СҮЛЕЙМЕН ПАЙҒАМБАР МЕН МӘЗЕРЕ ҚҰМЫРСҚА
Көзіңді ашып-жұмғанша жылдам ақпарат тарайтын мына жаһанданған заманда жұртты қызықтыратын, көпке ой салатын мақала беруді газет тілшісінің бірден бір міндеті деп білеміз. Оқырманға тұшымды дүние ұсыну да біздің мақсат. Осыны негізге ала отырып, аңыз, әпсана, қиссалардан үзінді беруді жөн санадық. Газетіміздің бұл санында “Сүлеймен пайғамбар мен мәзере Құмырсқа” жайлы қиссаны ұсынамыз.
Бір күні Сүлейменнің әскерін көрген құмырсқалар патшасы әскеріне «Дереу інге тығылыңдар!» деп бұйрық берді. Сүлеймен күліп:
– Неге қаштыңдар? – деді.
Құмырсқа:
– Әскеріңмен бізді таптап кетпес үшін, – деді.
– Сен неге қашпадың?
– Мен басшымын. Елге қиындық келгенде есі дұрыс патша жан сауғалап қашпас болар. «У ішсең руыңмен» деген, – деді.
Сүлеймен таң қалып:
– Өзің жәндіксің, даналықты қайдан білесің? – деді.
– Құдай ілімді саған ғана берген деп ойлама. Алла даналықты қалаған құлына ғана береді, ал, мал-мүлікті қаламаған құлына да бере береді, – деді. Сүлеймен оның ақылына риза болып, әңгімеге тартқысы келді.
– Алладан ілім ғана сұрағанша, неге мен сияқты билікті де қоса сұрамадың? – деді.
– Ең ақылды адам – ел билеуден аулақ болған адам. Алладан болмасты сұрамадым. Бір ретте Алла менен «Атыңды Сүлейменнен асырайын ба, әлде жасырайын ба?» – деп сұрады. Бұл дүние – о дүниенің көлеңкесі. Желмен жарыспа, көлеңкені қума деген. Болмасқа, толмасқа мақсатты салмайын деп, дүниенің атақ-даңқынан өзім бас тарттым. Атақ пен даңқ өлген кісіге пайда бермейді. Бірақ, тірі адамға өлгенше тартқызатын азабы бар. Алла маған онсыз да мекендеуге 40 қабат жердің астын берді. Қаламасам да 40 рулы елге басшы қылды. Ынсап сайын береке. Маған осы жетеді. Ұлық Алла саған не берді, Сүлеймен? – деді құмырсқа.
Сүлеймен сасып қалып:
– 18 мың ғаламның билігін берді. Ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда, – деп жұдырығын көрсетті.
– Әй, Сүлеймен, ақылды адам жұдырықпен ел басқармайды. Ел ақылыңа байланады, махаббатқа маталады. Басқа қандай құдіретің бар?
– Алла желді құзырыма берді. Ерттеп мініп, бір күнде бір айшылық жол жүремін.
– Алла желді не үшін бергенін ұқпадың ба? Бұл дүниенің ісі жел сияқты жылдам өтеді. Көзге көрінбейді. Қолда тұрмайды. Мұндай тұрағы жоқ желді мінгенше, білім пырағына мінгеніңде көзді ашып-жұмғанша аршы-күрсі, ғаршы әлемнің бәрін аралар едің. Тағы нең бар мақтанатын?
– Алтыннан жасалған тағым бар.
– Отыруға жер де жетеді! Алтын баянсыз. Билігіңнің баяны болмайды екен. Басқа қандай құдіретің бар?
– Жер жүзіндегі жын мен періні құл еттім.
– Жын-пері күл-қоқысты мекендейтін, зұлымдыққа жаны құштар мақұлық. Олардың адамға пайдасынан зарары көп. Одан да, Алланың бүкіл қызметіне алаңсыз қараушы періштемен дос болғаның абзал. Тағы не артықшылығың бар?
– Қасиетті жүзігім бар. Алла барлық билікті осы жүзікке сыйғызды.
– Алланың алдында сенің билігің бір түйір тас екен. Оған мақтанба. Алла қаласа билікті кез келген пендеге бере алады. Жүзігіңнен айрылсаң, сенен өткен бейшара жан табылмас, – деді.
Сүлеймен сөзден жеңілді. Өзін жұрттан артық, елден ерек, ақылды деп санағанына ұялды. Құмырсқа Сүлейменге:
– Әскеріңе айт. Бізге қонақ болсын. Осында түнеңдер, – деді. Сүлеймен:
– Әй, құмырсқа, бізді қалай күтесің. Тойдыруға азығың жетпес, – деді. Құмырсқа ініне кіріп, шегірткенің артқы аяғын алып шықты. Сүлеймен:
– Мынау не? – деді.
