Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесі бесіктен

Бала тәрбиесі бесіктен

 
Балаға байқап сөйлесең,
Ақылыңа көнер,
Байқамай шайқап сөйлесең,
Көрсетер бір «өнер».
Бала өзін жақсы көргенді, өзімен ойнағанды, сөйлескенді, көңіл бөлгенді қалайды. Бұл нәрселерге аса қажеттілігі бар. Бала өзіне салқын, қабағын түйіп, дөрекі және қатты мәміледе болған үлкендердің оны жақсы көрмейтінін ойлайды және күйзеліске ұшырайды.
Балаларға тек насихат айтудың көп жағдайларда әсері болмайды. Мәселен он рет оған “Тамақтан бұрын қолыңды жу” деп айтудың орнына бір рет “Кәне екеуміз бірге қолдарымызды жуайық!” деп бірге істеу одан да әсерлі болып табылады. Оған бір нәрсені істе дегеннен кейін, ол нәрсені істеп-істемегенін қадағалау керек. Бұл қадағалау оның бұдан кейін де айтылған нәрсені орындауы үшін қажет. Оның қолынан келмейтін немесе істемейтіні мәлім болған нәрселерді айтпау керек. Олай болмаған жағдайда істеп жүрген қарапайым нәрселерді де істемейтін болады.
Шайнап берген ас болмас
Қазіргі таңда жасалып жатқан қателердің бірі жеткіншек балаларымызға жасалып жатқан мәміле. Бәрінен бұрын балаларға өз аяғына тұруды үйретуде осалдық танытудамыз. Көп отбасылар біз көп қиыншылық көрдік, баламыз таршылық көрмесін, осылар үшін тауып жатыр емеспіз бе деген сияқты желеулермен баласы не қаласа алып беруде, айтқанының бәрін орындауда, шамадан тыс қорғаштауда және еңбекке баулуда осалдық танытуда. 
Саналық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да балаға әр қалағанын алып беру, еңбексіз, машақатсыз өмірге дағдыландыру оған жақсылық емес жамандық ету болып табылады. Бүгіннің ертеңі де барын ұмытпауымыз керек. Ертеңгі әл-ауқат басқа болуы мүмкін. Әл-ауқат азаймағанымен де «шайнап берген ас болмас» деген даналық сөз бар. Дүниенің мың сан-түрлі қыры бар. Мәселен жегені алдында жемегені артында, люкс көлік, қымбат киім, яғни молшылыққа, дайынға дағдыланған бала, жоқтыққа тап болғанда, өз басынша өмір сүру қажет кезде не істейді. Жұмыс таба ала ма? Тапса да бұрынғы өмір салтын жалғастыратындай табысы бола ма?.. Осы секілді себептерге байланысты баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және тек қана сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету, еңбексіздікке әдеттендіру дұрыс емес. Өйткені бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде, қиянатқа мойын бұруы, өмірге ренжіп, қиялдары қирап ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа, бұзақыға айналуы мүмкін.
Бала және өтірік
Балаларыңызға ешқашан, қалжыңдап болса да өтірік айтпаңдар. Өтірік айтқаныңызды түсінген бала мұны қалыпты нәрседей қабылдап, ол да өтірік айта бастайды. Балаңыз тәртіпті, жүйелі өмірді сізден үйренеді. Ойыншықтарын орнына қоюды, киімдерін көтеруді үйретуіңіз керек. Бірақ айқайлап ұрыспастан мұны ойын халіне келтіріп атқару керек. 
Балалар көбінесе бұзықшылық жасағанда өтірік айтады. Айтқан әрбір сөзіне дереу сене салу да баланы өтірікшілікке дағдыландырады. Бала өтірік айтумен мәселенің жабылатынын, ата-ананың сол мәселе жайлы көп сұрамайтынын білсе, бұзықшылығын жалғастыра беретін болады, әрі сөздерінің арасына да көп өтіріктерді қосатын болады. Баланы ұру дұрыс емес. Бала таяқ жеуден қорқады, бірақ істейтін қылығын жасырын жасай бастайды. Мұның салдарында бала қиындықтан өтірік айтып шығуға, алдауға әдеттенеді. Көп өтірік айтуды әдеттеніп өскен балалар кейінгі кезеңдерде өз өтірігіне өзі де сенетін болады, сенімсіз тұлға ретінде қабылданады, елге масқара болады.
Баланы кішкентай кезінен бастап адалдыққа дағдыландыру керек. Өзгенің мал-мүлкін тартып алуды, өтірік айтуды, жаман, жиіркенішті қылып түсіндіру керек. Осындай тәрбиемен өсіріп, балиғат жасына толғанда бұл әдептердің ерекшеліктерін, маңыздылықтарын үйрету керек.
Қорқыныш кинолары
Қорқыныш және зұлымдыққа негізделген кинолар балаларды агрессивті болуға, келеңсіз қылықтарға бағыттайды. Мұндай киноларды балалардың көруі рух саулығы тұрғысынан да өте зиянды. Қорқыныш пен зорлық-зомбылыққа негізделген кинолар мектепке дейінгі балалардың қиял күшін шектен тыс азықтайды. 3-6 жас аралығындағы балалар үшін бұлардың шындық емес екендігін түсінуі қиын болады. Мәселен супермен фильмін көрген бала өзінің де кинодағыдай ұша алатынын ойлап, кинода көрген әдеттен тыс әрекеттерге қол ұруы мүмкін.   
Аздаған кеңес
- Балаларыңыздан қайғыларыңызды, дерттеріңізді жасырыңыздар.
- Баланы жанұядан біреу ұрсып, сөгіп жатқанда, бұл ұрысқаны әділетсіздік болса да, жанұядағы басқалары баланы жақтамауы керек.
- Олардың жанында әрқашан жайдарлы, күлімдеген, жарқын жүзді болыңыз! Жабырқаулы, мұңды адамдардың жанында балалар қатты әсерленеді.
- Балаларыңызды өзгелердің жанында ұрыспаңыз! Кішкентайлардың да намысы, ренжитін өздеріне тән көңілдері бар.
- Балаларыңызға жасаған қателіктерін мойындауды үйретіңіз. Кемшіліктерін білуі және оны жасамауға тырысуы, өмірде жетістікке жету - сырларының бірі.
- Батыл мінезді болуыңыз баланы көптеген жаман әрекеттерден сақтайды.
- Балаларды ешқашан өтірікшілікпен айыптамау керек.
- Балаларыңызды бір-бірінен ешқашан бөлектемеңіз.
- Балалардың тәкаппарлануына ешқашан көз жұмбау керек.
- Балаларға өткінші емес, тұрақты тәрбие беруге тырысу керек.
- Балалардың көңілді және қуанышты болуларына тырысу керек.


http://bilim-all.kz/
01 қараша 2018 ж. 2 159 0