Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала. Жөргек. Дала

Бала. Жөргек. Дала

Үстіміздегі екі айдың тазалық және көркейту-көгалдандыруға арналғандығы баршаға аян. Сонда әр сенбілікке шыққан кездерде қоқыс маңайларынан көзімізге жиі шалынатыны полиэтилен қалтасы мен балалардың бір реттік жөргегі. Әрине, әр шаңырақта бала болған соң оның керек-жарағы да болуы заңдылық. Қуанарлық, сүйінерлік дүние. Лайым солай болғай.Аудан айнасы саналатын, сексен жылдық тарихы бар газетте түрлі мәселелерді қаузап, әлеуметті мазалаған тақырыптарды қалам ұшында көрсетіп келеміз. Ел ішінде «памперс» аталып кеткен бір реттік жөргек туралы болмақ бұл жолғы жазарымыз. Заман қарыштап дамып, адамның жайлы өмір сүруіне солқұрлым жағдай жасалуда. Әрине, бұған ешкім нали қоймас. Дамумен қатар енген жаңалықтарды игілігімізге жаратып-ақ келеміз. Алайда, өмірімізді жеңілдетеміз деп бізден арылған ауырлықтың қай тұсқа салмақ салып жатқанын бағамдай бермейміз кейде. Қош, сонымен тақырыбымызға оралсақ.
Бала денсаулығы – еліміз үшін аса маңызды мәселе. Десек те, қазіргі таңда памперстің дәурені жүріп, баланы тек сол «сиқырлы шүмектің» көмегімен ғана бағып жатқанымызды жасырып неғылайық. Толастамас тіршіліктің толқынында «Памперсті ойлап тапқан жанға рақмет» деп баланың бұтына жасанды жаялықты байлап қойып, біраз жұмысымызды жайлап алатынымыз рас дүние. Осы әрекетімізбен, үлпілдетіп баққан үкілі үміттеріміздің болашағын бұлыңғыр етіп жатқанымызды ойлаймыз ба? Аналарымыз «сендерді сан жаялық жуып-ақ жетілдіргенбіз» десе, құдды ертегі айтып отырғандай көретініміз хақ. Түн жарымда оянып, ағаш бесік таянған аналарымыздың, баласына арнайы бесік жасатқан бабаларымыздың осынау біздерге жасаған жағдайы бекер еместігін мамандар алға тартып, дабыл қағуда. Себебі, бұл өз кезегінде баланың жүйке-жүйесінің нашарлап, түрлі неврологиялық ауруларға ұшыратады екен. Деректерге сүйенсек, тәуелсіз сарапшы мамандардың қорытындысы бойынша, елімізде жаңа туған бүлдіршіндердің 60 пайызы осындай ауруға душар болатынын айтады. Яғни, зәрін ұстай алмай түнде төсекке жіберіп қоятын балалардың көбейіп кетуін осы жөргекқаппен байланыстыруда. Сонымен қатар, ол баланың жыныс мүшесінің жетілуіне де кері әсер ететін көрінеді. Бұл дегеніңіз, демографияға да теріс ықпалы бар деген сөз.
Осылайша, немересін бағуда кездескен қиындықтарды еңсеруде америкалық азаматтың ойлап тапқан бір реттік жөргегі зияннан басқа пайда әкелмейтіндігіне көз жеткізудеміз.
Ф.Әскербекова, көп немерелі әже:
– Қазірде жас аналар дайын жөргексіз күн өткізбейді. Баланың астын құрғақ ұстаймыз, тосып қиналмаймыз деген көп ата-ана баланың бұтын жайалыққаптан босатпайды. Екіншіден, сәбиінің жаялығын күнде жууды да қиынсынып тұратыны шындық. Содан-ақ оны жиі пайдалануға ұмтылады. Сол памперссіз-ақ қанша баланы бағып-қағып, енеге жағып, үй тірлігін алып жүрдік. Біздің памперсіміз бесік еді. Бала таза әрі жылы жатады. Жаялығы құрғақ болғасын ұйқысы да тыныш болады. Арасында шешіп алып, аяқ-қолын созып, жаттығу жасау керек. Бала бесікте жатпаған уақытта жөргектерін далаға күннің көзіне, қыста аязға жайып алу қажет. Сөйтіп бала анасының да мазасын алмайды. Ең бастысы, бесікте жатқан бала анасының тәтті әлдиін тыңдап ана тілінің қасиеті мен құдыретін біліп өседі.
Айта берсек, ойдан шығарғанымыз емес, зиянды тізімі арта бермек жасанды жаялықтың. Памперсті әбден киіп үйренген бала дәретін соған жібере беруге дағдыланып кетеді екен. Мұнымен қоса, памперс жаялығы сәби денесінің дұрыс дем алуына да кедергі келтіретін көрінеді. Яғни, терінің дұрыс тыныс алмауына әсер етеді. Бұл өз алдына, кішкентай нәрестені ауру қылуы да мүмкін. Дәрігер мамандар бұл жайлы тіпті дабыл қағуға мәжбүр екендіктерін айтуда.
Педиатр-дәрігерлердің айтуынша оны жиі қолдану бала денсаулығына кері әсер етеді. Бала ағзасы нәзік болғандықтан оған түрлі аурулар да жұққыш келеді. Мұнымен қоса, кішкентай сәби өзіне деген сенімін жоғалтады. Уақытылы ауыстырылмаған памперстің құрамындағы химиялық заттар зәрдің жиналу себебінен өзгеріске ұшырап, бала ағзасына орасан зиян әкеледі. Сәбидің шабы қызарып, баланы мазасыздандырып жібереді. Сонымен қатар, «энурез» атты қауіпті науқасқа шалдығуы ғажап емес. Баланың сұйық сіңіргіш жаялыққа үйреніп алатыны соншалық, ол дәретін игере алмай қалатын деңгейге жетеді. Осы тұста жас аналарға кейбір сарапшы мамандардың алаңын да жеткізгім келеді. Еуропа елдеріндегі демографиялық дағдарыстың салдары да осы памперстің кесірі дейді. Яғни, бала туу көрсеткішінің төмендеуіне памперс те ықпалын тигізетін көрінеді.
Ақпарат көздеріне сенсек, жасанды жөргектің бойына жиналған зәрден улы заттар бөлінетін көрінеді. Оларды кез келген жерге лақтыра салу, тастай салу табиғатқа да зиян әкелуде. Қазіргі кезде табиғат туралы әңгіме қозғалса, «Табиғат бүлінген», «Ауа-райы баяғыдай емес, өзгеше» деп тұжырымдаймыз. Табиғаттың мұндай халге түсуі адамның өз қолынан емес пе?!
Тақырыбымызда толғаған сол отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын жер-көкті жайлаған жөргектің де топырақта шіріп, жойылуы екі үш ғасырды қамтитын құбылыс көрінеді. Арнайы орындарда жоғары температурада өртемесе, жиырма бірінші ғасырдың «өтімді жөргегі» оңайлықпен жанбайды. Белгіленген жерде жойылмаса, ауаға тараған зиянды қалдықтардың зардабы зауал туғызбақ. Ендігі жерде адамға қататын тілі жоқ табиғаттың жағдайын бағамдай беріңіз. «Қазақта тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Осы нақылды тақырыбымызға тұздық етсек болғандай. Өйткені, қазақтың даласын да баласын да бүлдіріп жатқан осынау заттың адамзатқа артар салмағы аз емес.

Дина ЖҮСІПОВА.
24 қараша 2018 ж. 945 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031