Tengrinews.kz қалай ірі медиабрендке айналды?
Қазақстандағы ең үлкен, беделді Tengrinews.kz ақпараттық порталына биыл 8 жыл толды. Соған орай веб-сайттың негізін қалаған Батыр Қазыбаев пен портал директоры Сұңқар Қарабалин Tengrinews тарихымен, ақпарат майданындағы орны және сайт жоспарларымен бөлісті.2010 жылдың қыркүйек айында Tengrinews порталының негізі қаланды. "Alash Media Group" холдингінің директоры Батыр Қазыбаев бұл жайында былай дейді:
– 2010 жылы "Alash Media Group" холдингінде "Жетінші арна", "Tengri FM" радиостанциясы, күнделікті шығатын "Алаш айнасы" және іскерлік "Фокус" газеттері жұмыс істеді. Сол уақытта интернет-портал ашу стратегиялық шешім болды. Себебі халық онлайн ортаға ауыса бастады, оның үстіне интернеттің қазақстандық сегментінде отандық веб-сайттар тым аз болды және шетелдік БАҚ біздің медиакеңістікті жаулай бастады. Сондықтан біз елге сапалы жаңалық тарататын қазақстандық альтернатив веб-портал жасаймыз деп шештік. Осылайша 2010 жылдың қыркүйек айында Tengrinews.kz веб-сайты ашылды.
Сайттың алғашқы концепциясы Tengri FM кеңсесінде жасалған еді, атын Tengrinews деп қоюды шештік. Атауы сәл ұзақ, есесіне Тенгри (Тәңірі) сөзі қазақстандықтар үшін өте таныс.
Батыр Кəкімжанұлы – белгілі қоғам қайраткері, журналист, жазушы Кəкімжан Қазыбаевтың ұлы. Əкенің мансабы мен тəрбиесі болашақ медиатұлғаға қалай əсер етті?
Әкем мен үшін, шүбәсіз, ең абыройлы, беделді адам. Келесі жылы әкемнің ортамыздан кеткеніне 30 жыл болады. Мен оны күнде қасымда жүргендей сезінемін.
Бала кезде ата-анамыздың бізге қалдырған өнегесін түсіне бермейміз, бірақ бойға сіңген алтын тәрбиені өмір бойы аңғарумен боламыз. Әкемнің қандай алып болғанын, қандай қоғам қайраткері, журналист, жазушы болғанын тек есейе келе түсіне бастағандаймын. Меніңше, ол дәуірдің адамдары өзгеше, олар бізден мықты, әлдеқайда ақжарқын. Адамдық, кәсіби қасиеті деңгейі сондай биік. Мен соған сай болғым келеді.
Әкемнің маған берген ең басты сабағы – адамдарды таза, сенімді, бақытты болуға жетелейтін дүние жасау. Осының барлығын біздің медиахолдинг жұмысында, кəсіби мансабымда ұстану өз мұратым деп білемін.
"Tengrinews.kz медиакеңістікке жай қосыла салмай, ақпараттық порталдардың алды болды" дейді Сұңқар Қарабалин.
– Сайт ақпаратты жедел таратуға машықтала бастады. Басында біз 90 секундта бір материал береміз деген межені белгілеген едік, сол арқылы ақпаратты жан-жақты беруді көздедік. Бірақ ол кезде жаңалықтың барлығы редакция іріктеуінен өтпей жатты. Нәтижесінде сайт саннан сапаға көше бастады.
Ақпараттың тексерілуі, маңызы мен жедел жариялануы редакцияның басты назарында болды. Соның арқасында Tengrinews оқырман сеніміне лайық болды.
Кез келген нәтиже түбінде үлкен еңбек жататыны сөзсіз. Батыр Қазыбаев айтуынша алғашқы уақытта сайтта екі күрделі мәселе болған екен:
– Бірінші кадрлық қиындықтар болды. Интернетте жұмыс істейтін дайын журналистер болмады, олар тіпті қазір де жоқ. Себебі интернет-ресурс – ТВ, баспа, радиожурналистиканың жиынтығы. Нәтижесінде қызметкерлерге интернет-журналистика қыр-сырын үйретіп, дайындадық. Бұған белгілі бір күш пен уақыт кетті. Бірақ ақыр соңында әлемдік стандарттарды меңгерген кәсіби редакция жасай алдық. Tengrinews негізін қалаған және онда қазір жұмыс істеп жүрген журналистерді Қазақстанның интернет-журналистикасының пионерлері деп айтуға болады.
