Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыт УЛЖАЕВ, АУДАННЫҢ БАС ИМАМЫ: ӘДІЛДІК ӘРҚАШАН БИІК ТҰРАДЫ

Бақыт УЛЖАЕВ, АУДАННЫҢ БАС ИМАМЫ: ӘДІЛДІК ӘРҚАШАН БИІК ТҰРАДЫ


БАСШЫ АУЫССА, ХАЛЫҚ ЖАҢА БІР БАС­ТАМАНЫ, ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ КҮТУДІ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРҒАН. МІНЕ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗДЫҢ №1481 БҰЙРЫҒЫМЕН ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ БАҚЫТ УЛЖАЕВ ОСЫДАН ҮШ ЖҰМА БҰРЫН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН БОЛАТЫН. ЖАҢАДАН КЕЛГЕН ЖАС ӘРІ ІСКЕР ИМАММЕН СҰҚБАТ ЖҮРГІЗІП, АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫМЕН ХАЛЫҚТЫ ТАНЫСТЫРУДЫ ЖӨН САНАДЫҚ.
– Тұрғындардың бірінші кезекті өзіңізді танығысы келетіні белгілі. Соған байланысты әңгімемізді бастамас бұрын өзіңіз жайлы мәлімет беріп өтсеңіз?
Мен 1990 жылы ОҚО дүниеге келдім. 2008-2012 жылдар аралығында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде бакалавр исламтану мамандығы бойынша білім алдым. 2015-2017 жылдары шет тілдер және карьера университетінің дінтану мамандығы бойынша магистрі атандым. Еңбек жолын Ақмола облысы, Бурабай аудандық мешітінің наиб имамдықтан бастадым. Мұнан соң Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы және мұнан соң ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметінде болдым. Енді міне, Алланың қалауымен талай дарындыларды, әулиелерді дүниеге алып келген киелі мекенге қадам басып отырмын.
– Бүгінгі қоғамда имамды тек құдайы аста құран оқитын, болмаса жаназа шығаратын адам деп есептейтіндер аз емес. Сондықтан, халыққа түсінікті болуы үшін имамдардың міндеті мен жауапкершілігі туралы тоқталып өтсеңіз.
Иә, сұрағыңыздың жаны бар. Имам тек құдайы аста жүретін адам дейтіндер жоқ емес, бар. Бұның барлығы имамдардың кемшілігі деп білем. Мұндай жауапкершілікті алған адам бірінші кезекте өзінің кемшіліктерін түзеу керек. Жұртқа жағымсыз қылықтардан арылғаны абзал. Адамдарды жақсылыққа шақырып, өзі насыбай атып, темекі шегіп тұрса оның сөзінің қадірі қайда қалды. Оны кім үлгі етеді, қалай қадірлейді? «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөз осының бір көрінісі. Имам – аумағындағы адамдарды туралыққа шақырып, өзгеге үлгі болатын жан. Ақыреттегі имамдардың сұрағына келсек, ол бөлек ұзақ әңгіме.
Бүгінгі таңда діни басқарманың белгілеп берген бағыттары бойынша жұмыстар жасап келеміз. Қайырымдылық шаралары арқылы тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын береміз. Мешітке түрлі қиыншылықтарымен келген жандарға шариғат бойынша дұрысын айтып, кеңес беріп отырамыз. Сондай-ақ, жүзден астам шәкірт тәрбиелеп, оларды түскі аспен өзіміз қамтамасыз етіп жатырмыз. Бесін, ақшам, құптан намазының алдында жамағатқа тұрақты түрде уағыз-насихат жүргізіп келеміз.
– Сізді аудан халқы қалай қабылдады. Жамағатпен танысып үлгердіңіз бе?
Жалпы тұрғындар жақсы қабылдады. Бұл мекенге келгеніме көп болмаса да, жақсы жандарды жолықтырып үлгердім. Бірінші кезекте аудан басшысы Әшім Оразбекұлын айтсам болады. Білікті басшымен кездескенімде мешіттегі бірнеше мәселенің түйінін шешіп беруге келісті. Мешіт жерінің құжаттарын діни басқарманың меншігіне өткізуге және мешіт алдына автотұрақ салуға ықпал жасауға келісіп, тиісті басшыларға тапсырма беріп те үлгерді. Сонымен қатар, мешіт жұмыстарына демеушілік жасап, қолдау көрсетіп жүрген жандар да аз емес.
