Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын көмбе

Алтын көмбе


Егемен ел болғалы бері қасиетті бабаларымызды еске ала бастадық. Сондай әулиенің бірі Сыр бойындағы «Ақмая» деген жерде туып өскен Еңсебай Өтеғұлұлы еді. Бұл кісі 1854 жылы туып, 1907 жылы қазан айында 53 жасында дүниеден қайтқан. Әлімқұл, Ишанқұл, Парманқұл атты үш ұлы болатын.

Бабамыз Еңсебай жасынан шарапатты кісі болыпты. Бүгін үйіне қандай мейман келеді, ол ер ме, әйел ме және қандай түсті мал әкеледі, соның бәрін болжап біліп, айтып отырған. Есейе келе талай әулиелерді жағалап, Арыстан баб пен Әзірет сұлтанға түнейді. Бірде түсінде оған үлкен қасиетті кісі келіп: «Шырағым, мазамды ала бердің ғой. Шорнақта, Ақтаста мешіт, медреселер бар, содан дәріс алсаң жаман болмассың», – депті. Содан сұрастырып жүріп, мешіт-медресені тауып, сол жерде дәріс алып, тәрбиеленеді.
Айқожа ишаннан дәріс алып, Қарасопы әулиенің тәрбиесінде болады. Қарасопы бір күні ас ішіп болған соң балаларды сынау үшін: «Бас киімдеріңді мына жерге қойыңдар», – дейді. Содан соң, «Болсаңдар шамды сөндіремін, енді бас киімдеріңді танып алыңдар» деген екен. Шамды жаққанда тек бірнешеуі ғана тауып киіпті. Соның бірі – Еңсебай ата екен.
Қарасопы екінші рет талдың көлеңкесіне туарға жақын қалған биені байлап қойып, балалардан осы биенің ішіндегі құлынның ұрғашы не еркек екенін және түсінің қандай екенін, қай мезгілде туатынын дәл тауып айтуларын сұрапты. Сонда бір тәжік баласы суырылып шығып, құлынның түсі қара, өзі еркек екенін және түнде туатынын айтыпты. Содан соң Еңсебай бабамыз шығып, айналып келіп биенің құйрығын көтерген екен. Ол ойланып тұрып: «Рас, құлынның түсі қара, өзі таң намазының алдында туады», – депті. Қарасопы әулие азанда дәрет алуға шықса, бие жаңа ғана құлындаған көрінеді. Байқап қараса, түсі меңсіз қара, ұрғашы құлын екен. Асын ішіп, намазын оқып болған соң, балаларға биенің құлынын көрсетеді. Түсі қара, ұрғашы, өзі таң алдында туғанын Қарасопы балаларға хабарлайды. Содан айтқаны айна-қатесіз келген Еңсебайды жолдастары «қалпе» деп атап кетеді.
Қоқаннан бір байбатша Әзірет сұлтанға зиярат етпек болып келеді. Оның әкесі осы арада қаза болған екен. Соны тауып, басына ескерткіш орнатпақ болады. Бұрын әкесінің інісі бірге келіп, жерлеп қайтса керек. Ол кісі де дүниеден көшіпті. Сондықтан байдың өзі әкесінің бейітін таба алмайды. Ол: «Әкемнің жатқан жерін тапқан кісіге бәйге ат не ақша беремін» – деп айт намазындағы кісілерге хабарлайды. Бұл хабарды Айқожа ишан мен Қарасопы да естиді. Елдеріне келген соң олар бұл жайды халыққа жеткізеді. Сонда топтағылардың ішінен Еңсебай суырылып шығып: «Маған бір күн мұрсат беріңіздер, Аллаға сыйынып көрейін» десе керек.
Түнде Еңсебай бабамыздың түсіне баяғы қасиетті бабасы көрініп: «Шырағым, мазамды ала бердің ғой, тыңда, балам, іздеген кісің ақ шеңгелдің астындағы қорымда жатыр», – дейді. Оның ішінде алтын сапты кездігі, жалатпа ұстарасы, іскегі бар былғары әмиянның жатқанын да айтады. Ертеңіне Айқожа ишан мен Қарасопы Еңсебайды ертіп байға келеді. Сол жерде Еңсебай бабамыз ақ шеңгелді тауып, оның құбыла жағын қазып, былғары әмиянды алып шығарады. Ашып қараса айтылған заттар шыға келеді. Сонда байбатша қара баланы құшақтап, жылай берген екен. Оның мәнісі ағасы өлер алдында мұның әкесінің басына былғары әмиянға салып ұстарасын, іскегін, кездігін көмгенін айтқан.
