ЕЛОРДАЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ФИЛЬМ КЕРЕК

Дат режиссері Билле Аугуст түсірген «Лиссабонға дейінгі түнгі пойыз» деген фильм бар. Онда Раймунд Грегориус есімді швейцариялық профессор көпірден секірмек болған әйелді өлімнен аман алып қалып, оны кабинетіне ертіп әкеліп, ақыл айтады. Алайда қыз пальтосын қалдырады да, кете барады. Раймунд сырт киімнің қалтасынан Амадеу ду Прадо есімді португал жазушысының кітабын тауып алады. Кітаптың ішінде Лиссабонға дейін алынған билет бар екен. Қызды табамын деген үмітпен дереу вокзалға аттанған Грегориус өзі де пойызға мініп кете барады. Картина алғаш рет 2013 жылы Берлин кинофестивалінде көрсетілді. Фильм швейцариялық жазушы Паскаль Мерсьенің фильм аттас кітабының желісі бойынша түсіріліпті.
Биыл жиырмаға толған Астана шаһары елорда болғалы онда талай кино түсірілді. Санамадық, дегенмен көркем мен деректісін қоса алғанда 30-40 шақты дүние бар. Бәрі Астананың сұлулығын көрсетуге тырысады, оның артықшылығын фильмнің тақырыбы арқылы паш етпекке ұмтылады. Осы орайда Астана туралы фильм жасаған, түсірілім тобын шұбыртып Арқаға ертіп барған кино мамандарынан пікір сұрадық.
2016 жылы Астана қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Астананың 25 сәті» фильмі түсірілді. Фильмде Бозоқ қалашығы заманынан бүгінге дейінгі елорда тарихы қамтылған. Бас қаланың Еуразияның орталығында географиялық жағынан тиімді орналасуының артықшылықтары баяндалады. Астана дамуының басты кезеңдері, сондай-ақ елорданың көшірілуі және оның сәулет тұжырымдамасы, халықаралық аренадағы жетістіктері баяндалады. Бес көрікті орны туралы айтылып, олардың бірегей ерекшеліктері де сипатталады. Астананың жетістіктері, оның көрікті жерлері мен сұлулығы туралы қарапайым астаналықтар әңгімелейді.
«Бәйтерек» – балаларға арналған фильм. Басты кейіпкері арманын ақиқатқа айналдыратын бір тылсым күштің бар екеніне сенеді. Ол үшін ғажап шаһардың төрінде бой көтерген алып бәйтерекке баруы керек, сонда арманы орындалмақ. Фильм режиссері Данияр Саламат туындының негізгі идеясы турасында: «Бәйтерек» – еліміздің көптеген рәміз-нышандарын, сондай символға айналған Бәйтерегімізді еске нықтау және жас ұрпақтың көкірегіне құйып беру әрі ұлықтау үшін түсірілді»,– дейді.
Назира МҰҚЫШЕВА, кинотанушы:
– Кино өнерінің тарихына қарасақ, сонау жиырмасыншы жылдары кино саласына әлі дыбыс келмеген күннің өзінде Еуропа, АҚШ, Кеңес Одағы кинонарығында өздерінің астаналарын көрсететін туындылар түсіру тенденциясы болды. Мәселен, 1927 жылы неміс киноклассигі Фриц Ланг түсірген «Метрополис» дейтін фильм болды. Сол жылы «Берлин – симфония большого города» дейтін де деректі туынды түсірілді. «Париж, мен сені сүйемін» дейтін өнертуындысын да жақсы білеміз. Сол сияқты, Астана да бүгінгі кинокеңістікте мықтап тұрып өз орнын алды әрі мұнысы аса орынды.
Сламбек ТӘУЕКЕЛ, режиссер:
Тұшымды туынды әлі де қажет
– Қазіргі уақытта елорда туралы тұшымды әрі тартымды фильмдер көп емес. Бүгінде көрермен назарына жол тартқан бас шаһар турасындағы кей туындылар көңіліме аса қуаныш орнатқан жоқ. Өйткені мемлекетіміздің негізгі ордасына айналған басты қала туралы көркем туынды түсірудің негізгі идеясы – тұғырлы астана құрудың мақсат-мүддесімен үндесіп жатуы қажет. Астананың пайда болуы, құрылыс нысандары, тағдыры мен тарихы хақында көркемсуретті фильм түсіруіміз әлі де қажет-ақ. Бас қаланың 25-30 жылдығы сынды мерейтойларына мемлекеттің тапсырысы арқылы сондай мәнді де мазмұнды туынды тарту етуді қазірден ойластырғанымыз абзал.
