Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағзаңызға не жетіспейтінін қалай білуге болады?

Ағзаңызға не жетіспейтінін қалай білуге болады?


Адам ағзасына белгілі бір микроэлементтер жетіспейтін уақыт болады. Кей күндері ащы, кей күндері тәтті жегіңіз келсе, кейде тіпті не жегіңіз келіп тұрғанын өзіңіз де білмейсіз. Мұндай жағдайда не істеу керек? Алдымен ағзаның қандай тағамдарға тәбеті тартатынын білу керек. Соған сай жегіңіз келген тағамның құрамын анықтаған дұрыс. Ағзаға кальций жетіспесе… Егер сіз майлы тағамға құмар болсаңыз, ол сіздің ағзаңызға кальций жетіспеушілігінен туындаған болуы керек. Кальций – адамның сүйек жүйесінің негізгі элементі. Ол сүйектің саулығы мен беріктігін сақтауды қамтамасыз етеді. Кальций ірімшікте, барлық сүт өнімдерінде, бұршақта, брокколиде молынан бар. Қатты қуырылған ет, картопқа әуес болсаңыз, ағзаға қарапайым көмірсулар жетіспейтінін біліп жүріңіз. Ондай жағдайда, алма, алмұрт және т.б. жемістер немесе көкөністер жеген дұрыс. Газдалған сусындар ішуге құмар болсаңыз, сіздің ағзаңызға кальций жетіспейді. Ол үшін жоғарыда айтып кеткендей, сүт өнімдерін, асбұршақ, ірімшік жеу керек. Хлорид пен магнийді қажет етсе… Ал тұзды тағамға әуестенген адамдардың ағзасына хлорид жетіспеуі мүмкін. Әдетте, балық немесе теңіз тұзы хлоридтің орнын толтыруға көмектеседі. Егер шоколад жегіңіз келе берсе, сіздің ағзаңызда магний тапшы болуы мүмкін. Тағам құрамында магний мөлшері кальций мөлшерінің жартысына тең келуі қажет. Магнийдің орнын толтыру үшін қарақұмық, тары, бадана, саумалдақтан жасалған тағамдар жеу керек немесе жаңғақ шаққан жөн. Тирозин ағзаға қажет болса… Күндіз-түні тамақ жегіңіз келе берсе, шамасы, сіздің ағзаңызға тирозин жетіспейді. Тирозин печеньеде, тәтті картопта және мейізде болады. Тирозин – фенилаланин аминқышқылынан түзілетін аминқышқылдың қысқартылған аты. Тирозин көңіл-күйді жақсартуға, тәбетті басуға көмектеседі, адамды стрессті жағдайдан сабырлы күйге түсіреді және қалқанша безінің жұмысын реттейді. Ағзаңызға тирозин қажет болса, апельсин, мандарин, грейпфрут, жасыл не қызыл алма, авокадо, жасыл немесе қызыл бұрыш, қияр жеңіз.  Тіршілік заңы ағзада үнемі зат алмасып тұруын талап етеді. Ал ағзамызға  химиялық элементтер жеген ас пен ішкен суымыздан түседі. Егер ұзақ уақыт белгілі бір тағамға тәбетіңіз артса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
Massaget.kz
26 тамыз 2018 ж. 1 121 0