Ерлік ерге тән
«Ерлік білекте емес, жүректе» деген дала данышпандарына айналған бабаларымыз. Төтенше жағдайда батылдықтың үлкен үлгісін көрсеткен Ғарифолла Мүсілімов адам өмірін тілсіз жаудан құтқарудағы ерлік ешқашан жас талғамайтындығын тағы да дәлелдеді. Астана қаласында бір үйлі жанның үш бірдей баласын өрттен аман алып шықты. Қиындықта қалған көршінің балаларын құтқару жолында жанкешті әрекетке барған жігіттің бұл ізгі ісі баршаның таңданысын тудырды.
Отқа оранған үйде кішкентай балдарды алып шығу үшін, қауіп-қатерге басын тігіп, іштей үрейленсе де, қарсы тұра білген телікөлдік азамат Ғарифолла. Қиындықтан қорықпаған ер азамат жігітке тән батыл қадам жасады. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, батыр жігіт өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың келуін күтпей, өрттің ауыр зардабын болдырмауға бар күшін салған. Тағдырдың сынағынан сүрінбей, қиындықпен күресе білуді үйренген ол әжесі Ұлдана Әбдіқызының тәлім-тәрбиесінің ықпалымен есейгені анық.
– Көрші үйде өрт болып жатқанын көрген соң, іштей қорыққаныма қарамастан, қалай да 1 сынып оқитын бала мен 2 жеткіншекті құтқарып қалу керек болды. Балалар отырған бөлменің терезесін шынтағымен сындырып, қауіп-қатерден қаймықпай жасөспірімдерді алып шықтым. Өрт үйдің алдыңғы кіреберіс жағында болғандықтан, балалар отырған бөлмеге келе қоймаған. Дегенмен де, олардың сәл иістенгені болмаса, күйік шалған ешкім болмады. «Өмірде айналадағы адамдарға жасаған жақсылығың – өзіңе жасаған игілігің» деп атам Мүсілім Мәліков бізге үнемі үйде ақылын айтып отырады. Сондықтан болар, қиындыққа қарамай жәрдемге мұқтаж жандарға көмек көрсету әрбір адамның азаматтық борышы деп білемін. «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, адал еңбегіммен еліме қызмет еткім келеді. Өмірімде ешқашан есімнен кетпейтін осы оқиғадан кейін адамдарды тілсіз жаудан құтқаратын өрт сөндіруші мамандарға деген құрметім артты, – дейді Ғарифолла.
Батыр жігіттің ата-анасы Сайфулла Мүсілімов пен Жазира Сүлейменова өздерінің тұңғыш перзентіне ерекше сенім артады. Астана қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының 4 курсын да оқитын студент жігіт, бес баланың үлкені екен. Телікөл ауылындағы №214 мектепті оқып бітірген Ғарифолла мектеп оқушыларына батыл ісімен көпке үлгі болып, мақтанышына айналып отыр. Осылайша 4 курс оқитын өжет жігіт үлкендердің қолынан келе бермейтін өнегелі ісімен танылып, адамгершілік қасиетін көрсетті.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.