Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕНІҢ ДЕ АЙТАРЫМ БАР

МЕНІҢ ДЕ АЙТАРЫМ БАР

Ел осы Бестам мен Шәулімшенің ортасындағы Жетімтөбенің шын атын біле ме, неге «жетімтөбе» атанған? Бұл әңгіме сәл тұра тұрсын. Біраз уақыттан бері осы бабалар басына зиярат ету ұмыт болып бара жатқандай еді. Сол үрдісті иІРКӨЛ АУылдық округінің әкімі С.Монтаев қайта жалғап, ауыл ардагерлерін екі жыл қатарынан қасиетті орындарға апарып келді.
Осындай игілікті істің жалғасын Ақылбек Ержановтың өз демеушілігімен 2017 жылдың қазан айының 28-і күні Арыстанбабқа зиярат етуге Ы.Жақаев ауылынан 19 адам ниет етіп, жолға шықтық. Бұрнағы жылдары барғанда көптің бірі болып садақамызды беріп, құранымызды оқып, ешнәрсе ойламай, Арыстанбабқа және Қожа Ахмет Ясауиге зиярат етіп қайтқан болатынбыз. Осы жолы маған ауылдан шыққаннан бастап жол-жөнекей көрген-білгендерімді және зиярат еткен жерлерім мен алған әсерлерімді қойын дәптеріме түртіп отырайын деген ой келді. Осы ойыма тұздық болған мына жағдай мені қатты таңғалдырды. Арыстанбаб бабаның Өзбекәлі Жәнібекке қарай жүретін жол бойындағы шағын тақталардағы жазылған өсиетті сөздер расында да, дана халқымыздың даналығын айшықтай түскендей.
«Шүбәсіз біліңдер бұл дүние,
Барша халықтан өтеді.
Иланбағын малыңа,
Бір күн қолдан кетеді.
Ата-ана қарындас,
Қайда кетті пікір қыл.
Төрт аяқты ағаш ат,
Бір күн саған жетеді.
Қай жаққа кетті аттанып,
Пікір қыл сонау көп халық.
Жетеді қуып ат табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны» – деп оқып тұрғанымда қасымда тұрған Сейткамал құрдасым жағасын ұстап, «Ой, Алла-ай бұл рас мұсылман халқының мінетін аты ғой. Келешек ұрпағым осы өсиет сөздерді оқып, тәубасына келсін деп жарықтықтар айта берген-ау», – деп зиярат етуді ары қарай жалғастырдық. Бабалар басында зиярат етуші тек біздер, яғни үлкендер ғана емес, ұстаздарымен бірге төрт мектеп оқушылары да келген екен. Ұстазынан бастап оқушы қыздардың басында орамал, ұлдардың басында тақия. Арыстанбабқа зиярат етіп болған соң әр топ сол жерде ұстаздарын ортаға алып, естелік суреттерге түсіп жатыр. Бұл да болса жастарымыздың имандылыққа бет бұрып, дініміздің өркендеп жатқанының бір белгісі деп білдік. Бізді бастап барған Оразмахан Абдуллаев «ендігі жол Қожа Ахмет Ясауи» деп, барлығымыз көлікке жайғастық. Арыстанбабқа барғанша екі жолдың бойына қарап барған болатынмын. Арыстанбабқа қанша жер қалғанын қайдам, жолдың оң жағынан бара жатқанда үйілген үш төбе көрген болатынмын. Әр төбенің арасы қанша екені беймәлім, қайтып келе жатқанда бірінші төбенің тұсына келгенде:
«– Әй, Сейткамал, мына төбе, не төбе жан-жағында еш нәрсе жоқ, қалай үйілген?» – дедім. Ал, ол болса «жәй төбе» шығар деді. – Сен осы ауылдағы Шәулімшенің қасындағы Жетімтөбені білесің бе? – дедім. Ол: – иә білемін, – де­ді. Білсең Жетімтөбенің шын атын білесің бе десем, ол жағын білмеймін деді. Білмесең айтайын, Жетімтөбенің шын аты «Мәжіліс төбе» деп аталған. Бұған дәлел Бестам мен Жетімтөбенің арасында пайтон арба жүретін жалпақ тастан жасалған жол табылған. Өндіріс бригадирі Қожахмет Төребаев өгіз соқамен Бестам мен Жетімтөбенің арасын айдағанда ағаш соқа тасқа соғылып, жерді айдауға кедергі болған соң сол жерде қолдан ашып қарағанда төселген тастардың жол екенін көрген. Бұл жол Бестамнан Жетімтөбеге дейін келетінін білген. Сондағы болжаммен айтылған Жетімтөбе «Мәжіліс төбе» екен. Мәжіліс төбенің төбесінде билер сол кездегі басшылар отырса, төмен жағында қара халық отырып, билердің әңгімесін тыңдайтын болған. Сол себепті, Жетімтөбе «Мәжіліс төбе» екенін айғақтайды. Бәлкім, біз көріп келе жатқан мына төбелер де бір кездері билердің кеңес құратын мәжіліс төбелері болған шығар деген ойға келдім. Көліктен түсіп, зиярат етіп, құран оқып, іштегі тайқазанға апарған теңгелерімізді салып, сол жерде суретке түстік. Келгендер сосын ішін аралап шықтық. Сан ғасырдың куәсіндей асыл мұра қалай соғылған, не деген баға жетпес мүлік деп өз таңғалыстарын жасырған жоқ. Қос асыл мұраға зиярат етуді аяқтап, Алла қабыл етсін деп қайттық. Менің және айтарым бар. Аудан басшылары, мектеп директорлары арнайы көліктер бөліп, бабалар басына зиярат ету тек науқандық болмай, жылдың белгілі уақытында зиярат етуге апаруды ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұмабек Айтбаев,
дербес зейнеткер,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы».
25 ақпан 2018 ж. 1 350 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031