Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАЛ, ТЕҢІЗ ЖӘНЕ ХЭМИНГУЭЙ

ШАЛ, ТЕҢІЗ ЖӘНЕ ХЭМИНГУЭЙ

Әркім өмірді өзінше елестетеді. Көзқарастар геометриядағыдай қиылыспай жатады. Адамзат – үлкен бір спектакль. Тек өзіңізге берілген рөлді ойдағыдай сомдап шықсаңыз болғаны. Хэмингуэйге заңғар жазушы болуды бұйыртқан. Эрнест өз рөлін толықтай алып шықты. Байлық пен атақты сезінді, аруларды өзіне ынтық етті, соңында ғұмыр-кітабын өзі жапты.  Өкініштісі сол, жазушы 2 маусым 1961 жылы Кетчумдағы үйінде өзін-өзі атып өлтірді. Әйелі Мери Уэшл көпке дейін жарының өзіне қол жұмсағанын жасырып жүрді. Жары сүйікті жазушы­ларының өз шешімімен өмірден кеткенін оқырмандардың білгенін қаламады. «Ол бәрінен күзді қатты жақсы көрді. Өзен үстінде жүзіп келе жатқан сап-сары жапырақтарды, көкпеңбек тымық аспанды ұнатты. Енді ол солардың бір бөлшегіне айналып кете барды». Мэри Хемингуэй жазушының ескерткішінде осындай жазу қалдырыпты. «Туған жерімнен кейін Испа­нияны қатты жақсы көремін» деген Хэмингуэй сөзінде жан бар. Эрнестің әдеби жолы корридаға ұқсайды. Бірде-бір коррида жарақатсыз, уайымсыз өтпейді. Корридаға шығу үшін өзіңді дайындайсың, қарсыласыңды (бұқаны) зерттейсің. Хэмингуэй адреналин мен афисьонды жақсы көрді. Әдеби дәуірі де адамды еліктіріп әкететін жалынды туын­дыларға толы болды. Соңында алаңдағы қызыл жалау жерге түсті. Қарсылас та, жалынды жазушы да шаршады. Жазушы үшін қиыны сол – ары қарай жаза алмайтыныңды мойындау. Әл-қуаттың алдында тізерлеу. Хэмингуэй мойындағысы келмеді. Өйткені оның өзі жазған заңы болатын: «Ер жігіт төсекте жатып өлуге хақысы жоқ. Не соғыста, не маңдайға оқ тигенде жан тәсілім етуі қажет». Жазушының күнделігі болған деседі. Әрине, кез келген жазу­шының күнделігі болуға тиісті. Тек жарыққа шығармайтындар көп. Хэмингуэйдің күнделігі жарыққа шықпаса да, анасы жазғандар кітап болып шықты. Жары Меридің жинастырғандары да баршылық. Көбіне Хэмингуэй күнделігінің барын достарына жазған хаттарынан білеміз. Досы Джеймске хат жазарында «саған хат жазуға тиісті болғанымды күнделігімнен оқыдым» деген. Досына жазған хатында өмірінің қызығын да күйінішін де бере білген. «Жақындарымды аман-сау көргеніме қуаныштымын. Айтпақшы, пойыздан түскенімде олар мені таныған жоқ. Қарбалас уақытта жақсы бір демалып қайттым. Гибралтарда тамаша үш күнім өтті. Ағылшын офицерінің киімін сұрап алып, Испанияға тартып отырдым. Кейінірек Нью-Йоркта жан жадыратарлық бірнеше күн болды. Мұнда менен қаһарман жасап шығармақ болды. Бірақ сен екеуміз шынайы қаһармандардың өліп қалғанын білеміз ғой. Егер шынында да, ержүрек болғанымда, баяғыда-ақ өлілер қатарында болар едім. Қалыңдығым (Агнес фон Куровски–ред.) әлі Пьяведегі Торре-ди-Мостада. Ол қашан қайтып оралатынын өзі де білмейді. Ақша жіберіп отыруды ұмытпаймын. Елестете аласың ба? Мен ендігі шаршадым… Ішімдік ішпеу, достарымнан алыс жүру қаншалықты қиын екенін білесің бе? Түзелдім дегенде оған ұнамай қалсам ше? Бірақ нақты түзелдім деуге келмейді… Білесің бе, менің сенің қа­сыңда болғым келеді, Хемми!» Джеймс Гэмблге, 3 наурыз 1919 жыл. Оук-Парк, Иллинойс Сондай-ақ жазушы жазба­ларында өз өмірін ой талқысынан өткізген. Қанша тырысқанымен ой соңына жете алмаған. ФРБ талай жыл Хэмингуэйді аңдып жүрген. Жазушының өзіне-өзі қол жұмсағаны белгілі болғаннан кейін, Эрнестің соңынан аңду жұмыстары жүргізілгені белгілі болған. Қыспақта жүргенін сезсе де, «Біреуге сенудің ең жақсы жолы – оған өзің бірінші боп сену және жақсылыққа ұмтылу» деп жазған. Қазіргі бизнес-кітаптарда ауыр және жеңіл ойлаудың маңызы туралы жазылған. Қым-қуыт тіршілікте ең ауыры – бағыт алған жолыңнан жаңылу. Сізге күнде жұмыс істеу мақсатқа жетер жол деп түсіндіреді. Бір апта бойы не істеп жүргеніңізді қағазға түсіріп, апта соңында оқып шығыңызшы. Сәйкес келмей ме? Хэмингуэйді