Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілегені қабыл болған Тілеуберген

Тілегені қабыл болған Тілеуберген


Ой құшағында отырмын – Құдайдың құдіретне таңқаласыз. Құдірет демей не деуге болады? Аудандағы 25 мешіттің жетеуін бір адам соғып беріп жатса. Мұндай іске оның күш- қайраты, құдіреті қалай жетті екен? Бұл қарапайым халыққа жасап жатқан қайырымдылық іс-әрекеті ме, әлде, атақ-даңқын, байлығы мен мансабын көрсеткісі келіп жүрген адам ба? Сұрастырдық. «Ой, анау, «Жөлектегі» Шаутай дейтін соқпанның Құдайберген деген баласының Тілеуберген атты ұлы «Құмкөлде» басшы қызметте істейді. Сол екен мешіттердің бәрін бірінен соң бірін салып беріп жатқан», деді ауданның тыныс-тіршілігін статис­тика басқармасындай біліп жүретін ағамыз сас­пастан. Онысы рас болып шықты. Тілеуберген бауырымыздың бұл ісіне қалай таңырқамасқа? Кеңес тұсында мешіттер қатаң қадағаланып, атеистік үгіт- насихат күшейді, діндарлар, ірі басты молдалар барынша қудаланды. Несін жасырамыз, өзіміз де марксизм- ленинизм университетінде оқып, атеистік білім алдық. Ол кездегі көзқараспен Тілеуберген ініміздің қайда боларын ойласаң жүрегің мұздайды. Әлбетте. Халықты діннен ажырату мақсатында сол кездері облысымызда атеистік насихат жұмыстары қарқынды жүргізілді. Респуб­лика көлемінде дінбасылар мен діни қоғамдардың Кеңес өкіметі заңдары мен өкімет қарарларын орындауын қатаң бақылауға алып қадағалады. Рухани жұтаңдыққа бастайтын бұл шаралардың зардабын біздің замандастар басынан кешіріп, оған қарсылық көрсете алмай, шарасыздық танытты. «Оқшы ата» кесенесін қалпына келтірмек болған бір топ тартоғайлық ағаларымыздың сотты болуы, «Жөлектегі» белгілі Кісенбай молданың қуғынға ұшырауы, «Бәйгеқұмдағы» Зәкір қожаға балаларды сүндеттеуге тиым салуы – әлі күнге аудан тұғындарының есінде.Еліміз Тәуелсіздік алмағанда, қазақ халқы діннен қол үзіп, дінсіз, имансыз, мұсылмансыз бір тобырға айналып та кетер ме еді? Құдай сақтап, Тәуелсіз елімізге дініміз жыл құсындай қайта оралды. Біз ислам діні Тәңірдің күллі адамзатқа жіберген ең соңғы дін екенін, ол – бейбітшілік, тыныштық, ізгілік, ықылас, игілік пен мейірім діні екенін енді түсініп жатырмыз. Дін әр адамның ерікті сенімі. Ол – оның ақылы, жүрек – ұжданы. Бұл тұрғыда Тілеуберген нақты ұстаным жасаған. Елбасы Н.Назарбаев үнемі біздің келешек жастарымыз білімді болуы керек деп жатады. Ал, Тілеуберген оған және «иманды болып өсуі тиіс» дегенді қосар едім деп отырады екен. Шынына келсек, сол имандылыққа ұйытатын, жастарды тәрбиелейтін Алланың үйі саналатын мешіттер. Осы мешіттер арқылы үлкендеріміздің санасын қозғап, болашақ ұрпағымыздың миына құю арқылы имандылықтың ізгі қасиеттерін ұл- қыздарымыздың бойына сіңіріп, рухани жетілу жолына түсуге тиіспіз. Өркениетті, дамыған, зай­ырлы Қазақстанның болашағын арыдан ойлаған Тілеубергеннің ойлағаны да, мақсаты да осыған келіп тіреледі. Құдай берсе, тілеуі орындалса, Шау­­тай атасының аруағы риза болмағанда қайтеді? Құдайберген баласы Тілеуберген немересі атасы Шаутайдың басына мешіт тұрғызып, атын