Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

ӨЖЕТ

«Жас алаш» газетінде жүрген кезім. Басылымның суретші-әрлеушісі Бағдат Жандосай мені жанына жиі алып, қызықты оқиғаларды ширатып шертеді. Бәлкім, болашағында мұны жазады деді ме, тәмпіштеп тарқатып айтты. Өзі соғыс көрген, бір аяғын оққа берген мүгедек. Сурет өнерінің нағыз шебері. Бәрді ойына әлдебір естелік түсті ме:
– Әй Қаныбек, тез келе қой, –деді көрші кабинеттен. – Сен осы менің суретші қызымды білесің бе?
—Білгенде қандай, Раушан Момбекованы танымайтын қазақ жоқ шығар.
—Онда тіптен жақсы болды. Сол қыз Мәскеуде оқып жүргенде Қазақстанды бір шулатқан.
—Не дейд. Басынан бастап айтсаңыз...
—Балаларымның қайсысы жолымды қууға жарайтынын сырттай бақылап жүрдім. Бәрінің ішінде Раушан ес білгелі суретке құмар болды. Сегізінші сыныпты бітірген соң Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқыды, ары қарай Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының көркемсурет-мультипликация факультетіне оқуға түсті. Ол кездері талап қатаң, одақтың түкпір-түкпірінен жиналған талапкерлердің ішінен бар болғаны он бес баланы қабылдайды. Үш жыл қатарынан құлап, әйтеуір жолы болды. Оған қуанып жүргенмін. Бір күні Мәдениет министрі Камал Смайлов шақыртып, қызымның дөрекі мінез көрсетіп, деканын орындықпен ұрып, ауруханаға түсіргенін, сөйтіп Мәскеуді дүрліктіргенін жеткізді. Соған байланысты шұғыл одақтың астанасына жиналып жатқанын айтты. Мен не дейін, үнсіз қалдым. Мәселенің түпкі мәнін кейін білдік ғой.
Кезекті демалыстан елден оралған соң студенттерге фольклор жанрынан батырлар бейнесін салуды тапсырады. Раушан өз шығармасында Алпамыс пен Қобыланды бейнесін сомдайды. Факультет деканы студенттер еңбегін бағалап отырып, Раушанға келгенде бірден бас салады. – Қазақта өзі батыр бар ма, мен естіген емеспін, онан да сен неге Илья Муромецті салмадың, деп жеки бастады. Алғашқыда үндемей құтылғысы келген. Бірақ басынып бара жатқан соң шыдай алмады. Орындықты алды да басынан бір перді. Сол жерден деканды жедел жәрдем ауруханаға әкетті. Раушан жатақханаға барып, жатып қалды. Артынан министр Камал Смайлов барып, деканнан кешірім сұрайық деді.
– Бармаймын. Керісінше, өзі келіп кешірім сұрасын. Ол көптің көзінше бүкіл қазақ ұлтын масқаралады, –деді өжет Раушан.
Министр оның қайсарлығын құрметтеп отыр. Амал жоқ, Мәскеудің мәртебесі үшін ауруханаға барып өзі кешірім сұрады. Декан бір-екі күнде ауруханадан шығатынын, ал, студенттің бұған еш кінәсі жоқ екенін білдірді.
Шынында, декан Раушанға келіп кешірім сұрап, келесі кезекте қазақ батырлары туралы көптеп туынды жасауды өтінді.
Мұны Камал Смайлов өле-өлгенше айтып өтіпті. Раушанның өжеттігін бүкіл оқу орны білген және қазақ қызының қайсарлығын мойындаған.
Енді екінші оқиға. Құттықожа ауылының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Ақнұр Сматованың жер басып жүруіне тағдыр таршылық жасады. Арбаға таңылған арудың өмірге құштарлығы өнеге еді. Талпынады, аяқпен жер басып жүргендерге де өжеттігін үлгі көрсеткісі келеді. Көктемнің жиырма жеті гүліне үміт байлаған қыз ғұмырдың қайсар қасиеті талайды таң қалдырған да еді.
Ол құрбыларына қосылып, мектепке аунап-қунап бара алмады. Мұғалімдер дәрісті үйіне барып берді. Жалаң аяқ жүгіріп, ойын баласы болып тай-құлындай тебісіп, жердің сызы мен суығын сезінбеді, ыстығына табанын тоспады. Арманы жеткенге аяғы жетпеді. Бұғаулаған бүлік дерт оның дегеніне жібермеді. Амалсыз еді...
Шер мен мұң шерменде жанды ширатты ма, шашты сипаған салқын самалдан да, бет-жүзін қытықтаған күн сәулесінен де ізгілік іздеді. Табиғаттың әрбір құбылысынан сая тапты, өкініш пен арманы арбасты, жігері жеңді.
Сүйекті солқылдатқан сызат жанға батқан сайын басқа бір бұла күш бойына алай-дүлей толғаныспен ауруды алдарқатқандай болады. Нәзік иірім назданып барып, шабыттандырады, көңіл кеңістігін биікке шарлатады. Бірде ән айтуға құмартып, қазақ сазгерлерінің сазды әуезін ыңылдап салып көрді. Әдемі үйлесім тауып барады. Сөзін сабақтап, қайырып қосып орындады. Тіпті тамаша!
Ол өзін әнші болуға жетелегендей еді. Кітаптан көп-көп өлең жаттады, оны әуенге салды. Репертуарын толықтырды, лирикаға байланған әндерді жаны онан сайын сүйді. Сөйтіп, сахнаға шығуға өзін дайындады.
Мұны сезгендей «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев Ақнұрдың ішкі арманына ағалық мейірімін төкті. Екі мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Бір нәзік сәуле» ән кеші – оның бойда өршіген бұла күші мен өжеттігінің өлшемі, сырлы әлемі мен сезімтал сипаты секілді. Сондағы Ақнұрдың алған асуы өте биік болатын. Залға лық толған көрермен періште көңілді желпіндіріп, өнердің иран бағына жетелеп әкетті. Осы бір серпілістен оның тіршілікке тырысқан әрекеті арта бастады. Келесі жылы Астанаға аттанды. Калциі кем сүйекке ота жасатты. Аяғынан тік тұрғысы бар. Қазір бір жылға жуықтады, күнделікті жаттығумен өмірге талпынысын үдетті. Әні-міні деген үміт кеуде де лаулайды. Сөз жоқ, Ақнұр аяқтан тұруға тиіс. Ол өжетке тән табиғат.
04 тамыз 2018 ж. 768 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9188)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (9187)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (9186)

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031