де осы ой мазалаған. Сондықтан дәптерінде «Қарбалас кезеңді мақсатқа жетер жолмен шатастырып алма» деген. Адамдар істеуге тиіс жұмыс­тарды жиі кейінге қалдырады. Бірі – ұзақ уақыт ойланады, екіншісі – жылдарын жоспарлауға құртады. Жазушы «Мақсатқа жетудің жақын жолы – ұзақ уақыт ойлану емес, дер кезінде орындау» деп жазыпты. Шынымен де, көп ойланудың өзі адам денсаулығына зиянын тигізеді. Хэминуэй үш соғысты көрген жазушы. Испанияның азамат соғысын жіпке тізгендей етіп баяндаған журналист. Соғыста жүріп хабар тарату үшін жүректілік қажет. Эрнест «Қорқақтық… Негізінде, бұл елестету мен ойлау кезінде өз-өзіңді жоғалту» деген. Сондықтан болар жазушы тез шешім шығара білген. Нәтижесін бүкіл әлем біледі. Адамдар мен заттар сені алдауы мүмкін. Жазбалар алдай алмайды. Өмір оны қанша сынаса да, Хэмингуэй әрқашан шынайы сөздің құдіретіне сенді. Жаз­ба­ларының бірінде «Ағаштан жа­пырақ түскені сияқты, жыл сайын сенде бірдеңе өледі. Ағаштан түс­кен жапырақ суық ауада шарасыз күйде қалады. Бірақ ішіңнен көктемнің келерін сезе­сің. Өзенге қатқан мұзда әйтеуір бір күн ериді. Сондықтан есіңде болсын: бәрі де өткінші» деп түйген. Осы жазға­нымен оқыр­манына ішіндегі жан күй­зе­лісін жеткізгісі келген шы­ғар. Кеудедегі ой тасқынын жазу арқылы жеңуді, жазушылық көк­темді күткені белгілі. Хэмингуэй өмірі арқылы оқырманын тәр­биелеуге тырысты. Тығырықтан шығар жолды тағы да жазудан іздеді. Төмендегі жазбалары да жоғарыдағыларды айғақтайды. «Қаншалықты ақкөңіл болсаң, өмірің соншалықты қиындай түседі». «Адамды жоқ қылуға болады, бірақ жеңуге ешкімнің қауқары жетпейді». «Сен біреуге өмір-теңізіңе кіруге рұқсат бересің, ал ол балықтарыңа зиянын тигізеді». «Бүгін – қатардағы бір күн, алдағы болатын көп күндердің бірі. Бірақ алдағы көп күндер сенің бүгін жасағаныңа байла­нысты болуы мүмкін». «Дүниеде жақындасуға бо­латын әйелдер жетерлік, шы­найы әңгімелесуге болатындары аз». «Ақылды адамдардың бақытты болатын сәттері аз, тым аз». «Күзге сеніңіз. Ол сіздің айнымас серігіңіз болады. Тымық кештерде жаныңызда болатын, күн шуағында қасыңыздан табылатын досыңызға айналады. Күзге тағы да сеніңіз. Қолыңызды оған қарай созыңыз. Сізді вальс ырғағымен тербетіп, кей нәрселерге деген шешіміңізді өзгертуге мүмкіндік сыйлайды. Бастысы, сіз бір сәтке өзіңізді ба­қыт құшағында жүргендей сезінесіз. Күз – романтикаға толы мезгіл. Ойға шоматын жүрістер, жанұяңызбен үстел басында жина­латын немесе жалғыздықпен бетпе-бет келетін уақыт. Өзіңізді тани түсіңіз. Күзге ғашық бо­лыңыз». «Шалдардың даналығы жайында жаңылысу бар: шалдар дана емес. Олар тек тым сақтықпен қимылдайды» «Дүниедегі ең жақсы адамдар әдемілікті көре алады. Тәуекелге барып, шындықты айтуға шыдамы жететіндер». «Ойларыммен жиі арпалы­самын. Мен әлі шынайы өмір сүріп үлгермедім, ал өмір өтіп жатыр». «Адам қаншалықты шы­дамдылық танытқан сайын, өмір оны жоқ қылуға барын салады. Өмір бәрімізді сынауға тырысады. Барынша сынайды. Шыдамдылық танытқандарды өлтіреді. Ең жақсыларын, ең нәзіктерін, нағыз ержүректерді аяусыз өлтіреді. Ал сен біріншісіне, кейінгісіне, тіпті үшіншісіне жатпасаң да, жоқ қылатынына сенімді бол. Бірақ сенікінің асығыстығы жоқ». «Барлық жақсы кітаптардың түйіні мынада – соңына дейін оқып шыққан соң, өз өміріңізде болғандай сезіну. Кітаптағы жақсы мен жаман, әсер, өкініш пен қайғы, адамдар мен мекен, тіпті ауа райының қандай болғаны да сіздің есіңізде қалады». ТОБЫҚТАЙ СӨЗ Хэмингуэй кітаптары өзі түйіндегендей – жадыңда қалатын дүниелер. Жылдар салып қайта оқығаныңда жаныңа жылулық сыйлайтын туынды тәрізді. Жазушының өмірі де өзі жазған «Шал мен теңізге» ұқсайды. Адуынды теңіз, ырқына бағындырғысы келетін Шал, әр нәрседен шешім іздеген Хэмингуэй… Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

www.aikyn.kz
15 қыркүйек 2018 ж. 1 368 0