шығарып жатқан жоқ, ол имандылыққа бет бұрған ақсақалдары, қарасақалдары, жастары бар ауылдарға, елді- мекендерге туысқандыққа, рулыққа қарамастан мешіттер соғуда. Бұл оның өзі білетін, өзі ғана аңғаратын тылсым дүниенің құдіретті күшін қараңыз. Қырықтың қырқасындағы жас жігіт 2006 жылы «Жөлектегі» «Шүленбай молда» мешітін жаңартып, сәулетті, архитектуралық сәні келіскен жаңа мешіт үйін соқтырады. Мұңдайды дау-дамайсыз жібермейтін ауыл тұрғындары «Жаңа мешітке өз әкесінің атын береді екен, Шүленбай енді атаусыз қалатын болды» деп шала бүлінеді. Бұны естіген Тілеуберген «Олай демемеңіздер. Маған сеніңіздер. Мен мешіт арқылы әкемнің атын шығарғым жоқ. Мұны сауап үшін жасадым. Мешітке кімнің атын берсеңіздер де өздеріңіз білесіздер» деп төрелігін жасап, мешіт «Шүленбай молда» атымен қайта аталған екен. Өзі қызметінде болған, мешіт құрылысын жүргізген басы-қасында басқарған «прораб» онда осындағы мектепте мұғалім болып істейтін клас­тас (сыныптас) жан досы, кішкентайынан бірге өскен Бегімтай Сатаев болса, құрылысшылары – өріп жүрген өзбектер болыпты. Бұрынғы «Сырдария» кеңшарының ескі асханасын жөндеп ауыл мешітіне айналдырған Шүленбай молданың еңбегі де зая кетпепті. Жасында ауылда бақша еккен, мұраб, бригадир болып қызмет жасаған Шүленбай ақсақал ауылдастарын дін жолына бұруға аянбай еңбек сіңірген. Сол тұста «ПС-56» мекемесінің басшысы болып тұрған баласы Әбдірахманның арқасында ешкімге керексіз ескі асхананы қалпына келтіріп, мешітке айналдыру – екінің бірінің қолынан келмес еді. Мұны Тілеуберген білмей қалған жоқ. Оның үстіне елдегі «елшісі», сенімді досы Бегімтай бар болатын. «Мешітке әкеңнің атын қоймадың» деп ренжіген қариялар, бүгінде Тілеубергеннің ұстанымына алғыстарын білдіруде. Ағайын арасы да бүлінбей, Шүленбай атындағы мешіт Жөлектің сәнді, келісті ғимаратын айналды. Екіге бөлінген теріс пікір бір жұдырық болып қалды. Жаңа мешіттің имамы басында Әділхан Досанов болса, бүгінде Ғалым Сағындықов діннің діңгегін ұстап отыр. Тілеуберген Құдайбергенұлының ауылға ат басын бұрған алғашқы құтты қадамы болатын. Әлқисса, сонымен, Тілеубергенге тағы бір жасампаз ой келді. «Оқшы атаға» зиярат етіп келіп- кетіп жүргенде имамға соғылған қазақы қоржын үй, үлкен талдың көлеңкесінде күнге қақталып жатқан құлшылық етуге келген адамдар көз алдынан кетпей қояды. Осы жерге неге Имандылық үйін («Қонақ үй» есебінде) салмасқа?.. Сұранып тұрған сияқты. Бұл ойын аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жеткізгенде пышақ үсті қолдауға ие болады. Жергілікті жұртқа, сырттан келген қонақтарға, меймандарға қызмет көрсетіп жатқан имандылық үйі көрікті салынды. 20 адамға жатын демалыс орны, 250 адамға арналған асханасы, діни және әдеби кітаптармен жабдықталған кітапханасы, имам бөлмесі, көпшілікке арналған керемет дүние болып қалды. Ел-жұрт жалғыз Т.