Ноутбукты қолданғанда арқа ауырмас үшін...
Кей адамдар үшін ноутбукпен жұмыс жасаған ыңғайлы. Жұмысы өнімді болуы мүмкін. Бірақ ноутбук алдында дұрыс отырмау - арқа, мойын мен иыққа салмақ түсіреді. Салмақ түсіріп қана қоймай, дертке де шалдықтырады.
Ноутбук немесе нетбук кез келген жерде алып жүріп, ісіңді тындыруға болады. Бұл жағынан таптырмас құрал. Ал үйде ұзақ уақыт пайдаланатын болсаңыз, онда ескере жүрер ережелер барын ұмытпаңыз.
Егер ноутбук алдында ұзақ уақыт бойы бүкірейіп, бір қалыппен отыратын болсаңыз арқа бұлшықеттеріне салмақ түседі. Қан айналымы баяулайды. Кейде дене ісінуі де мүмкін. Арқа бұлшықетіңізге зиянын тигізеді. Неліктен бұлай десеңіз: өйткені бүкірейіп отырғанда бұлшықеттер жұлыннан омыртқаға өтетін жүйке жүйесін қысады, ауыртып, сезімталдылықты жояды. Егер мойын омыртқадағы жүйкені қысатын болса онда мойын, қол, иық ауырып, ұйып қалады. Бел омыртқадағы жүйке қысылатын болса бел мен аяқта ауырсыну пайда болады. Енді бұдан шығатын қандай жол бар? Ол үшін...
→ Орындық жайлы болуы тиіс. Үстелдің биіктігі 75-85 сантиметр аралығында болған дұрыс. Сондай-ақ, айналмалы, шынтақ қоятын және белге арнайы тіреуіштері бар орындық таңдаған абзал. Пернетақтаны ыңғайлы орналастырыңыз. Ал тінтуірдің (маус) салмағы жеңіл, ал айналатын дөңгелек батырмасы ауырлау қозғалғаны дұрыс.
→ Көпшілік ноутбукке бүкірейе отырады. Себебі пернетақта мен тінтуір бөлек орналаспаған. Сол үшін ноутбукқа жеке пернетақта мен тінтуір сатып алған абзал. Оны жалғап, ноутбукты алысырақ қойып, жұмыс жасаған өзіңізге де ыңғайлы, әрі денсаулығыңызға пайдалы.
→ Ноутбукты тізеге қойып пайдалануға болмайды. Дұрысы орындыққа қойып, қолды тіреп, арқаны бүкпей жұмыс жасаған дұрыс.
→ Ноутбук алдында ұзақ отыруға болмайды. Ара-арасында үзіліс жасап, сергіп алғаныңыз жөн. Бұл буындар мен бұлшықетке көп күш түсірмеудің бір жолы. Арқа, мойын мен иықтағы сырқаттар бірден пайда болмайды. Ақырындап меңдей бастайды. Ал оны емдеу ұзаққа созылады. Сондықтан да ескерер ережелерді есте сақтап, денсаулығыңызға күтім жасаңыз.
massaget.kz