Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасын ойрандаған ойын

Отбасын ойрандаған ойын

Әзілмен әңгімеміз жарасып отырған бізді Жәнияның шыр ете қалған телефон үні бұзып жіберді. Ол бір минут деп үнсіз орнынан көтерілді де, тысқа шығып кетті. Сүтпісірім уақыттан соң бұлқан-талқан болып, жер жаһанды жанарымен жарып жіберердей ашуланып келді. Мен ештеңе түсінбей аңтарылып отырмын. «Тыныштық па?» деп сұрауға аузым әрең барды. Жәния біраз уақыт үндемей отырды да:
– Қайдан болсын тыныштық? Бұрынғы енем мазамды алып қоймайды. Біресе маған, біресе үйдегілерге хабарласып: «Баламды сендер бұздыңдар», – дейді. Жаңа да сол кісі қоңырау шалған. Бауыржан үйінен кетіп қалыпты. Соны менен сұрап жатыр. «Білемін, балам сенің қасыңда», – дейді. Бұлар мені шаршатып бітті! – деп соңғы сөзін тістеніп тұрып айтты.
– Тоқта, тоқта, бұрынғы енем дегенің қалай?
– Иә, бұрынғы. Енді баласымен ажырасып кетсем не деп айтуым керек? Осы уақытқа дейін «Мама» деп асты-үстіне түспейтін шығармын.
– Жәния, тұра тұршы. Мен сенен оны сұрап тұрғаным жоқ. Ажырасып кеткені қалай? Сен, Бауыржанмен айырылысып кеттің бе?
– Иә.
– Қашан? Сендердің отау құрғандарына 1 жыл да болмады ғой. Не болды? Не жағдай?
– Түуһ, Ақмарал. Сұрайтыны бар ма? Осы сұраққа жауапты айтып мен де шаршадым. Біресе анау сұрайды, біресе мынау сұрайды. Осы мен маңдайыма «Бауыржанмен ажырасып кеттім» деп жазып қоямын-ау!
– Жәния, мен саған олай жазып қой демеймін. Бірақ мән-жайды ұғындырып айтсаңшы. Бәсе, сені қалада қайдан адасып жүр десем? –деп мен бұртиып отырдым да қалдым.
Кеше ғана оң босағадан ұзатылып, сүйген жарын тауып, дүркіретіп той жасаған сыныптасымның отау құрғанына бір жыл толмай ажырасып кетуі көңілімді түсіріп жіберді. Сол жерде сыныққа сылтау таппай, жыларман күйде әзер отырдым.
–Мақұл, айтайын. Бірақ, Ақмарал, сен де Бауыржанды ақтап алып шығамын деп ойлаушы болма.
– Айтшы енді?
– Мәселе былай, Бауыржан екеуміз үйленбей тұрғанда мен оның автомат, яғни ойын машинасын ойнайтынын біліп қойдым. Тіпті бір-екі рет ұстап алдым. Бірақ, ол қоямын, енді ойнамаймын деп уәде берді. Мен де сол сертіне сендім. Кейін құмар ойынды ойнап жүргенін байқамаған соң қойған екен ғой деп топшыладым. Ал тойдан кейін бұл тұжырымның қате екеніне көзім жетті. Екі күн өтпей-ақ ол таңның атысы, күннің батысы құмар ойынынан шықпайтын болды. Бір күні кеш келсе, ал бірде мүлдем жоқ болады. Тапқан-таянғанын сол «бәлеге» құртады. Ал енем болса маған келіп: «Баламның маңдай терімен тапқан ақшасын сен құртып отырсың» деп жекіп кетеді. Өйткені, олар баласының құмар ойынды ойнайтынын білмейді ғой. Менің де айтқым келмеді. Ана мен баланың арасына от салғандай болмайын дедім. Тұрмысқа шыққан күннен бастап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айы­рылдым. Апта сайын төркініме келіп тұрдым. Онда да мені Бауыржан жіберетін. «Әкеңнің ақшасы көп қой, бар да алып келші» дейді. Ақмарал, мен таңғаламын, адамды тану деген мүмкін емес екен. Қазақ «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деп бекер айтпаған ғой. Мынау өмірде ешкімге сенудің қажеті жоқ па деп қалдым. Кім ойлаған иә, бірге жүріп, бір шаңырақта тұрып жатқан адамың сені сатып, опатқа ұшырататынын? Қойшы, тегі. Менің Бауыржаннан әбден көңілім қалды. Енді оның түрін көру былай тұрсын, атын да естігім келмейді.