Шаутай салды демесін деген оймен дос-жарандарына да құлаққағыс жасаған. Мысалы, Берік Қыдырбаев крандарымен жәрдем берсе, Оразәлі Байділда көліктермен кірпіш тасуға көмектесті. Ал, Нұрлыбек Нәлібаев, Мұрат Үдербаев, Сүлеймен Атаниязов, Мұратбек Тілеулиев, Айман Үдербаева, Бағлан Манарбаев, Алексей Мылтықбаев, марқұм Әбдіманап Шорабаевтар ортақ қазанға ақшалай үлестерін қосып, азаматтықтарын танытқан. Мұнда да бас­таушы, ұйымдастырушы, дем беруші, мешіт құрылысын уақтылы бітіруші тағы да Тілеуберген Құдайбергенұлы болып шықты. Келер жылы Т.Шаутай осы жерден «Есабыз ата» мешітін тұрғызып, киелі топырақта мәңгілік тыныстап жатқан жеті әулиенің Оқшы ата, Асан ата, Есабыз ата, Ғайып ата, Қыш ата, Бала би, Досбол би аталарының әруақтарына бас игендей әулиелер мазаратын бүгінгі заман архитектурасымен «Есабыз ата» кесенесін салып, жұртшылықтың назарын өзіне аударғандай болды. Шыны керек, осы Т.Шаутайды мың орап алатын кәсіпкер жігіттер мен қыз-келіншектер жетіп жатыр. Не пайда! Өздерінен артылар емес. Орлаға Тілеубергендей дархандылық, кеңпейілдік, қарапайымдылық, сезімталдылық, Отансүйгіштік, ұлтжандылық, туған жерін, халқын сүйе білетін, оларды жандүниесімен, жақсы көретін қасиеттердің жетіспей жатқандығы аңғарылады. Ия, жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болсын. Имандылық үйі мен «Есабыз ата» мешітіне иелік еткен имам Ғани Мақұлбекұлы көпшілік көңілінен шыға білді. Өзінше қажылық парызын да өтеп оралды. Қазіргі имам Қалкөз қажы Өтемұратов та дін саласының Пайғамбарға берілген мұсылманның үмметі екенін көрсетіп жүрген діндарлардың бірі.
Т.Шаутай қалың тұяқтылар жайлаған «Тарто­ғай» ауылын туыс-ағайындарын да естен шығармады. Онда «Әбдімәулен мешітінің» құрылысын бастап, 2012 жылы қыркүйек айында пайдалануга берді. Мұнда Тілеуберген қажылыққа жіберген Сержан қажы Базарбекұлы жемісті еңбек етуде. Ал, 1 май атындағы ауыл­да тұрғызылған М.Шоқай атындағы мешіт жалынды күрескер, ұлт мақтанышы Мұстафа Шо­қайдың қайтыс болған күніне орай, 2013 жылдың желтоқсан айында ашылды. Оның ашылуына бұрынғы Парламент Мәжілісінің екі дүркін депутаты болып сайланған, қадірменді ағамыз Жәлел Бәкір, бүгінгі сенатор, қоғам қайраткері Мұрат Бахтиярұлы, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтар қатысып, сөз сөйледі. М.Бахтиярұлы мешіттің қысқы бір жылдық отынын көтеремін деп, ертесіне 6 тонна көмірді жеткізіп берген. Ал, мешіт соғып берген Т.Шайтауға халықтың мінгізген жылқысын «мен бұл тұлпарды имамның айлық ақысына бердім» деп өздеріне қайта сыйлап кеткен. Не деген азамат?! Мұнысымен тұрмай Тілеуберген Қалкөзді, Сержанмен М.Шоқай мешітінің» имамы Маймақовтарды да Меккеге қажылық сапарға аттандырып, дін өкілдерінің беделін көтеріп отырды. Мұнан соң туған жері «Қызылқайыңда» мешіт үйін көтеріп, сонымен қатар 2013 жылы «Бестам» ауылында да мешіт соғуға кірісті. Көп ұзамай 2014 жылдың маусым айының 27 жұлдызы күні «Бестамдағы» «Досман қажы» атындағы ескі мешіт үйі жаңа мешітке көшіп, қасиетті Рамазан айының тарауық намазы осында оқылып, 28-і күні Ораза басталған еді. Мешіттің ашылу салтанатына ауданға жаңа келген әкім Қайратбек Сәрсенбаев, Жәлел Бәкірлер қатысып, тұрғындар мен қонақтарды Алланың жаңа үйімен, мұсылмандардың нұрлы айы Рамазан айының Оразаның басталуымен құттықтаған еді. Бұл салтанатқа Т.