдар айтылып жүретін. Бір қызығы 2010 жылы қытайлық евангелистер мен түріктің зерттеушілерінен жасақталған экспедициялық топ Түркия (Арарат) тауында осы Нұхтың кемесі табылғанын айтты. Бұл хабар баспасөзде жарияланып, үлкен сенсация тудырды. Қазір де интернеттен қарасаңыз бұл хабардың бейне таспаларын көре аласыз. Бұл қазірше нақты жауап емес, әлі көп нәрселер дәлелдеуді қажет етеді. Жалпы Тәураттың «Жаратылыс» атты бөлімінде Нұх кемесі Арарат тауында тоқтаған деген мәлімет бар. Ал Құран кәрімде Жуди тауында тоқтағандығы айтылады. Түріктің кейбір зерттеушілері қазіргі жер атауларының бұрынғылармен дәлме дәл келмейтіндігін, Арарат деген жердің бұрын Түркияда орналасқан Шырнақ елді аймағын қамтыған Ұрарту мәдениеті шекарасының ішінде орналасқандығын айта келе «Арарат тауына отырды (қонды)» деген сөз Жуди тауын да қамтыған аймақ болуы мүмкін дейді.
Ал бізде «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деген жыр жолдары көпшілікке мәлім. Осыған сүйене отырып, біздің кейбір зерттеушілеріміз де осыны дәлелдеуге тырысқан. Қалай дегенде де бұл біздің қазақ халқының қасиетті кітаптарда кездесетін мәліметтен толыққанды хабардар болып, соған өзіндік бояуын сіңіріп, үн қатысқандығын көрсетсе керек. Сонымен қатар кейбір деректерде Нұх пайғамбар бір емес, бірнеше кеме жасаған деген де мәлімет кездеседі.