Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала күтіміне шығу үшін не істеу қажет?

Бала күтіміне шығу үшін не істеу қажет?



Құрсағына бала бітіп, аналық бақытты сезінуге дайындалып жүрген келіншектеріміздің бас қатырарлық басты сауалы декреттік демалысқа шығу екені белгілі. Осы ретте, бала босануға және күтіміне байланысты демалысқа шығу үшін қажетті құжаттар мен мемлекеттен берілетін жәрдемақыларды, сондай-ақ, төлемдер қалай есептелетіні жайлы ақпараттандыруға тырыстық.
Қазақстан Республикасының электронды үкіметінің ресми сайтында келтіріл­ген ақпаратқа сәйкес, Еңбек кодексінің 99 бабында жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге баланың туылуына байланысты төмендегі демалыс­тар беріледі. Олар: жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алған жұмыскерлерге, сондай-ақ, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі.
Еңбек кодексінің 99 бабына сәйкес жүктілікке және босануға байланыс­ты демалыс ұзақтығы босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 күн, қиын босанған немесе екі одан көп бала туған жағдайда 70 күнді құрайды. Демалыс­тарды есептеп, жұмыс күніне қарай нақтылап, жиынтықтап жүргізіледі. Әйел босанғанға дейін нақты пайдаланған күндерінің санына және жұмыс берушідегі жұмысының ұзақтығына қарамастан толық беріледі. Бала күтімі бойынша кезекті демалыс кезінде үйде отырған әйел азаматтарына жұмыстан айырылып қаламын деп уайымдаудың еш қажеті жоқ. Себебі, ҚР Еңбек кодексінің 59-бабына сәйкес кез келген жұмыс беруші қол астындағы әйел азаматын жүктілік, босану және бала күтіміне сәйкес демалысқа байланысты жұмыстан шығара алмайды. Сонымен қатар, декреттік демалыс кезінде әйелдің еңбек өтілі есептеледі. Жүктілікке және босануына байланысты әлеуметтік төлем бірақ рет берілсе, ал баланың бір жасқа толуына дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлем ай сайын төленеді. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдау күнінен бастап 4 жұмыс күн ішінде, оларды мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына береді. Әлеуметтік төлемдер алушыларға әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім қабылданғаннан кейін, әр айдың 20 жұлдызына дейін төленеді. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін құжаттарды әйел азаматы уақытша жұмысқа қабілетсіздігі жөніндегі парағы берілген күннен бас­тап 12 айдан асырмауы қажет.
Жәрдемақылар мен төлемдер қалай есептеледі?
Баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік төлемді есептеп көрейік. Олай болса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Шиелі аудандық бөлім басшысы Ғалымжан Ембергеновтің айтуынша, орташа жалақы мөлшерімен есептеп көрдік. Мысалы, бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді. Сол жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 70 000 теңге алса, екінші жылы 90 000 теңге алған. Бұл жерде қолайлылық үшін аталмыш сома барлық қажетті аударымдарды шегерумен алынған ретінде санайық (зейнетақы жарналары, табыс салығы және т.б.). Жалпы жиынтық табысты санаймыз:
12*80 000+12*100 000=960 000+1 200 000= 2 160­­ 000 теңге
Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 2 160 000 /24= 90 000 теңге; 90 000 теңге – орташа айлық табыс мөлшері. Сөйтіп, баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10 зейнетақы жарналарын шегеру керек: 90 000*0,4 — 10% = 32 400 теңге. Яғни, бала босанған әйел ай сайын 32 400 теңге алады. Бұл дегеніміз үйде бала күтімінде отырған ана үшін кішкентай болса да үлкен көмек болмақ. Осы мәлімет сіздің де кәдеңізге жарар.

Әзірлеген
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
07 қараша 2018 ж. 1 596 0