Шаутай науқастығына байланысты қатыса алмады. Ел жүгін арқалау оңай емес, нәзік жүрек сыр берген көрінеді. Қазіргі дамыған медицина жүректің де қыр-сырын меңгеріп алған. Сәтті шыққан отаны, ел тілегінің жемісі деп түсіндік. «Қызылқайыңдағы» мешіт бір себептермен тоқ­тап қалып, жуырда пайдалануға беретін күн де жақын. Білім күні Т.Құдайбергенұлы Жансейіт әулие елді-мекенінде мешіт құрылысының тас іргесін (фундаментін) қалады. Т.Шаутай құдды имам-қажыларды даярлайтын кадр бөлімінің басшысы сықылды. Өз қаражатымен мешітін соғып, имамын Меккеге жіберіп қажы атандыру – бір адамның құдіреті жетпейтін дүние емес пе? Тілеубергеннің мықтылығы да осында болып тұр. Ойланасың да қаласың. «Жөлек» – киелі елді-мекен. Қоқан хандығының «Жөлек» қаласын Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің әскері жеңіп алға соң, айналасы өзен, көл, тамылжыған табиғаты бар «Жөлек» орыстарды қатты қызықтырған. Лезде орыс әскерлерінің казармасы орнап, Сырдария өзенінен форт ашып, «Ханқожа» көлін айнала орыстар көшіп келіп иеленіп, «Жөлекте» кірпіш зауыты, наубайхана, пошта, тағы басқа құрылыстар салынып, орыс­тар поселкесіне айналады. Ең бастысы, мұнда орыс – бұратана халықтар мектебі (русско-туземная школа) ашылады. «Жөлек» – тарихи тұлғаларға айналған ағайынды Жорабек Есенов, Бабабек Есеновтер, ағайынды Балмұхаметұлы Әбу мен Палмұхамедов Әлилер «Жөлектің» атын рес­публика аймағына шығарған азаматтар. Онан бері де бұл ауылдан қаншама белгілі азаматтар шығып, «Жөлектің» шамшырағына айналған. Ал, бүгінгі таңда сол аталары мен ағаларының жолын жалғаған шамшырақ – Тілеуберген Шаутай болып тұр десек, мысқылдай жаңылыспайды екенбіз. Тілеуберген Құдайберген Шаутай 1962 жылдың 25-і тамызында Шиелі ауданы, «Қызылқайың» елді мекенінде дүниеге келген. Сырдария өзенінің арғы жағалауына қоныстаған ауыл алпысыншы жылдары «Сырдария кең шарының орталығы болды ма екен? Әйтеуір, әлеуетті ауыл болатын. Ол жерде үлкен аурухана, зыңғырлаған клуб үйі, Жданов атындағы орысша-қазақша мектеп жұмыс істейтін. Орыстар көп болушы еді. Сондай-ақ, гректер көп тұратын. Дария жағалауы сыңсыған тоғай болса, дария жағалауындағы су шайған тақырларға сонда тұратын әкелеріміз қауын егіп, оның тәттілігі сондай, бал татыған қауынды жей алмайтынбыз. Тілеубергенге туған жері бүгін де ыстық болу керек. Өйткені, әркімнің туған жері-тірегі, қасиетті топырағы, кіндік қаны тамған киелі мекен болып саналады. Ата-анасы «Жөлекке» көшіп келсе де «Қызылқайың» ыстық көрініп, менмұндалап тұратын. Жөлек ауылдық округінде 2006-2007 жылдары әкім болған, одан аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып, одан «Сыр ұланы» оқушылардың тынығу лагерінің директоры, ал, 8 тамыз күні 2013 жылға ауыл әкімдерінің сайлауында өз ауылына қайта әкім болып сайланған Т.Шаутайдың бала күнгі серігі, мектепте парталас-сыныптас, студенттік шағында аралас-құралас болған жолдасы, өмірде сыйлас, айырылмас досы атанған Бегімтай Сатаев былай деп сыр шертті.