Елге қайтар алдында бабамыз Қарасопы әулиеден екі рет бата сұрапты. Ол кісі: «Барлығыңа қатырма қағаз берейін, сендерді пір тұтады», – десе керек. Сонда бұл: «Сіздің батаңыз болады», – депті. Сонымен, басқалар қағаз алыпты да, бұл кісі Қарасопыдан бата алыпты. Қарасопы сонда: «Шіркін-ай, қожаның баласының біреуі бата сұрамады-ау, қасиетім қараға кететін болды-ау», – деген екен. «Өзім тарыққанда қолдап жебейтін қара бураны бала бұйдасынан ұстады-ау», – депті.
Ауылға келгесін халық Телікөлде мешіт салып, бұл кісіні имамдыққа бекітеді. Бабамыз орынсыз дүние жимаған, мінер аты, ішер асы ғана болса керек. Көбінесе Ұлытау, Есіл, Жезқазған жағындағы халыққа қасиеті мәлім болған көрінеді. Ұлытаудағы Едігенің мазаратын халық анық білмей, Ұлытаудың етегіне зиярат жасап жүреді екен. Сосын бабамыз кешегі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі басын құраған елге Едіге бабамыздың нақ жатқан жерін та­уып беріп, халыққа таспен қоршатып, басына ақ шүберек байлатыпты.
Еңсебай Сығанақтағы шырақшы Қошанмен құрдас болса керек. Өзі Телікөлден базарлауға Шиеліге жылына бір-екі рет келіп қайтады екен. Бір күні малын екі-үш күн бұрын базарға айдатып жібереді. Екі жігітке: «Шырағым, Сығанақтағы Қошанның үйіне қонып шығыңдар, ол кісіге атаған малым бар еді. Өзі танып алып қалмаса, қошқарды сата беріңдер», – депті. Жолаушылар қонып, ерте малды айдап бара жатқанда, Қошан бір көк қошқарды атап тұрып, өзіне алып қалады. Бабамыз Сығанақтағы мазаратқа дұға оқып, екеуі үйге келеді. Келгесін Қошан атамыз: «Еңсебай, өзіңе бір қарбыз, бір қауын сақтадым, оны осы топ қауыннан тауып ал», – депті. Сонда бабамыз: «Маған сақтаған қауының мен қарбызың бұлардың ішінде жоқ қой, киізге ораулы жүк аяқтың қасында тұр» – деген екен. Екеуі бір-біріне риза болып көрісіп, қол алысыпты.
Еңсебай бабамыз кейінірек Бектас атамыздың қайта-қайта шақыртуымен туған мекені – Ақмаяға көшіп келеді. Осы жердегі мешітке иелік етеді. Бұл кісі қайтыс болғаннан соң, ол «Төлеш молда мешіті» аталыпты. (Бұл кісі атақты сатирик Сейділда Төлешовтің әкесі – автор)
Дүниеден көшкеннен кейін хабар жеткен жерге шақырту жіберіліп, жақсылар жиналады. Бектас атамыз бастаған кісілер: «Өз әкеміз осы Сыр бойына қойылады», – депті. Сонда Ақтай болыс: «Уа, Жәке, бұл кісі бүкіл Орта жүздің қасиетті әулиесі ғой, сіз бен біздің иелік жасағанымыз ұят болмас па екен?» деп айтса керек. Ақыры барлығы бір ауыздан ұйғарып, араға бір қонып, Телікөлге әкеліп, жұма күні қояды.
Көзінің тірісінде бабамыз үлкен баласына, қария кісілерге: «Маған сәннің керегі жоқ, төртқұлақ орнатыңдар, Алланың айы мен күнінен, жаңбыры мен қоңыр желінен нәр алып жатайын» – деген екен. Содан артында қалғандар басына күйдірілген кірпіштен төртқұлақ орнатыпты. Қазір төртқұлағы ескірген қалпы тұр.
Ал Төңкеріс елді мекенінде Еңсебай бабамыздың ең кіші баласы Парманқұлдың атымен аталатын мешіт ашылып, халық игілігі үшін қызмет етуде. Парманқұл 1891 жылы туылып, 1959 жылы қайтыс болған. Сүйегі Төңкеріс елді мекеніндегі қорымға қойылған. Ел оның басына барып, зиярат жасап тұрады. Ауылдың үлкен-кішісі құрметпен әзиз тұтады.

Әшірбай ҚҰНДЫЗБАЕВ,
Шиелі кенті.
27 сәуір 2019 ж. 1 048 0