Аштық кезіндегі ағзаның жағдайы
Дәрігерлер адамның тамақ ішпестен үш ай бойы жүре алатынын айтады, ол үшін дені сау болуы және көп мөлшерде су ішуі керек. Тарихта өткен ауыр кезеңдер адамзатты барлығына төзімді етіп, пісіріп шығарды. Дегенмен, төзе алады екенбіз деп аш құрсақпен жүре беруге болмайды. Ағзаға басты қуат беру көзі – глюкоза. Ал асқазанға азық түспесе, ағза басқа жолдарға көшуге мәжбүр болады: қажетті глюкозаны алу үшін гликогенді ыдыратады. Аштық сезімі одан сайын артып, денеңіз керекті қуатты басқа жерден іздеуді талап етеді. Тәулік бойы ағза бүкіл гликогенді жаратып үлгереді де, жағатын «жанармай» үлесін май қорынан алуға көшеді. Ол да біткенде адам шаршап, құлазып, ашуланшақ күйге түседі. Тіпті ең оңай тапсырмалардың өзі қарын ашып тұрғанда адамды тығырыққа тірейді. Себебі ми жұмысы үшін күніне кем дегенде 120 грамм глюкоза қажет, ал сізде ол бітіп қалған. Табиғат барлығына жағдай жасап қойған. Ми жақын арада глюкоза келмейтінін түсінгеннен кейін оның қалдығын кәмпескелеуге кіріседі. Дене инсулин шығаруды тоқтатады, онсыз глюкоза бұлшықеттерге бара алмайды. Бір апта бойы ашығу денені үнемге әбден үйретеді. Жүрек соғысы ең төменге деңгейге жетеді, қан қысымы мен дене температурасы төмендейді. Дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігі тағы бір мәселеге жол ашады. Иммундық жүйе де ең төменгі деңгеймен жұмыс істейді, себебі оның жұмысына ресурстар жеткіліксіз. Қарны аш адам жай ғана суық тигізіп ауырып қалса да, ағзасы аурумен күресе алмай, өлімге шалдығуы мүмкін. Глюкоза тым аз екенін, тіпті бітіп қалатынын айттық. Ми оны алатын жер таппай, соңында денедегі ақуыздарға шабуына тура келеді. Соның нәтижесінде қанға аминқышқылдары түсіп, бүйрек бұл қышқылды глюкозаға айналдырып, миға қуанышты хабар жеткізеді. Бұлшықет те семеді. Ұзақ уақыттық ашығудан кейін мұның барлығын қайта қалпына келтіру аса қиынға соғады.
Massaget.kz
Massaget.kz