Біз Тілеубергенмен «Жөлекте» бірге өстік. Отбасында арқа сүйер әкеден ертерек айырылған елгезек бала анасы Дәлхан Уәлиханқызының қас-қабағына қарайлап, ерте есейді. Осы анамыздың әкесі Уәлихан «Жөлектегі» орыс бұратана залық­тар (туземная школа) мектебінің 1912-1916 жылғы түлегі болған өте сауатты кісі көрінеді. Оны қазір Төкең дейміз. Ол жасынан уәдеге берік болды. Әрбір тапсырмаға мән беріп, іске жауаптылықпен қарайтын. Сабақта сыныптастарынан оқ бойы озып отыратын. Алғырлығымен, зеректігімен, зейінімен ерекшеленетін. Есепке мәшинедей жүйрік еді. Жақсы оқимыз деп жүрген біз жеті есеп шығарғанда, Төкең он бес есеп шығарып тастайтын. Математикадан Оралбек Тұрлыбеков деген ағай сабақ берді. Ол кісі Тілеубергенге қарап «ғажап, ғажап!» деп, басын шайқап отыратын. Ол достыққа берік болды. Ақты-ақ, қараны-қара дейтін, әділсіздікке төзбейтін. Әлі күнге сондай. Төкең талантты өнер иесі. Ол гитараға қосылып әдемі тенор дауысымен ән салғанда, оны қоршалап оты­­ра қалатынбыз. Тілеубергенұлы озат оқушы болумен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті зор-тын. Ол маған үнемі әкесін ойлап отыратындай сезілетін. Отбасында қанша таршылық, жоқшылық болса да оны сыртқа білдірмейтін. Керісінше, оның өрлігі мен қайсарлығы жігіттік жігерін жани түсетін. Ол мектепте, оқушылар ұйымын басқарды. Баламыз ғой. Бірде бір топ бала төбелесіп қалдық. Директорымыз ұлағатты ұстаз Мақұлбек Рүстемов ағай. Кеңсесінде алдында тұрмыз, басымыз салбырап. Сонда ол кісі Тілеуберген қарап: «Ет сасыса тұз себет, тұз сасыса не себет?!» – деп, оған зілсіз ұрысқаны әлі есімде. Қазір ойласам, қайран Мақұлбек ағай Тілеубергенді сол кезде-ақ таныған екен, бағасын берген екен. «Ей, сен тұз емессің бе? Мыналармен неғып жүрсің?» дегені екен ғой. Бір қызығы, досымыз екеуміздің студенттік күндеріміз де бір қалада. Шымкентте жалғасын тапты. Жаныңда терең түсінетін, ақылдасуға да, сүйенуге де, жарайтын досымның қасымда болуы мен үшін қайталанбас қуаныш еді. Ол қиындықта жол тауып кететін. Бірде студент қыздарды, оның ішінде қазіргі сүйген жарым Гүлшара да бар, киноға шақырдық. Кинодан соң қыздар жатақханаға таксимен қайтқысы келетіндерін білдірді. Шіренгеніміз болмаса, қалтамызда көк тиын ақша қалмаған. Сасқанымнан Тілеубергенге қарадым. Ол түк болмағандай, «Қыздар, қаланың біз көрмеген әдемі жерлері көп екен, сол жерлерді жаяу жүріп араласақ қайтеді? Үнемі таксимен жүріп байқамайды екенбіз» деп, қыздарды ертіп жүре берді. Сөйтіп, қызықты әңгімелер айтып, жатаханадан бір-ақ шығарған. Тапқырлығы арқасында, ұялыстан құтқарды. Ол студенттік шақта да достары сыйлы болады. Оның келешек бір айтулы тұлға болатындығы сол кезде-ақ белгілі еді, – деді, досына деген ризашылығын, ықыласын, жан дүниесін жасыра алмаған Бегімтай күлімсіреген күйі.