– Жәния, сен не деп тұрсың? Сен кәдімгі Бауыржанды айтып отырсың ғой, иә? Онда ол сырт көзге сүттен ақ, судан таза болып көрінеді екен.
– Бұл түк емес қой. Одан кейін не болғанын сен сұрама, мен айтпайын. Қысқасы былай, мен жүкті екенімді білгеннен кейін төбем көкке жеткендей болып, Бауыржанға айтуға асықтым. Ал ол: «Баланы асырайтын шама жоқ, алдырып таста» деді. Бұндай безбүйректігіне не дерсің? Бірақ мен алдырмайтынымды айттым. Дегенмен тағдыр маңдайымызға бала сүюді жазбапты. Құрсақтағы шақалақтың уақыты екі ай болса да, әлі жетілмепті. Содан кейін ота үстеліне жатып, баланы алдырып тастадым. Осыдан кейін ата-анам мұнымен тұрмайсың деп алып кетті. Міне, бір айдың жүзі болды үйдемін. Қалаға нағашыларым шақырған соң келген едім. Бір жағынан бойың сергісін деген, екінші жағынан елдің әңгімесі басылсын деген ой болды. Міне, құрбым жиырмаға енді жеткен сыныптасың тағдыр тауқыметін тартып үлгерді, – деп үніндегі өкініш пен қайғыны көмейіне жасырып, алдындағы кесесін қолына алды.
Мен не дерімді білмей үнсіз ғана отырдым. Мұндай сәтте бір нәрсе деудің өзі қателікке ұрындыратын сияқты. Тек «Ішімдегінің бәрі тілімде, тілімдегінің бәрі түрімде» деген сыңай танытып, Жәнияға бажырайып қарап отырдым. Ол болса бетінің ұшы ғана қызарып, көзі сәл-пәл жасаурап кетті. Бірақ демде есін жинап алды. «Иә, мен білетін Жәния болса, қиналғанын, көз жасын жұртқа жария етпейді. Тек ішінен ғана тынады, ал сырт көзге әркез күліп жүреді» деп ойладым іштей. Бұдан да бөлек ой оралымдарыма талай дүниелер келіп, біресе Бауыржанды, біресе Жәнияны кінәлаумен болдым.
Деректерге сүйенсек, адамның діңгегі берік отбасы болып қалыптасып кетуі 3 жыл бойы сыналады екен. Ал бұлардың отасқандарына бес-ақ ай болды. Екеуі қол ұстасып жүргенде неке қиғанша асығып еді, енді міне, айырылысып тынды. Тіпті бір-бірін көргісі жоқ. Сонда құдіретті сезім саналатын махаббаттың көк тиын құны болмағаны ма? Ал бір-біріне деген сыйластық ше? «Жанұя боламын десең, жаныңдағы жарыңды сыйлап, құрметте» деген сөздерін анам тұрмыс құрған тәтеме талай рет айтқаның құлағым шалған еді. Ал Жәния мен Бауыржанның ата-анасы не істе­ді? Ұлдың анасы келініне күн бермесе, қыздың анасы алып кетемінге басты. Қазіргі қоғамда ажырасу саны онсыз да еселеніп тұрған жоқ па? Сол сандардың біріне менің сыныптасымның да үлес қосқаны қандай өкінішті? Тәртіпке көнбейтін адам болмайтын еді ғой, Абай атамыз: «Егер маған билікті берсе, ең бірінші мінезді өзгертуге болмайды деген адамның тілін кесер едім» демеп пе еді? Ал қазақта «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген тәмсіл бар. Осы сөздерге қарап, мінезді де, әдетті де қалыпқа келтіруге болатынын ұғынамыз. Ал Жәния мен Бауыржанның бұл сөздердің төркінін түсіне алмай кеткені өкінішті. Ол екеуі «Үп» деген тағдырдың кішкене ғана сынына төтеп бере алмай, екіге бөлінді. Бұл екеуі де үйленудің оңай, үй болудың қиын екенін түсіне алмады. Ең өкініштісі, түсіндіретін жан баласы табылмады.
Жәнияның телефоны тағы да шырылдады. Ол енді сыртқа шығып жасырынбай, үстел басында емін-еркін сөйлесіп отыр. «Мама, мен айттым ғой, Бауыржанды ажырасқалы көрмедім. Маған ол бұдан былай керек емес!» – деп тұтқаны қоя салды.
Осынша оқиға, ашу, реніш, өкініш толы құрбымның өмірі көз алдымнан көлбеңдеп өте шықты. Үнсіз отырмын. Ойымда бір ғана сұрақ тұр. Екеуі бір-бірін шын сүйді ме екен?

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
23 шілде 2019 ж. 907 0