Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер айналуын тоқтатса

Жер айналуын тоқтатса

Мектепте физика пәнінен оқыған боларсыздар, біз өмір сүретін жер планетасы өз орбитасымен күнді айнала қозғалады. Оның күнді толықтай айналып шығуы – бір жыл. Және жердің өз осінен айналатынынан да хабардар боларсыз. Оның өз осінен толықтай айналуы – бір тәулік. Сонымен, егерде, жер планетасы өз осінен айналуын тоқтатса, жер бетінде қандай өзгерістер болар еді? Сіз айтарсыз, жер айналуын тоқтатса дәл сол сәттегі жердің күн түсіп тұрған бетінде күндізгі уақыт, көлеңке бетінде түнгі уақыт болып, өмір сүре береміз деп. Солай болады да. Бірақ, сіз бір нәрсені ескермедіңіз. Ол – жер планетасының өз осінен айналу жылдамдығы. Ал бұл жылдамдық сағатына – 1670 шақырым. Яғни сіз қазір тыныш отырғанның өзінде, ғарыштағы басқа планеталармен салыстырғанда сағатына 1670 шақырым жылдамдықпен айналып жатырсыз. Сонымен, жер өз осінен айналуын тоқтатқанымен, сіз инерция күшінің арқасында дәл сол сағатына 1670 шақырым жылдамдықпен жылжи бересіз немесе ұшасыз. Сіз ғана емес, жер бетіндегі барлық нәрсе. Жер сыртқы қабыршықтан, оның астында магмадан, ортасында ядродан тұрады. Яғни жұмыртқа тәрізді. Осы «үлкен жұмыртқаның» бірден тоқтауы – қолыңыздағы жұмыртқаның түсіп кетіп, шашыла сынғанындай құбылыс. Көз алдыңызға елестете алдыңыз ба? Осы жағдайлардан кейін жер бетіндегі тіршілік атаулының қандай күй кешерін айтпаса да түсінікті болар. Әрине, жердің бірден тоқтай қалуы ақылға сыймайтын құбылыс. Бірақ жердің өз жылдамдығын шамалап азайтуы әбден мүмкін дүние. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, жердегі тәулік уақыты әр 100 жыл сайын 2 миллисекундқа ұзарады екен. Яғни жердің алғашқы пайда болған дәуірінде тәулік уақыты өте қысқа болған. Жердің біртіндеп тоқтауы адамзатқа бірден зауал әкелмегенмен, жылдар өткен сайын біліне бастайды. Бірінші кезекте, теңіз сулары экватор маңайына емес, полюстерге қарай ысрылады. Бүгінгі біздің экватордың бойы толықтай құрлыққа айналып, бүкіл Еуропа, Аустралия, Америка, Канада, Жапония секілді елдердің барлығы су астында қалады. Адамзат өмір сүруін жалғастыра береді. Бірақ, бұдан кейін адамдар арасында ауру көбейеді. Өйткені, жердің айналуы ядросының да айналуы. Ол осы айналуы арқылы күннің радиациясынан қорғайтын магнитті өріс түзетін. Жер айналуын бәсеңдеткен сайын магнитті өріс күші де азая береді. Қорғансыз жер күн радиациясын толықтай өзіне қабылдайды. Ары қарай тағы түсінікті.

Massaget.kz
23 тамыз 2018 ж. 2 724 0