ҚАШАНҒЫ ТҰТЫНУШЫ БОЛАМЫЗ?
Кәдімгі қағазды жазу-сызуға пайдаланғаннан кейін не істейсіз? Әрі кетсе екі бетіне де жазамыз. Сосын қоқыстан орын табады, не қайда ұшарын жел «біледі». Ескі газет, қағаз, кітапты жинайтын орынның барын ел білмейді. Білсе де ниет жоқ. Өйткені, бізде қоқысты әрі қарай пайдалануға болады деген түсінік қалыптаспаған. Сол қағазды жеті рет өңдеп, жеті рет кәдеге асыруға болады. Ең өкініштісі, біз тек – тұтынушымыз.
Бізге шам мен иненің өзі шекараның арғы бетінен келеді. «Дайын асқа тік қасық» деген осы болса керек. Демек, «жасап шығару» деген түсінік санаға сіңбеген, тек жер қойнындағы шикізатты игеріп, экспорттағанға тоқмейілсиміз. Бүгінде кәсіби макияж жасату трендте. Бұрын қыз-келіншек мейк-ап үшін жиын, тойды себеп қылса, қазір арнайы сылтаудың қажеті жоқ. Айтпағымыз, сырттан әкелінетін өнімнің басым көпшілігі – косметика. Шетелден, әсіресе АҚШ пен Кореядан әкелінеді. Қазақстанда тау бөктерінде небір емдік шөптің түрі бар, кейбірі басқа ландшафтарда кездеспейді де. Демек, табиғи ресурсқа баймыз. Бірақ декоративті косметика шығаратын кәсіпорынды май шаммен іздеп таппайсыз. Опа-далап, әтір секілді өнімдер мұнай мен газ, металл мен астықтың ақысына алынады. Қара алтынның да қызығы бір күні бітеді. Ендеше, санаға сілкініс керек.
Асқар Жұмаділдаев, математик ғалым:
- Қазақ технократтық жолға ауысу керек. Ең болмағанда мына телефонды өзіміз шығаруымыз керек. Егер өзіміз шығармасақ, баларымыз «Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңдер? «Қобыланды батыр» жыры ғана ма сақтағандарың?» – деп күледі. Сондықтан бізге технократтық сана, технократтық ұмтылыс керек. Өзгеріске ұмтылу керек. Біз одан ұтылмаймыз.Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз. Біздің үлкен мәселеміз осында. Қазақтың тілі бай дегенді көп айтамыз. Ол бай, бірақ керек емес сөздерге бай. Мысалы, бір ағамыз “Жылқының 3400 атауы бар” деп диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал біз жылқының 3400 атауын айтып, әлі жүрміз. Енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Жоқ сөзді, жоқ ғылымды, жоқ технологияны өзіміз табуымыз керек. Қазақ тілін ғылымға араластыру керекпіз.
Айтпақшы, ЭКСПО-ның басты тақырыбы – балама энергия көздері еді ғой? Шынын айтса, сол көрменің біз байқамаған, елемеген энергия көзі бар: ол – азаматтардың бойындағы арман-мұрат, қажыр-қайрат, ерік-жігер. Ендігіде шынайы дамуды, өсімді бірдеңе қамтамасыз ете алар болса – тек осы ғана»,-дейді ол. Енді мұнай болса да, болмаса да экономиканың «иммунитеті» мықты болуы үшін, шикізаттың «бетіне қарап отырмай» техниканы, кез келген өнімді өзіміз жасауымыз керек. Шекарадан әрі көз тастайық. «ХХ ғасырдың экономикалық феномені» − табиғи ресурсы өте аз Сингапур елі. 1965 жылы тәуелсіздік алғанда Сингапур ең кедей ел екен. Ішетін су мен құрылысқа керекті құмның өзін көрші Малайзиядан алады екен. Ал қазір бұл елге әлем қарап отыр. Сонымен дамудың кілті неде? Сингапур инвестицияны алдымен халқына жасаған. Үш мәселені алдымен шешкен: Сапалы білім, қолжетімді баспана, бизнес жасайтын мүмкіндік. Билік барынша адал жұмыс істеуді мақсат еткен. Жемқорлықты түбірімен жойған. Алғашқы премьер министр Ли Куан Ю заң бұзған туыстарын да, достарын да аямаған. Заңды жиі өзгертпеген, ағылшын тілін ұлт аралық қатынас тілі ғана емес мемлекеттік әкімшілік және бизнес тіліне айналдырғаны ең маңызды шара болған. Мұнымен қатар талантты жастарды ғылым, технология, бизнес пен экономиканы басқаруға, ағылшын тілін жетік меңгеруге баулығаны жеке адамға жасаған ең тиімді инвестиция, дамудың ең негізгі кілті болған.
ТҮЙІН. Байқадыңыз ба, бар мәселе – санада. Экономика даму үшін, кәсіпкерге жол ашылу керек. Бірақ естен шығаруға болмайтын қағида бар: кәсіп алыпсатарлыққа емес, жаңа идеяға құрылуы керек. Зерттейік, қазақтың өнімін жаңа заманға бейімдеп шығарайық, жарнамасын халыққа әсер ететін, «өтетін» етіп жасайық. Ал мемлекетте іске, адамдарға деген адалдық ерекше бағалануға тиіс.
Айдана ЖҰМАДИНОВА