Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тектіден тамыр тартқан

Тектіден тамыр тартқан

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Адами капитал рухани жаңғырудың негізі» деп атап көрсетті. Сондықтан, қай қоғамда болсын адамдардың елі үшін жасаған қызметін бағалауы бар нәрсе. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», деген даналықты басшылыққа ала отырып, азаматтың адамдарға тигізген пайдасын азаматтығын, кісілік келбетін айту біздің мойнымыздағы парызымыз.Дүниеден өткеннен кейін көше, ас беру де дұрыс шығар, бірақ, тірісінде өзінің шыққан биігін көз алдына елестетіп, жастарға үлгі ету құптарлық.
Сондай азаматтардың бірі – Болат Медетбеков деп білемін. Ағамның бойындағы бар қарапайым қасиеті жыл өткен сайын қайта жаңғырып отыратындай көрінеді. Осыдан біраз уақыт бұрын Бөкеңе Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген еді. Сол кезде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Балтабек Сыздықовқа бір замандасы:
– «Балтеке құрметті атақты Медетбековке бергендеріңіз қалай, ол бір мекеме ғана басқарды. Шиеліде бірнеше колхоз, совхоз мекеме басқарған азаматтар тұрғанда Медетбековке бергендеріңді құп көрмедік», – деді. Сонда Балтабек ағамыз ойланбастан: – Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын берген кезде жігіттің тегін, мінез-құлқын, елдің халықтың арасындағы беделін ескеру керек. Болат тектінің тұяғы, мінезге бай, жаны жайсаң, жүрегі жомарт. Біз осындай адами қасиеттерін есепке алдық деген еді. Балтабек ағамыздың осы ой тұжырымын, замандасына берген бағасын жақында ағамыздың бойынан байқадым. Бір күні көшеде кездесіп қолын маған бір ерекше ілтипатпен ұсынып, үлкеннің алдында қысылып тұрған кішілік кейіп танытып: Есіркеп, кешір мені, сенің басыңнан өткен бір тірлігіңе ағаң ретінде ортақтаса алмадым, естімей қалыппын деген кезде іштей егіліп кеттім. Бұл не деген тектілік, ағамның өзінен оншақты жас кіші інісінің алдында ізеттілік танытуы, өзін айыпты адамдай сезінуі нағыз жүрегі нәзік, жаны жайсаң азаматтың тірлігі екеніне көзім жетті.
Шынында зерделей қарасаңыз Болаттың жаратылысында, жүріс-тұрысында сөйлеу мәнерінде көпшілікте байқала бермейтін ерекшелік, бекзаттық бар. Өзінің болмысы да ерен, көптің ішінде келе жатқанда тұлғасы тау сияқтанып ерекше көрінеді. Ағамыз қоңыраттың ішінде құйысқансыз. Яғни, Қожамберді ұрпағы. Менің әкем біз құйысқансызға жиенбіз, інім Байтілестің атын нағашыларымызда Байтілес деген атақты ағамыз болған еді, соған ұқсасын деген ниетпен қойдым – деп отыратын. Сондықтан да, менің құлағым құйысқансыз дегенде түрік жүретін. Осыдан 2-3 жыл бұрын «Сыр бойы» газетінде белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбаланың көлемді «Қожамберді» деген мақаласы шықты. Мақаладан өзімнің көңілімде жүрген біраз сұрақтарымнан жауап таптым. Әсіресе, Болат ағамның бойындағы тектіліктің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бекзаттық болмыс екенін байқадым. Қожамбердінің төртінші баласы Алшынбайдың ұрпақтары Сыр бойын, Қаратау етегін қыста Бәйкенжеден бастап Қызылқұмды жайлаған екен. Ол кездегі байлар жазда малын айдап, арқаға дейін барып қайтады екен. Алшынбай алпысты алқымдап қалған кезінде арқада бір байдың қырқым алып жатқан кезіне тап болыпты. Байдың қызы қырқымдағы жігіттерге барлық қойды бір өзі жығып бәріне үлгеріп жатыр екен. Қырқым біткесін қыз екі мыңға жуық қойды бір өзі құдықтан қауғамен су тартып суарып шықты. Қыздың қайратына сүйсінген Алшынбай: – Мына қыздың бойында керемет күш пен қоса асқан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын тектілік бар. Бұл қыздан дүниеге мықты ұрпақ келеді. Ұрпағының бойындағы тектілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Мен қалай болғанда осы қызға үйленуім керек, – деп байдың қызына құда түсуге елшілер жібереді. Бай Алшынбайға қызымды бермеймін дей алмай қыздың қалың малына Алшынбайдың ағасы Тілеуден бүкіл қазаққа белгілі бәйге күреңін, қыран бүркіті мен алғыр тазысын сұрайды. Тілеу атжанды аңшы адам екен. Алғашқыда көңілі тоймайды. Сонда Алшынбай: – Бұл айтқаным орындалмаса маған жарық дүниенің не керегі бар – деп орнынан шалт түрегелген кезде Тілеу інісінің көңілін қимай, бүкіл Сыр мен қырға белгілі, бәйге күреңі мен алғыр тазысын қыран бүркітін қыздың қалыңмалына беріп, байдың қызы Бөдікті Алшынбайға алып берген екен. Сол Бөдектен Барлыбай, Шерубай туады деген. Барлыбайдан Байтілес жалғыз ұлы туып, бүкіл елге белгілі ағамыз болады. Байтілестен 7 ұл туып, Қожамбердіден қалған ұрпақтары осылардан тарайды. Болаттың әкесі Медетбек те Байтілестің ұрпағы. Алшынбайдың көрегендігін өмірдің өзі дәлелдеуде. Бұл әулеттен Қалкөз, Серкүл сияқты Сырға белгілі азаматтар шықты. Қалкөз заманының белгілі тұлғасы болыс болса, Серкүл Алдабергенов алғашқы қазақ зиялылары болып, оқып, гидротехник мамандығын алып «Күркүреуік» каналын қаздырып, ұрпағына өшпестей қызмет жасады.
