Кәріз құдығынан табылған балаға қатысты пікір білдірді
«Сергек» камераларының арқасында жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 2 есе азайды.
Бұл туралы бүгін қала халқының алдында есеп берген Астана әкімі Бақыт Сұлтанов айтты.
«Сергек» камераларының арқасында ашық жатқан кәріз құдықтарын анықтап отырмыз. Өкінішке орай, адам өлімі орын алған жайттар да бар. Кеше ғана баланы тауып алдық. Бұл жерде түрлі шаралар қабылдап жатырмыз. Желілерді салып, кәріз құдықтарын ашық қалдырған құрылысшыларға жүйелі шаралар қолданылады. Коммуналдық қызметтеріміз күн сайын оларды тексеріп шығуы қажет. Осы уақыттың ішінде ашық жатқан мыңдаған кәріз құдығын тауып, жаптық», - деді қала басшысы. Оның айтуынша, кәріз құдықтарының қақпағын ұрлау деректері де тыйылмай отыр.
«Қақпақ орнатасың, ал таңертеңінде жоқ. Азаматтардан сақ болуды және дер уақытында хабарлауды өтінемін. Біз шара қабылдайтын боламыз», - деді Б.Сұлтанов шойын қақпақтарды қабылдайтын орындарға да шаралар қабылданатындығын жеткізді. Жалпы, әкім дерегіне қарағанда, қалада 6 мың «Сергек» камерасы орнатылып, жұмыс істеп тұр. Соның арқасында аулаларда орын алатын қылмыс екі есеге төмендеген. «Сергектің» арқасында жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын өлім-жітім де 2 есе төмендеді», - деді Б.Сұлтанов.
inform.kz