Баукеспелерге тосқауыл болған семейлік тұрғын соққыға жығылды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мал ұрлаушыларды жалғыз өзі құрақтамақ болған семейлік тұрғынның әрекеті қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Бұл жөнінде облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мамыр айының соңында 80 жастағы шаруагер полицияға шағым түсірместен өрістеп кеткен үш бұзауды іздеуге шыққан. Орман шетінен өтіп бара жатып ол ағашқа арқандалып тұрған бұзауды байқап қалады. Мұныңмал ұрлаушылар әрекеті екенін түсінген ол қолына аңшылық мылтығын алып, оларды құрықтауды ұйғарған. Бар жайды телефон арқылы күйеу баласына ғана баяндаған ол сол маңда жасырынып, қарақшыларды торуылдайды.Көп ұзамай «Фольксваген» маркалы көлікке мінген екі ер адам келіп, арқандаулы бұзауды көліктің жүксалғышына салуға әрекеттене бастайды. Сол сәтте тасадан атып шыққан қария әлгілерге айғайлап дереу доғаруды талап етеді. Бірақ оның сөзін де, ескертіп аспанға атқан оғын да елемеген бейтаныс адамдар бұзауды жүксалғышқа кептеуді жалғастыра берген.
Шарасы қалмаған азамат мылтығын ұрылардың бірінің аяғына кезеп, шүріппені басып салады. Алайда жаралы адам мен оның қасындағы сыбайласы қарияның өзіне тап беріп, соққыға жыққан. Сонан соң байлап-матап көліктің артқы орындығына отырғызып қояды. Дегенмен, сол мезетте қарияның күйеу баласы келіп қалмағанда оқиға қайғылы аяқталар ма еді?
Оқиға орнына келіп жеткен ол қаскүнемдердің кетіп қалуына кедергі жасап, полиция шақырып үлгереді. Жедел жеткен тәртіп сақшылары 44 және 57 жастағы адамдарды құрықтап, оларға қатысты ұрлық және адам ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі анықтау шараларын бастады.
Облыстық Полиция басқармасы орын алған және болуы мүмкін қылмыстар жайлы міндетті түрде «102» нөміріне қоңырау шалып, ішкі істер органдарын хабардар етуді сұрады.