Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұлақ басындағы береке

Бұлақ басындағы береке


Қазақтың қай қиырында да ауылдың орны ерекше. Табиғаты, тұрағы бөлек демесең, тұрмысы ортақ. Өткен ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген біздің лек қос ғасырдың тұстасы ғана емес, орныққан Кеңес үкіметі мен қаз басқан Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамына куә болды. Сонысымен басымыздан өткен жайттар тұтас буынға тән.


Жуық арада басылымдардың бірінен қайнамаған судың пайдасы туралы мәліметке кезіктім. Табиғи су — тұмса денсаулық кепілі екендігі туралы айтылыпты әлгі жазбада. Ешқашан қайнаған су ішпеген біз іш ауру сынды жұқпалы аурулардың көбіне ұшырасқан жоқпыз. Бұған бала күнгі тұтынған су әсерін берді ме екен деген ой топшыладым. Басқаны қайдам, қаймағы бұзылмаған, біздің Бірлік ауылында ауыз су мәселесі бұрыннан 120 пайызға шешімін тапқан. Санды негізге алып, ауыз толтырып айтуымның өзінде үлкен мән бар. Бір жағында Сырдария өзені, екінші тұсында Бірінші канал атататын арна суы қоршап тұрған ауылда бұдан бөлек бірнеше құдық, екі бұлақ, арық суы болатын. Олардың әрбірінің тигізетін пайдасы зор. Қыста дария мен каналдан мұз ойып, соны ерітіп пайдаланатын жұртшылық былайғы уақытта құдық суын ас-суға тұтынса, жуыну, кір жуу үшін бұлақтарға барады. Көлшік пен аяқ су — арық тұрмыстық қажеттілікті өтей алады.

Су «төбеден» құйылып тұрса да біздікілер бақша егуді маңғытпайтын.

Су тасу — ең маңызды жұмыстың бірі. Жеңгейлер мен аналар иінағашты иықтарына іліп, қос шелекті асынса, өзгелері қос дөңгелекті арбаға қалайы піләкті салып алып тасымалдайды. Сазды топырақты мекендегі шаңды із ұзақ уақыт жатады. Әр арбаның өз ізі болады. Даусы, дөңгелегінің түзу-қисығы, жуаны, піләктің де аузынан су ағатыны, ақпайтыны, жамалғаны секілді ерекшеліктеріне қарай кімнің суға барғанын, кімнің келе жатқанын оңай ажырата білетінбіз.

Иінағаш дегеннен шығады. Бірде ініме ол туралы айтып түсіндіргенімде әбден әжуа еткен еді. Тұрмысқа тұтынатын құралдың бұл түрі қолға ауырлық түсірмей, қос иықта тепе-теңдікті ұстап тұру үшін жасалған. Қазірде мұражайдан көрмесең, үйлерден кездестіру қиын.


Суға барушылардың арасында «құрметтілері» кездеседі. Олар — есек арбасы барлар. Барлық үйде арба болмайды. Есесіне, көшеде топталып жүргендері арасынан ұнаған есекті ұстап алу қиындық келтірмейтін. Әдетте арбамен барғандар көптің қызығушылығын да, қызғанышын да тудыратын. Ондайда: «Шіркін, үйде бір арба толы піләк су болса, көршілерге айтып мақтанар едік...» деп қиял қияға қарай кетіп қалады.

Су алатын орындардың тағы бір тиімділігі — ұзын-сонар кезекте тұрғандар естіген-білгенін осы жерде ортаға салады. Болып жатқан оқиғалар, ауыл адамдарының басынан өткен жайттар туралы сол жерден ақпаратқа қанығады. Бұлақ басында да кішігірім ережелер болады. Ұстаздар, көп балалы, емізулі балалы аналар кезектен тыс босатылады. Туыстық жағынан жақын қайын інілері жеңгесіне, жеңгелері қайын сіңлісіне, келіндер абысынына кезектерін беріп жататын. Үйі жақын тұратындар кезігіп қалса, бірін бірі тосып, қайтып келе жатып, естіген-білгендерін үйге дейін талқылаудан өткізеді. Ауылдастардың бір үйдің баласындай болып, бір-бірімен жақын қарым-қатынас түзуіне, ойлап отырсам, су тасымалдау да көп септігін тигізіпті.

