Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл тазалығын сақтайды

Тіл тазалығын сақтайды


Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекетіміздің болашағы жөнінде жан-жақты ой толғады. Келешегіміздің келбетін тайға таңба басқандай барынша айқын көрсетіп берді. Ұлтымыздың игілікті мұраттарына толы бұл еңбекпен таныстық. біз осыны анық аңғарамыз.
«Рухани жаңғырудың» нақты бір бағытын латын қарпіне көшу құрайды. Елбасы бұл мәселені бұрын да айтып, нақты өз ойын жеткізген болатын. Ал, бұл еңбекте нақты тапсырмалар беріп, оны қолданудың мәні мен мазмұнын түсіндіріп берді. «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», – дейді Елбасы.
Президент осы мәселенің пісіп жетілгенін бағамдап, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдармен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін қадап айтты. Тіліміз бен тарихымызды төрге шығаратын маңызды мәселенің сәті түскеніне ел болып қуандық.
Латын әліпбиі біздің бірінші рет қолдануымыз емес. Ел тарихында жиырмасыншы-отызыншы жылдарда осы әліпбиді қолдандық. «Ат айналып қазығын табар» деген, алтын қазығымызға қайта оралып отырмыз. Тек біз емес. Деректерге сүйенсек, бұрын Кеңестер одағына кірген түркі тілдес мемлекеттердің көпшілігі осы әліпбиге ден қойып отыр. Мәселен, әзірбайжандар 1992 жылы 1-сыныптарда оқытуды латын әліпбиінде бастаған екен. Түркіменстан Президенті егемендік алғаннан кейін 1993 жылдың 12 сәуірінде латын әліпбиіне көшу жөнінде Жарлық шығарып, 1995 жылы ғана латын әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдапты. Бұл мәселе созылып барып, 2000 жылдан бастап қолдануға енген көрінеді. Өзбекстан әлі күнге латын мен кириллицаны қатар қолданып, өтпелі кезеңде жүр. Осының өзі-ақ, «кеңесті жерде кемдік жоқ» деген аталы сөздің мәнін ұқтыратындай. Тілтанушы мамандар Елбасына әліпбидің екі нұсқасын ұсынғаны белгілі. Басты мақсат – экономикалық жағынан шығыны аз болуы әрі компьютер пернетақтасындағы ағылшын тілінің алфавитімен сәйкестендіру еді. Әуелден ұсынылған 25 әріптен тұратын нұсқа болды. Мұнда көбіне диграфтарға кеңінен орын берілген. Бұл нұсқа әлеуметтік желіде де талқыланып, көптеген пікірлер айтылды. Екінші нұсқа біршама ыңғайлы, әрі оқуға да оңай.
Кейбіреулер латын әліпбиіне көшу адам айтқысыз қиындық тудырады деп қауіптенетін болса, әріден ойлай білетін адамдар жаһандану заманында оның алар орны ерекше екендігін баса айтуда. Әрине, бір әліпбиден екіншісіне көшу қиындық тудырмайды деп айта алмаймыз. Аз-кем қиындықтың болары анық. Бірақ, біз қазіргі талапқа, заман талабына түсіністікпен қарауымыз керек. Бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындаған жөн. Латын графикасы – әлем өркениеті мен техникалық прогрестің әліпбиі. Қазіргі технологиялық заманда ақпарат кеңістігіне кіруге жол ашылады, өз кезегінде, еліміздің дамуына үлкен үлес қосады.
Түбі бір түркі тектес елдермен рухани, мәдени, экономикалық тығыз қарым-қатынаста боламыз. Қазақты ұлт ретінде жойылудан сақтайтын бірден-бір себеп осы әліпби. Британдық ағылшындар өз тілдерінің америка, еуропа құрлықтарында әртүрлі айтылмай, таза сақталуын, француздар өз тілдеріне ағылшын кірме сөздерінің еніп кетпеуін қадағаласа, немістер жер-жерден келген қандастарының тілді бұзбай, дұрыс меңгеруіне алаңдаушылық танытуда. Бұл жайт бізді де ойландыруға тиіс. Елбасы мақаласының маңызын терең түсініп, оны орындауға, білек сыбана кірісуге, әрбір қазақстандық міндетті. Біздің ендігі борышымыз тіліміздің мол қорын келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Біз үшін латын әліпбиіне көшу – ұлт ретінде сақталып, тіліміздің тазалығын сақтайтын сара жолдың бастамасы.
25 желтоқсан 2017 ж. 1 365 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930