Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЦИФРЛАНДЫРУ КӨРМЕСІН АРАЛАДЫ

ЦИФРЛАНДЫРУ КӨРМЕСІН АРАЛАДЫ


Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің басшыларымен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығын таныстыру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы Қыр­ғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков­пен, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына арналған цифрландыру көрмесін аралап көрді.
Қазақстан Президенті инновациялық қаржы технологияларын дамытуды көздейтін тиімді ортаны қалыптастыру «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің бірден-бір маңызды бағыты екенін айтты.
– «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының жұмысына қатысушылар үшін Қа­зақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің капи­талы қолжетімді болады. Қаржы орта­лы­ғында посткеңестік кеңіс­тік­те баламасы жоқ, бұрын-соңды болма­ған жағдайлар жасалды. Кеше ғана біз салтанатты жағдайда заманауи жоғары техно­логиялы инфрақұрылымы бар «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысын бастадық. Бүгінде оның қызметіне америкалық НАСДАК биржасы және Шанхай қор биржасы қатысып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Таныстырылым барысында Қазақ­станда инновациялық қаржы технология­ларын дамыту мен ілгерілету үшін қолайлы экожүйені қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобалар көрсетілді. Соның ішінде e-Justice (АХҚО цифрлы сот төрелігі жүйесі), цифрлы криптобиржа, криптовалюталар үшін депозитарий, қаржылық супермаркет, киберқауіпсіздік орталығы, ислам қаржы технологиялары, халықаралық стартап бағдарламалары мен басқа да жобалар бар.
«Астана» халықаралық қаржы орта­лығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Орталық Азия елдерінің басшы­ларына қаржы орталығы қыз­метінің негізгі қағидаттары және өңірдің қаржы жүйелері үшін жол ашатын мүм­кіндіктер жөнінде әңгімелеп, Жібек жолының бойында орналасқан елдердің кәсіпкерлерін қаржы орталығының қызметіне белсенді атса­лысуға шақырды. Сондай-ақ таныс­тырылым рәсімінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының төрағасы Лорд Гарри Кеннет Вульф және қаржы орталығының басқарушы директоры, үздіксіз кәсіби даму бюросының кураторы Ернұр Рысмағамбетов сөз сөйледі.
07 шілде 2018 ж. 727 0