– Өкінішке орай жат ағымның жетегінде кеткендердің ішінде аудан азаматтары да бар. Ендігі жерде бұндай олқылықтарды болдырмау үшін қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыздар?
Жастайынан діни сауатын ашқан жастар жат ағымдарға жығыла қоймасы анық. Білімсіздіктен туындаған бұл мәселемен күресу баршамызға ортақ шаруа. Жат ағымнан сақтанамыз деп балаларымызды мешітке баруға тиым салғаннан көрі, мешітке апарып сауатын ашқан абзалырақ. Жат ағымның алдын алу, жолын кесу мақсатында жоғарыда айтып өткендей, баланың буыны қатаймай тұрып мешіт ұстаздары шәкірттерді тәрбиелеуде. Ақ пен қараны ажыратып, оң мен солын тануға үйретуде. Исламның нұрымен сусындатуда.
– Өскелең ұрпақ үлкендерге қарап бой түзейді. Ал, мешітке барсақ ақсақалдарды сирек кездестіреміз. Оның себебі не деп ойлайсыз? Сондай-ақ, оларға не дер едіңіз?
Барлық қарияларға күйе жағудан аулақпыз. Үлкендігін көрсетіп жүрген үлкендер де жетерлік. Керісінше үлкенмін деп жас кезінде бүлдіргендерімен мақтанатындарды да жоқ дей алмаймыз. Олардың бір-ақ жауабы бар. Ол: «Біз Кеңес өкіметінің адамымыз». Бұл кісілердің жүрегіндегі аттеистік оты әлі сөнбегендер. Немесе, ақиқаттан қашқандар. Олар балалары үшін емес, үндінің сериялы үшін бас ауыртып, уайымға салынатындар. Бұрынырақ ақсақалдардан ақылды жиі еститінбіз. Естуімізше, ілгеріде ақсақалдар бас қосып, оқыған кітаптарын сөз етіп, елдегі мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастыратын болған екен. Бүгінгі күні мұның жұрнағы да қалмағандықтан, тәрбие жағынан да ақсап жатырмыз. Балаларымыздың айтқанын екі етпейміз. Қиналар деп жұмсамаймыз. Осының кесірінен төзімділікке үйретпейміз. Бүгінгі жастардың рухани әлсіреуінің себебі осы болар мүмкін. Отбасындағы тәрбие жақсы болса, өз-өзіне қол жұмсау деген мәселелер де туындамаған болар еді.
– Жоғарыда атап өткендей жаңа басшыдан жаңа бастама күтеді. Осы орайда, алдағы жұмыс жоспарыңызды таныстыра өтсеңіз.
Алға қойған жоспарларымыз көп. Бірінші кезекте имамдардың білімдерін жетілдіру үшін ай ортасында семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, мешітке келгендерге қолайлы жағдай жасау үшін демеушілердің көмегімен жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алмақшымыз. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын да өткізетін боламыз. Велотұрақ және қасапхана салуды да ойластырудамыз. Сондай-ақ, бүгінгі күні мешітке келген жамағаттың арнайы аяқ киім шешетін орны болмағандықтан түрлі ауа райында қиындықтар туып отыр. Осыған орай мешіт жанашырларының қолдауымен арнайы орындар ашуды алға мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі күні қасапхананың іргетасы қаланып та қойды.
Бірде бір кісі суға ағып бара жатқан шаянды құтқармақшы болыпты. Байғұс жәндікті аяған ол судан шығармақшы болып қолын созса шаян тістеп алыпты. Тағы шығарып алуға тырысса, шаян тағы қолын тістепті. Сонда құтқарудан бас тартып, ренжіген кісінің қасына келген жан: «Бауырым, оның жаратылысы солай ғой. Ол тістейді. Ал, сенің жаратылысың ондай емес қой. Саған мейірімділікті берген жоқ па?» – дегенде ренжіген кісі әлгі шаянның тістегеніне қарамастан судан шығарып алыпты.
Сол секілді қанша қиындық болса да, тұрғындарды жақсылыққа шақыру жолында қызметімізді жалғастыра береміз. Әділдік әрқашан биік тұрады.
– Ешкім қайтарып бере алмайтын алтын уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға рахмет. Алға қойған мақсатыңыздың орындалуына тілектеспіз.

Сұқбаттасқан:
Ерұлан ДАТКЕНОВ.
06 тамыз 2018 ж. 1 130 0