– Саған және әскеріңе тамақ.
– Шегірткенің аяғымен бізді қалай тойдырасың.
– Тойымдықты Тәңір береді. Алып Құж Нұхтың жарты шелпек нанына тойған. Үй егесінің асына емес, ықыласына қара деген. Қарын тамаққа тоймаса да қабаққа тояды. Берген асының қуаты кешке дейін жетпейді, бірақ көрсеткен ықыласы мәңгі-бақи естен кетпейді деген, – деді. Сүлеймен де, әскері де шегірткенің артқы аяғына тойып қалды. Құмырсқа ініне кіріп, екі-үш арпа дәнін алып шықты. Сүлеймен:
– Мұны не қыласың? – деп сұрады.
– Енді аттарыңды жемдеймін. Сенің алдыңда даңқы жер жарған Сүлеймен деген патша өткен. Соның қапшығы жыртылып, арпасы шашылған. Бұл жарықтық сол патшаның көзі. Мұнымен саған дейінгі он Сүлейменнің атын жайлап едік, – деді.
– Менен өзге де Сүлеймен деген патша болған ба? – деп сұрады.
– Ей, Сүлеймен, Құдайдың сенен басқа Сүлеймені жоқ дейсің бе? Ұлық Алла қаласа, сендей Сүлейменнің мыңын жаратады. Дүниені жалпағынан басқан жалғыз менмін деп масаттанба, – депті. Сүлеймен сөзден жеңілді.
Сүлейменді ұйқы жеңіп, көзі ілініп кеткенде Мәзере құмырсқа:
– Әй, Сүлеймен сен ұйықтап қалдың ба? – деді.
– Иә
– Мойныңда зіл батпан міндетің бар, қалайша алаңсыз ұйықтайсың. Мен де бір елдің патшасымын. Бүкіл жұртымның тағдыры мен тіршілігі мені уайымсыз отырғызбайды. Елімнің қам-қарекетін түгендемей, төсекте тыныш жата алмаймын. Қол астымдағы халықтың ауру-сырқауы болса, сауығуына жағдай жасаймын. Аш-жалаңашы болса, ас-ауқатына қарасамын. Әрбір құмырсқаның қайғысына да, қуанышына да ортақтасуға тырысамын, – деді.
Сүлеймен содан бастап халқы тыныш болмаса, өзі де тыным таппайтын күй кешіпті.
Ертесіне Сүлеймен жолға шығайын деп жатқанда Мәзере құмырсқа:
– Сүлеймен, бір қолқам бар, – деді.
– Екі құлағым сенде, – деді.
– Бұдан былай әскерің қызыл жалау ұстап жүрсін. Қызыл түсті көргенде әскеріңнің аяғында тапталмас үшін, біз жол беріп, қашайық, – деді.
– Дегенің болсын, – деп құмырсқамен қоштасады. Содан бері Сүлейменнің әскері қызыл жалау ұстап жүретін болыпты. Құмырсқалар да әліге дейін қызыл жалау көрсе, індеріне қашады екен.
***
Сүлеймен тағы бірде құмырсқаға:
– Сенің әскерің көп пе, менің әскерім көп пе? Менің алты мың әскерім адамнан, алты мың әскерім жыннан, алты мың әскерім періден тұрады, – деп мақтанды. Құмырсқа:
– Әлбетте, сенің әскерің көп. Дастархан басында сенің бір нөкеріңнің аузынан түскен нан қиқымы менің он бес құмырсқама азық болады. Олардың ризығынан біз несібемізді айырамыз, – деді. Сүлеймен сөз төркінін түсінді.
– Ендеше неге сен де мен сияқты күллі әлемге патша болуға ұмтылмайсың? – деді. Құмырсқа:
– Ұлық Алла маған патшалыққа жердің астын берді. Жер бетінде менменсіген барлық патша, батыр, бай-бағылан, ел ағасы мен өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасының барар жері көр. Менің патшалығыма түскесін олардан өткен мүсәпір болмайды, – деді.
– Сенің жасың қаншада? Қайсымыз үлкенбіз? – деп сұрады.
– Кеше Нұх пайғамбардың кемесіне азық тасып, оның батасын алдым. Пайғамбардың сарқытын іштім. Бүгін сенің дастарханыңда отырмын. Ертең кіммен табақтас боларымды бір Құдай өзі біледі, – депті.