Мұрат БИДОСОВ, режиссер:
Астана – тағдырлар тоғысы
– «Астана – махаббат жағалауы» фильмін әсем қаламыздың 10 жылдығы қарсаңында түсірдік. Мұндағы мақсат – енді өсіп-өркендеп келе жатқан жас қаланың даму қарқынын, сол уақыттағы ару келбетін көрсету арқылы елордаға деген халықтың ықыласын ояту болды. Негізгі нысанаға махаббат тақырыбын алғанымызбен, яғни сан түрлі арман қиял мен әртүрлі тағдырларды тоғыстырып жатқан Астана қаласының кейіпкерлерін көрсету арқылы бас қаланың жақсы имиджін қалыптастыруға тырыстық. Өйткені сол кездің өзінде бас шаһарымыз заманға сай құбылып, құлпырып сала берген. Осыдан он жыл бұрын Астана – ХХІ ғасырдың қаласы екенін сырт келбетінен, құрылысынан, даму қарқынынан көрсетіп-ақ тұрды. Өзіндік бірегей архитектурасына Еуропаның да, Азияның да ықпалы бар нағыз еуразиялық шаһар болды. Бірі – классицизмге, енді бірі хайтекке ұқсататын қаланың өзіне тән ерекше стилі бар. Қай қырынан алып түсірсек те, өзінің әсемдігімен ынтызар етеді. Бірақ ару шаһарымыздың көркемдігін тек ондағы ғимараттарды көрсету, яки насихаттау арқылы бере алмаймыз. Себебі, кез келген көркем фильмнің көрерменді тартатын қызықты әрі мазмұнды сюжеті, тағдырлы да тартымды кейіпкерлері болуы тиіс. Ал Астанада мұндай тағдырлы кейіпкерлердің талайы бар. Осында келіп бақытын тауып, табысып жатқан қаншама адамды білеміз. Жас қалаға еліміздің әр өңірінен арман қуып келетін жастар бар.
Бұл – мәдениет пен салт-дәстүрдің алмасатын ортасы. Кезіндегі Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» туындысының басты кейіпкерлері Тайлақ пен оның апасы екенін білеміз. Негізгі сюжеті баласын үйлендіремін деп ары да, бері де шапқылап жүрген қарт әжейдің арманына құрылған. Алайда осы сюжет арқылы фильмде Алматының барлық көзтартар көрікті жерлері көрсетілді. Айдынды Медеу, асқар Алатау, театр, Республика сарайы сынды өнер ордалары, бәрі-бәрі көрініс тапты. Осы өнер туындысы арқылы халықтың Алматыға деген ықыласы артып, махаббаты күшейе түсті емес пе? Астананың ажарлы келбетін, даму деңгейін дәріптеп, мерейін үстем, мәртебесін асқақ ету мақсатында бірқатар көркем, яки деректі фильмдер түсірілуде. Әрі мұндай туындылардың басым бөлігінде бас қаламыз фон есебінде алынады. Өйткені бұл – киноиндустриядағы қалыпты құбылыс.
Жандос ҚҰСАЙЫНОВ, режиссер, сценарист:
Түсіретін адам ебін табады
– Жалпы, басты рөлге қаланы алған режиссерлер болған. Мысалы, Вуди Алленді алайық. Қалаларға көп фильм арнаған. Георгий Данелияның «Я шагаю по Москве» фильмі де сондай бағытта түсірілген картина. Вуди Аллен «Римские приключения» деген фильм түсірді, содан кейін дереу туристердің саны артып шыға келді. Онда да кәдімгі тобыр турист емес, интеллектуалды туристер қаптап келді. Бұл дегеніңіз – қала мәдениеті мен руханиятына қосылған үлкен инвестиция. Сол режиссер өмірбақи Нью-Йоркты түсіріп келді. «Нью-Йорк трилогиясы», «Манхэттен» фильмдері соған дәлел. Одан кейін, Парижге ауысты. Сондықтан оны басты кейіпкер ретінде әлем астаналарын таңдап алған және сол шаһардың қасиетін басқаша жағынан көрсете алған режиссер деп айтуға болады. Негізі кинода қандай да бір қаланың режиссер музасы ретінде түсірілуі заңдылық. Астанаға келетін болсақ, елорда туралы ірілі-ұсақты жиырма шақты кино, сериал түсірілді. «Астана – махаббатым менің» деген сияқты. Бұл қатарда кезінде Егор Кончаловский таспалаған «Астана, я люблю тебя» деген новеллалар жиынтығы да бар. Дегенмен аздап сәтсіздеу шықты. Оның себебі, Астананы білмеген, танымаған адамдардың түсіруінде шығар. Яғни, жоба басшылығы шикілеу жұмыс істеді. Болмаса осыған дейін түсірілген «Париж, я люблю тебя», «Нью-Йорк, я