Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теріскеннен сақтаныңыз!

Теріскеннен сақтаныңыз!

Балаң демей, шағаң демей, кез келген жастағы адамды айналшықтап, мазасын алатын теріскен атты "дұшпанмен" бәріңіз де таныс боларсыздар. Иә!? Олай болса, бүгінгі тақырыбымызды сол дұшпанның бетін қайтару жолдарына арнамақпыз. Теріскен көбіне тәннің ауруға қарсы күресу қабілеті төмендеген шақта шығады. Және де күз мезгілі – теріскен көптеп шығатын мезгіл. Ол әдетте көздің төменгі және жоғарғы жағында, кірпік арасында пайда болады. Алғашқыда қабақ ісініп, ауру сезімі білінеді. Көбіне теріскенді сыздауықпен шатастырып алып жатады. Бұл жансақ пікір. Иә, теріскен де бездердің, мәселен көз аясын суландырып тұратын бездердің қабынуы салдарынан пайда болатын жара. Теріскен енді пайда бола бастағанда, адамның дене қызуы көтеріледі. Бұл қалыпты жағдай. Жара біресе қышып, біресе ауырып сырқатты біраз сарсаңға салады. Мұндай халді өзіңіз де басыңыздан кешіріп көрген боларсыз... Теріскен шыққан кезде тональді крем жағып немесе қарындашпен бояйтын болсаңыз, теріскеннің әбден пісіп, жазылуына кедергі жасайсыз. Көзіңізген теріскен шыққанын байқаған болсаңыз, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Теріскен себебін солар жасаған сараптамаға қарап анықтауға болады және қандай ем-дом жасау керектігін де сол сараптама шешеді. Емдеу жан-жақты әрі кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Олардың қатарына түрлі дәрумендерді, антибиотиктерді, тамызатын дәрі-дәрмектерді, пайдалы майлар мен іріңді жуатын сұйықтықтарды атауға болады. Теріскеннің пайда болу себептері де әр түрлі. Мысалы, кір қолмен көзді уқалаудан, өзге біреудің косметикалық заттарын, сүлгісін қолданудан, суықтан болуы әбден мүмкін. Дәрігер мамандардың теріскенді үй жағдайында емдеуге тыйым салғандықтарын естен шығармаңыз.

Massaget.kz
16 тамыз 2018 ж. 3 756 0