Ауылдағы ойындар да қызық. Көктем шыға қыздар үйден киіп шыққан қою қызыл көйлек сабаққа мезгілілінде алқызыл түске енсе, ұл балалардың ала жаздай киетін қаракөк шортылары да бұл кезде ашық түске енетін. Ойындар арнаулы уақыттарда емес, жұмыс істей жүріп қатар өрби береді. Бұлаққа баратындардың есек жарысы, мұз оюшылардың хоккейі, мал іздеп, тезек теріп жүргендердің асық ату, ләңгі, суға жүзу секілді түрлі ойындары бала денесін шынықтырып, ойлау қабілетін дамытатынын бүгінгі ғылым алға тартып жүр. Ал қазақ халқы үшін олар аксиома.

Біздің үймен көршілес Бектұрған есімді мәдениет саласының ардагері тұрды. Ауылдағы басты мәдени нысан — клубты көп жыл басқарған оның кино қою, аспапта сүйемелдеу, терме айту секілді мамандығына байланысты қырларынан өзге, сөзге шешендігі тамсандыратын. Тауып айтқан, кейбірде «қауып» айтқан жауаптары ауыл тұрғындары арасына кеңінен тараған. Үлкен-кішімен бірдей сөйлесе беретін Бәкең бірде үйге келген сыныптас қызға:

—Суды қай құдықтан ішіп отсыңдар? — деді ойламаған жерден.

—Түркістаннан, — деп жауап қатты ол абдырап.

—А... а... Түркістандық суды ішіп отыр екенсіңдер ғой. Біз шайға Тәшкенттен тасимыз. Кір-пірге Арал мен Теңіздің суы да жетеді,
— деп бәрімізді қыран-топан күлкіге қалдырғаны. Түркістан дегені — Түркістан есімді адамның ауласындағы, Ташкент дегені — Тәжікен атты ақсақалдың үйіндегі құдық болатын. Құдықтар атаулары да «Теңізбай», «Аралбай», «Бекен» деген иелері аттарымен аталатын. Әрбір ауладағы қазылған құдық сол үйдің меншігі емес, ортақ мүлік саналатын. Ол аздай, ауыз су алуға келгендерді құдық иелері қауға шелекпен қамтуға міндетті. Қыстың күндері қауға тарту оңайға соқпайды. Ондайда жақын маңдағы үлкендер қолқабыс етеді. Бұл — бірліктіктердің жазылмаған заңы.

Құдықтың бірінің дәмі тұщы болса, келесісі кермек келетін. Тереңдігіне қарай дәмі тұщылана түсе ме, әлде арнайы тазалана ма, ол кезде қызығушылығым болмаған соң, бұл сұраққа тиісті жауап алмаппын. Ең тереңі Түркістан ағаның құдығына су алуға ауылдың әр бұрышынан адамдар күндіз-түні ағылатын. Бір жолы көрші ауылда тұратын, бойы екі метрге жуық Серік аға сол құдыққа барып, еңкейіп шелекпен су тартуға шыдамай, піләкті батырып алғанын көріп, ұзақ уақыт ауылдықтар аңыз етіп айтып жүргені әлі есімде.

Байқағаным, құдықтың суы қақтанып, қайнаған сайын ыдысты қалыңдата береді. Ондайда пысық жеңгейлер көршілес бұлақ суымен шай қоятын Қожабақы ауылындағы таныс-туыстарымен айырбастап, бұлар жұқартып, олар қалыңдататын тәсіл тапқан.

Жақында туған топыраққа табан тірегенімде бұлақтардың көзі бітеліп қалғанын көріп, жаным ауырды. Көшеден не арба жетектеген, не есекке мінген бірде-бір адамды кезіктіре алмадым. Бұрынғы ауыл мен бүгінгі ауылды мүлдем салыстыруға келмейді. Бәрі жаңарған. Тұрмыс түзелген. Әрбір үйде жеке құбыр бар. Әлеуметтік желіге қолжетімділік жолға қойылған. Көріп, көңілің қуанады. Десе де бұрынғыдай бұлақ басында жиналатын жұртшылықтың жайсаң қалпын сағынады екенсің.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 маусым 2019 ж. 1 389 0