Т.Шаутай 1979-1984 жылдары Шымкент қазақ химия-технологиялық институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алды. 1997-2000 жылдар аралығында Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып, тау-кен инженері мамандығын алып шықты. 1984-1986 жылдары «Ақтюбнефть» өндірістік бірлестігінің жылжымалы механикаландырылған колоннасының (ПМК) құрылыс шебері болып қызмет атқарды. Қажымас қайратты, еңбек десе ерінбейтін Тілеуберген Құдайбергенұлы 1986 жылдан бас­тап «Құмкөл» мұнай кенішін игеретін, бұрынғы «Маңгышлақнефть» өндірістік бірлестігінің «Кумкольнефть» мұнай-газ өндіру басқармасының, қазіргі «Петро-Қазақстан Құмкөл Рессорсиз» акционерлік қоғамның күрделі құрылыс бөлімінде қатардағы инженер бөлім бастығына дейін көтерілді. Ширек ғасыр уақыт осы мекемеде үздіксіз қызмет етіп келеді. Ол өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен жаңашыл идеяларын іске асыруда шеберлік таныта білгені үшін үкімет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген мерекелік медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, облыс әкімі, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Т.Шаутай «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «Даңқты құрылысшы» құрмет белгісінің иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», оның портреті Шиелі ауданының «Даңқты азаматтары» аллеясына қойылған, лайықты орнын тапқан. Т.Шаутай қатарынан екінші рет №24 Жақаев сайлау округінен облыстық мәслихат депутаты болып сайланған халық қалаулысы. Сайлаушылар алдында қабылдаған міндеттемесін абыроймен атқарып жүрген белсенді депутат. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облысы бойынша партиялық бақылау комиссияының төрағасы. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси Бюросының мүшесі. Тілеубергеннің депутаттық қызметінен бір мысал, Жақаев ауылындағы бала­бақшаға облыстық бюджеттен 32 млн. ақша бөлінді, күрделі жөндеуге деп. Облыстан комиссия келіп, балабақшаға апаттық жағдайда, жөндеуге келмейді деп кетеді. Бұны естіген Т.Шау­тай өзінің білімділігі, іскерлігі арқасында, құрылысқа қатысты бөлім басшысын облыстан әкеліп, мән-жайды түсіндіріп, есептеп, 32 млн. тағы 40 млн. қостырып, 72 млн. теңгеге жөндеу жұмысын жүргізіп беріпті. Тілеуберген Құдайберген әкесі мен Дәлхан шешесінен төрт ағайынды. Үлкен ағасы Қадырберген, апалары Дүйсенкүл, Қалима, үйдің кенжесі Тілеубергеннің өзі. Ағасы Қадырберген Құдайбергенов те қоғам үшін еңбек еткен танымал азамат, қоғам қайраткері. Кеңес және партия органдарында қызмет етті. 1990-1992 жылдары Қадекең Шиелі аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланып, ауданда абыройлы, құрметті басшы болды. Тілеуберген үйлену тойын осы ағасының үйінде өткізді. Қос ғашық Тілеуберген мен Перизаттың ұлан асыр тойы кеше ғана өткендей. Жұбайы Перизат жоғары білімді, банк саласының қызметкері. Ұлы Бақберген мен қыздары Әмина, Айзерелер әлі мектеп, балабақша жасында. Папасы мен мамасының сағынышы, отбасының көз тоймас гүліне айналған. Әр адам өз өмірінің суретшісі. Қаншама тірліктерімен жүрсе де мейірман әке отбасында асығады. Өзі де әкесі Құдайбергенді жақсы көретін. Онда әкесі мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары еді. Орта бойлы, «Буденный мұртты», қабағы қалың, сұсты кісі болатын. Кешке мектепті бір аралап шығатын. Тәртіпке қатты қарайтын. Өнегелі әкесінің келбеті күні-бүгінге көз алдымда. Ұлының өкініші өзі шыққан биіктері мен жетістіктерін сүйікті әкесінің көре алмай кеткендегісі. Әйтпесе, бәрі жақсы.
Кәсіпкер Т.Шаутай өзінің байлығын сауапты іске жұмсап келеді. Ауданда сегіз кісінің қажылыққа баруына демеушілік жасады. Рухани жан-дүниесі терең азамат ақын-жазушылардың кітап шығаруына, талантты оқушылардың елге танылып, сара жолының ашылуына да қаражатын аяған емес. Жатақананың жоғарғы қабатынан құлап, орнынан тұра алмастай болып қалған Сапарымбетова Ақмаралды шетелге екі рет емделуге көмектесті. Мүгедек қыздың өмір сүруіне деген құлшынысын туғызды. Оның елге жасаған жақсылықтарын айта бергің келеді, айта бергің. Төкең өте мейірімді, жылы жүректі жан. Орта бойлы, әдемі келген жігіт ағасы жан-жағына күндей көрінді маған. Тілеубергенді «Оқшы ата» мазаратында жатқан жеті әулиенің құдіретті күші желеп-жебеп тұрғандай. Ия, солай!

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
03 қазан 2018 ж. 1 434 0