Сайттың күн тәртібінде тұрған екінші мәселе оның біліктілігі, объективтілігі және беделі болды. Қазір көбінің есінде қалмаған шығар, оныншы жылдардың басында ТВ мен газетке бәсекелес болу өте қиын еді. Бірақ интернет қоғам өміріне белгілі бір деңгейде әсер ете бастады. Сондықтан біз интернет-ресурсты беделді әрі танымал етуге болатынын түсіндік. Ол үшін нық қадам басып, ұтымды шешім жасау керек. Бірінші қоғам талабын ескеріп, оның қажетін білуге тырыстық, екіншіден сайттың технологиялық мүмкіндігін арттыру керек болды. Себебі сайт ол – технология. Үшіншіден сайттағы жаңалықтарды, мақалаларды ыңғайлы етуді көздедік.
Қазір сайтта қазақ редакциясы да жұмыс істейді.
– Сайттың алғашқы кезеңінде ақпарат орыс және ағылшын тілдерінде таратылды. Ағылшынша жаңалықтар шетелдік аудитория мен аналитиктер үшін жасалған еді. Кейін 2014 жылы сайттың қазақ тіліндегі редакциясы жұмысын бастады. Қазақ тіліндегі жаңалықтар әлі күнге дейін орыстілді редакциямен бірге жұмыс істеп келеді. Kaztengrinews-тің даму бағыты айқын, потенциалы биік, – дейді Қарабалин мырза.
8 жыл ішінде Tengrinews порталының қазақ, орыс және ағылшын редакцияларында 242 175 жаңалық, 1824 мақала және 1015 фотогалерея жарияланған. Барлық материал 3 651 967 пікір мен 2 984 116 757 қаралым жинаған. Ал жалпы оқырман саны – 130 978 993. Тәулік бойы жарияланатын материалдардың орташа қаралым саны – 12 000.
"Tengrinews – ірі медиабренд. Оның қазіргі деңгейге жетуіне біраз адамның еңбегі сіңді" – сайт директоры.
– Нарықта ақпараттық сайттар көбейіп жатыр, бәсеке жоғары. Бірақ Tengrinews өз беделін жоғалтпай, қабілетті ірі брендке айналды. Статистикаға сүйенсек, радио және интернет-сайттар ақпараттың көбін Tengrinews-ке сілтеме беріп таратады. Бұл – редакцияның жедел, сапалы жұмысының нәтижесі. Бірақ сайттың өркендеп, деңгейінің өсуіне тек редакция қауымы ғана емес, бүкіл Effective Media Liaison қызметкерлері үлес қосып келеді. Атап айтқанда қазір серіктестікте техникалық, коммерциялық, құқықтық, әкімшілік бөлімдер бар. Барлығы бірдей сайттың қарыштап дамуына себепкер деуге болады.
Серіктестікте сондай-ақ Massaget.kz, Vesti.kz редакциялары да еңбек етіп келеді. Барлық қызметкердің басын қоссақ, 100 адамға жетіп қалады.
Tengrinews-тің жоспары қандай?
Батыр Қазыбаев:
– Барлығы білетін Tengrinews бұл – жай ғана экран бетіндегі сайт емес, ол қолданушылар талабы мен назарына ыңғайланған әмбебап портал. Tengrinews-тің Android және iOS мобильді қосымшалары, LG мен Samsung өнімдеріне арналған Smart TV нұсқасы бар. Telegram мессенджері, Facebook, Instagram, Вконтакте әлеуметтік желілерінде сайттың көп оқырманы шоғырланған. Аталған платформалардың аудиториялары бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының өз мультимедиалық, ақпараттық талғамы мен талабы бар. Ал сайт соған қарай икемделіп жұмыс істей бермек.
Сұңқар Қарабалин:
– Сайттың қосымша TengriMIX, TengriTravel, TengriTV сияқты бөлімдері бар. Әрқайсысы өзінше форматы бар ерекше бөлім. Бұл Tengrinews-тің тек ақпараттық емес, көпсалалы сайт екенінің бір дәлелі. Бұнымен шектелмей әлі де үлкен жобаларды іске асыратын ойымыз бар. Болашақта ақпараттық лента мен танымдық контентті теңестіретін жоспарымыз бар. Өйткені қазіргі оқырман аты шулы жаңалықтан шаршады. Көбі білім мен сапалы контентке бет бұра бастады.
Сайт 8 жыл бойы оқырман қажетін өтеп, сеніміне ие болып келеді. Ендеше Massaget порталы атынан қазақстандық ең ірі Tengrinews порталын 8 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз. "Өзекті ақпарат өз уақытында" ұранымен жаңалық тарататын сайттың ертеңі мен бүгіні жарқын екеніне сенейік.
Massaget.kz