Алшынбай атамыздың сол кездегі көрегендігінің арқасында Байтілестің ұрпағынан дүниеге келген «Байтілес» деп нағашысының атын ырымдап қойған Байтілес ағамның өзі де ұрпақтары да елге белгілі болды. Байтілестен Нұртөре Жүсіп, немерелері Ержан, Елдос белгілі қаламгерлер болды.
Әрине, бұл әулеттің бай болуы да, болыс шығуы да кейінгі ұрпақтарымен оңай болған жоқ. Кеңес өкіметінің кезінде байдың болыстың ұрпақтары көп қудалау көргені белгілі. Әкесі Медетбек балаларының біреуінің атын Болат, екіншісін Темірбек қоюы да тегін емес сияқты. Ұрпақтарының көп қиындық көретінін болжап береді. Болаттай шыныққан болсын деп Болат, екіншісін темірдей төзімді болсын деп Темірбек қоюы да ғажап емес пе! Болат ағамыздың өмір жолын зерделесеңіз байдың, болыстың ұрпағы ретінде қиындап игергенмен, өмірін тек халқына адал қызмет етуге арнаған атпал азамат. Бүкіл ғұмырын тек бір салаға Шиелі ауданының өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Туған жердегі қызметін бүкіл ауданға сол кезде жарық берген «Энергопоезд» мекемесінде қатардағы инженерден бастап, 45 жыл аудандағы «Энергосеть» мекемесін басқарды. Шиелі ауданындағы бүкіл елді-мекенді жарықтандыру, бүкіл малшылар қауымының қыстауларына дейін электр жарығымен қамтамасыз ету ағамыздың ерен еңбегінің, қайратының арқасында жүзеге асты. Әрине, халқына адал қызмет ету азаматқа да абырой әкелді. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», бірнеше дүркін Шиелі поселкелік кеңесінің депутаты, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болды. Жұбайы Бибіханмен бірге ұл-қыз өсіріп, қазіргі таңда немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата.
Медетбековтер отбасын түгел энергетиктер жанұясы деуге болады. Екі ұлы әке жолын қуып, электрик маман болды. Серік аудандық «Шиелі жарығы» мекемесінде кәсіподақ басшысының орынбасары болса, Мәлік «Иіркөл» кен орнында бас энергетик болып, абыройлы қызмет атқаруда.
Болат ағамыздың бойындағы тектілікке қарап, тектіліктің тұқым қуалайтынын сезінесің. Әсіресе, қазіргі ғылымда дәлелденген тектіліктің 50% анасы арқылы даритынын атам қазақ оқымай-ақ, ғылыммен дәлелдемей-ақ білген. Оған Болат ағамыздың бойындағы ғасырлар бұрын атасы Алшынбайдың текті қыздан текті ұрпақ тарайды деген тұжырымы дәлел болса керек.
Тектілік тұқым қуалайтынын, тектілік теперіш көрсе, оны адам бойында сақтау қиындыққа төзетін қажыр-қайраттың да азаятынын айтып кеткен. Қазақтың атақты қолбасшыларының бірі Қаракерей Қабанбай батыр жоңғарлармен ақырғы шайқасқа шығар алдында әскерлеріне қаратып, «араларыңда жау қолында тұтқынында болғандары немесе олардың балалары, ұрпақтары бар ма?» – депті. Әрине, ол кезде жоңғар мен қалмақтан теперіш көрген қазақ аз емес қой, біразы адым алға шығыпты. Сонда Қабанбай: – Тұтқында болғандарың мына алдағы шешуші айқасқа қатыспайсыңдар, өйткені, сендердің бойларыңды тектіліктен, елге деген патриотизмнен қорқыныш басым, жаумен шайқасуға ерік-жігерлерің жетпейді – деп тастап кеткен екен.
Қазіргі таңда елімізде жаппай етек алған жемқорлық пен кадрлардың өз ісіне жауапкершілігінің төмен болуы, оларды қызметке алғанда бойындағы тектілігіне мән берілмеуден болуы мүмкін-ау деген ойға келеміз. Өйткені, ата-бабамыз жеті аталысы би болған жеті жұрттың қамын жейді – деп тұжырым жасаған. Тұқымында ел басқарған азаматтар шықпаған, бойында тектілік қасиеті жоқ азаматтар ел басқарса, аңсары тілектен гөрі жемқорлыққа ауатыны табиғи заңдылық шығар. Сондықтан, азаматты қызметке алғанда іріктегенде, тәрбиелегенде оның шығу тегіне назар салуға қажет сияқты.

Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
еңбек ардагері,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
25 тамыз 2018 ж. 1 396 0