Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем таныған Астана

Әлем таныған Астана


Қазақ елінің мақтанышы, Алаш жұртының әсем бас қаласына айналған Астанаға биыл 20 жыл. Қас-қағым сәттердей көрінетін осынау уақыттар ішінде елордамыз адам танымастай өзгеріп, айрықша күйге енді. Халықтың бірлігінің, еңбекқорлығының арқасында біздің елге әлем халықтары тамсанып, тілге тиек ететін бейбітшіліктің нышанына айналған қала бой көтерді.
Алғашында Ақмола астана болады дегенде халықтың үмітінен күдігі басым болды. Көптеген азаматтар Сарыарқаның сары аязын, батпағы мен ызасын сөз етіп, бұл тарихи шешімге қарсы шығып та жатты. Осындай тығырықты сәттерде Елбасы ерен ерік-жігер танытып, батыл шешім қабылдады. Н.Назарбаев Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының негізгі өлшемдерін көрсетіп берді. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді. Осылайша 1994 жылы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданып, 1997 жылы желтоқсан айында Алатау бөктерінен Арқаға көшірілді. Осынау 20 жыл ішінде Мемлекет басшысының бастамасы нақты өмір ақиқатына айналды. Президентіміз әрбір бой көтерген жаңа нысандардың салынуын өзі қадағалап, көбінің салтанатты ашылу рәсіміне де қатысты. Бас қалада бой көтерген алғашқы ғимарат Астанадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал 1998 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылды. Мемориал авторлары – Қазақстан дизайнерлері одағының президенті Т.Сүлейменов, архитекторлар К.Монтахаев, А.Ордабаев, А.Кенжетаевтар Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына енді. Ал, Астананың символына айналған, Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы бедерленген Бәйтерек болса, 2002 жылы Н.Назарбаевтың идеясынан туындап, архитекторлардың көмегімен салынды. Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілері өмірге келетін жерұйық іспеттес. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс бірлестігі қалыптасты. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Бұл архитектуралық кешендерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық құс азаттық аңсаған әрбір қазақ баласының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.
Ядролық қарудан бастарту секілді бейбіт бастамалардың арқасында Астана қырық пышақ болған елдердің шешілмеген түйіндерін тарқатып, достығын бекемдейтін келіссөздер алаңына айналды. Оған елордамызда өткізілген әлемдік саммиттер, VII қысқы Азия ойындары, Астана экономикалық форумы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері дәлел бола алады. Тіпті, бірнеше жылдан бері соғыстан көз ашпаған Сирия үкіметімен, содырларының келіссөз алаңы ретінде елордамызды таңдауы елімізге артылған сенімнің жарқын көрінісі іспеттес. Айтулы оқиғалардың ізін өткен жылы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жалғады. Бұрын соңды ТМД мен Орталық Азияда өткізілмеген көрмеге алыс жақын шет елдерден мыңдаған туристер ағылып, әсем қаланың сұлулығына тағы да таңдай қағып кетті.
Міне осындай тамаша жетістіктер мен жеңістерге қол жеткізген Астана 20 жылдық мерейтойын тойлауда. Мереке қарсаңында өзге қалаларымыз Елордаға айрықша сый құрмет көрсетіп жатыр. Мысалға: Қарағанды «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері жаяу жүргіншілерге арналған ерекше көпірді тарту етсе, Сыр елі ашық аспан астындағы ғарыш музейін сый етіп, қала тұрғындары мен қонақтарының разылығына бөленді. Бұл мерейлі мереке қарсаңында өткізілетін іс-шаралардың бастамасы ғана. Алдағы уақытта таңдай қағып, тамсанатын ерекше кештерге куә боламыз.
Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық ретінде танылып, дамушы елге айналды. Ендеше, біз жасампаз елдің Елордасы ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары тоғысқан жерұйығымыздың мұнан әрі өсіп өркендей береріне үлкен сенім білдіреміз.
Рамазан ӘНӘПИЯ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.
10 шілде 2018 ж. 2 346 0