люблю тебя» кинолары сәтті шыққан болатын. Жалпы, қала дегеніміз кім? Қала дегеніміз – адамдар. Қала туралы кинода сол қалада тұратын адамдардың тағдыры суреттелуі керек. Өйткені ешқандай объект, ешқандай субъект адамдардың тағдырындай қызық болмайды. Сондықтан астаналықтардың тағдырын көрсететін кинолар әлі толыққанды жария болмай жатыр, түсірілмей жатыр. Астана туралы фильмдер түсіріліп жатыр, оған дау жоқ. Бірақ олар – адамдар емес, ғимараттар туралы фильмдер. Елорда кино түсіруге өте ыңғайлы: ғимараттары жаңа, көшелері кең, жарық, әдемі қала. Картинаның бояуын қанық ете түсу үшін Астана – таптырмас декорация. Алайда оның бәрі жансыз. Егер онда өмір болмаса небір керемет деген ғимараттың өзі қызық емес. Міне, қалаға 20 жыл толды. Демек, бұдан былай Астана туралы емес, астаналықтар туралы фильм түсіретін уақыт келді. Ондағы тағдырлар, ондағы махаббат, ондағы кикілжіңдер, қуаныштар мен реніштер тұрғысындағы фильмдер түсіріле бастауы тиіс. Және ол көркемдік тұрғыдан ешкімнен кем түспейтін, сапасы өте жоғары, адамды жалықтырмайтын, қала туралы қасаң стереотиптерді жоққа шығаратын, әсерлі картина болуы тиіс. Астана – қала ретінде енді-енді тамырына қан жүгіре бастаған қала. Соны дөп басу қажет.
Алғаш Астанаға келген кезде «Жастығым менің, Астана» деген тақырыппен фильм түсірген болатынмын. 2011 жыл, ол кезде мен 24 жастамын. Белгілі продюсер Серік Абас-Шахтың ұсынысымен сол көркем фильмді түсірген едім. Сол жылы көктемде «Біздің көктем» деген фильмді де жарыққа шығардым. Бұл менің тырнақалды жұмыстарым. Сапалық тұрғыдан керемет деуге келмес. Бірақ қалай дегенде де кинодағы және Астана туралы кинодағы бастау-баспалдағым болды. Астананың қысы ұзақ, желі бар, көктем кеш шығады деп сылтауратуға келмес. Түсіремін деген адам ебін табады. Оның үстіне қазір жасыл фон арқылы да небір қалаларды түсіріп, компьютерлік графикамен фильм жасап жатыр. Сондықтан Астананы нысанаға алатын, сол арқылы ел күткен ғажайып кино түсіретін бір режиссердің бар екеніне сенемін.
«Астана – махаббатым менің» – Қазақстан мен Түркия киногерлерінің бірлескен жобасы. 2010 жылы көрермен назарына ұсынылған 12 сериялы фильмдегі оқиға желісі елордада өрбиді. Туындының басты кейіпкерлері барлық арман-мақсатын Астанамен байланыстырады. Көрерменнің сұрауымен отандық телеарналардан бірнеше рет көрсетілген фильмнің режиссері – Ермек Шынарбаев.
National Geographic телеарнасының қазіргі заманғы сәулет өнеріне арналған телебағдарламасы бар. Әр топтамасында Дубайдағы «Бурдж-Халифа», Куала-Лумпурдегі «Петронас мұнаралары», Еуротуннель секілді ерекше құрылыстар жайлы мәлімет береді. Былтыр Астанадағы «Хан-Шатыр», «Бәйтерек», «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» туралы баяндаған. EXPO – 2017 көрмесінің нышанына айналған «Нұр Әлем» сферасына да ерекше көңіл бөлген. Туындыда «Астана – ғажайып шаһарлар туралы деректі фильм түсіруге лайықты қала. Біз Қазақстан билігінің көмегімен деректі фильм түсірдік. Онда әлемдегі ең жас астаналардың бірі жайлы шынайы әрі қызықты мағлұмат бердік. Қазақстан астанасы бізді тартымды құрылысы әрі ауқымды жобаларымен таңғалдырды» делінген.
Тілек:
Әлқисса сөздегі «Лиссабонға дейінгі түнгі пойыз» туралы әңгімені бекер қозғамадық. Жоғарыдағы пікірлер де біздің оймен тоқайласатындай. Қала туралы айту үшін оның биік мұнарасын ірі планда көрсете беру және әр диалогта Астананың әдемі қала екенін айта беру маңызды емес шығар. Маңыздысы – тағдыр, оқиға, тіршілік. Көрермен жүрегін шым еткізер әсер. Асай-мүсейін арқалап Астанаға баратын режиссерлерден біз сондай дүние күтеміз.
Абай АЙМАҒАМБЕТ, Айдана НҰРМҰХАН