***
Сүлеймен патша өлместің суын алдырып, ішкісі келді. Ол күллі мақұлықты жинап:
– Мен өлместің суын алдырдым. Ақыл қосыңдар. Ішкен соң өкініп жүрмеймін бе? – деп сұрады. Барлық мақұлық:
– Сіз ішпегенде кім ішеді. Сіздей әділ патша мәңгі жасаса жарасады, – деп жамырасты. Патша жан-жағына қараса, кеңеске Мәзере құмырсқа келмепті. Сауысқанды құмырсқаға жұмсады. Ол келмеді. Екінші ретте «алып кел» деп қашырды жұмсады. Тағы да келмеді. Үшінші жолы ит барғанда, бірге ілесіп келді.
Сүлеймен құмырсқаға қаһарланып:
– Әмірімді неге үш еттің? – деді.
– Өлімді ойлап, ақыретке дайындық үстінде едім. Әміріңізді естімей қалдым, – деді.
– Сауысқан айтпады ма?
– Сауысқан Зәкәрияны залымдарға ұстап берген. Сол үшін оған сенбедім.
– Қашырды неге тыңдамадың?
– Ол Ыбырайымды отқа жаққанда, жау жағына өтіп кеткен. Оған да сенбедім. Ал, ит – әлімсақтан Адамның досы. Айнымас серігі. Оған сендім, – деді. Сүлеймен құмырсқаның тапқырлығына риза болды. Оған өлместің суын көрсетіп:
– Мынаған не айтасың? – деді.
– Тілімді алсаң ішпе.
– Неге? Менің мәңгі жасайтынымды қызғанасың ба? Бәрі іш деп жатыр.
– Қызғаныштан Құдай сақтасын. Алланың бергенін сайтан қызғанады. Бірақ мынаны ескергейсің. Мәңгілік Құдайға жарасқан. Алламен таласу пендеге қол емес. «Ажал – момын құлды Аллаға жалғайтын алтын көпір» деген. Жүрегі таза пендесі Алламен кездесуге ынтық болар. Әр дәуірдің өз халқы, өз патшасы болады. Заманы бөлек ұрпақпен әңгімеңіз жараспас. Қатарыңнан қалған соң, қадірің қашады, – деді. Сүлеймен судан бас тартып, ыдыстағы суды шашып жіберді. Өлместің суы шыршалар мен аршаларға шашырады. Олар осыдан бастап, мәңгі жасыл ағашқа айналды.
***
Сүлеймен Мәзере құмырсқадан:
– Әй, құмырсқа, басың неге дәу? – деп сұрады.
– Көп ойланамын – деп жауап берді.
– Құйрығың неге үлкен?
– Өзімнен жеті есе ауыр затты көтеремін. Қайратым мол.
– Белің неге жіңішке?
– Қанағатшылмын.
– Бір жылда қанша азық жейсің?
– Бір жылда бидайдың бір дәнін тауысам.
– Ендеше көрейін сенің қанағатшылдығыңды, – деп, Сүлеймен оны бір ыдысқа қамайды. Ішіне бір ғана дән тастайды. Бір жылдан соң қараса, бидайдың жартысы ғана желінген. Сүлеймен:
– Әй, құмырсқа, сен маған бір жылда бір бидай жеймін дегенсің. Неге жартысын қалдырдың? – деді. Құмырсқа:
– Әдетте менің ризығымды Алла береді. Ол бізді ешқашан ұмытпайтын. Аллаға тәуекел етіп, артық азық сақтамаймыз. Бұл жолы азығымды сен бердің. Сен Алла емессің ғой. Ұмытып кетуің мүмкін. Сондықтан сақтық қылып, жартысын алып қалдым, – деді. Сүлеймен оның қанағатшылдығына риза болды.
***
Бірде Сүлеймен:
– Ей, құмырсқа осы сендердің түрлерің, түстерің бірдей. Бір-біріңді қалай айырасыңдар? – деп сұрады. Құмырсқа:
– Алла алты мың түрлі хайуан жаратты. Оның екі мыңы қырда жүрсе, төрт мыңы суды мекендейді. Құдіретті Құдай адам ұрпағының келбетін сан алуан етіп жаратқанда, біздерге жеке-дара өң таппады дейсің бе? Менің де құлағы шұнақ, мұрны қоңқақ, көзі қыли күзетшім бар, – депті.
Сүлейменнің күзетшісінің құлағы шұнақ, көзі қыли екен. Сүлеймен сөзден жеңілді.
«Әлдиден эпосқа дейін»
кітабынан алынған.