Шығыс Қазақстан облысынан көне шаһардың орны табылды
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Бесқарағай ауданы, Жетіжар ауылының маңынан 3500 жылдық тарихы бар көне қаланың орны табылды. Бұл жаңалықты керекулік археолог Виктор Мерц «Тарихы терең туған жер» ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде айтты.
Археологтың айтуынша, табылған көне қала қола дәуіріне тиесілі. Ежелгі қалашық оңтүстік-батыс Сібір аймағындағы ең үлкен археологиялық нысан болып есептелді. Себебі, зерттеу жұмыстары кезінде оның аумағы 100 гектардан асатыны белгілі болды. Қаланың соншалықты үлкен болуы ғалымдарды бұл маңда айтулы дәуірдің астанасы орналасуы мүмкін деген болжамға әкеп отыр. «Жетіжар елді мекенін зерттеуді 2000-шы жылдардың басында қолға алдық. Қуанышқа орай, қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек ескерткіштің бүлінген аймақтарынан, жердің жоғарғы қабатынан материалдар зерттеуге алынды. Неге десеңіз, бұл нысан бірегейлігімен ерекше. Қазба жұмыстарын бастау үшін геофизикалық зерттеуді жүргізуге тура келді. Осы мақсатта Ұлыбританиядан ғалымдарды шақырып, жобаға тарттық. Олар да қызығып кетті. Дэниел Лоуренс есімді әріптесіміз, биыл грант ұтып осы жобаға атсалысты. Нәтижесінде археологиялық аумақтың нақты өлшемі анықталды. Ары кетсе 70 гектар болатын шығар деп ойладық. Алайда ескерткіштің алып жатқан жері 100 гектардан асып кетті. Бүгінде бұл тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл батыс Сібірдегі археологиялық ескерткіштерден анағұрлым көлемді нысан. Мүмкін сол кезеңнің астанасы осында болуы да ғажап емес»,– деді Виктор Мерц. Археолог бұл жерді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға болатынын айтты. Сонымен қатар, оның айтуынша, көне қала Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатады.
Massaget.kz