АСТАНА АГЛОМЕРАЦИЯСЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨЗГЕРТЕДІ

Ұлы армандар айдынына, ұлттық қуат қайнарына, бақ-береке байтағына айналған Астана қазақ елінің қабілет-қарымын, қажыр-қайратын, әлеует-мүмкіндігін бүкіл әлемге паш етуде. Сарапшылардың байламынша, Қазақстанның бас қаласы – дүниежүзіндегі ең қарқынды дамушы қалалардың бірі және жаһандық ауқымдағы табысты урбанистік жоба.
Елорда әкімі Әсет Исекешевтің дерегінше, 20 жыл ішінде Астана тұрғындарының саны үш еседен артып, 1 миллион адамға жетті. Осы уақытта қаланың аумағы да 3 есеге ұлғайды. Небәрі екі онжылдық мерзімде көшедегі көліктер саны он еселенген. Ал ел игілігіне берілген баспана көлемі 19 есеге өсіпті.
Астананың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) атаулы шамада 224 есеге, ал нақты шамада 5,5 есеге артып, 5,8 триллион теңгеге немесе 17,7 миллиард долларға жетті. Жиырма жыл ішінде елордамыздың өркендеуіне және өндірісіне 8,3 трлн теңгедей немесе 47,7 млрд долларға жуық инвестиция құйылған.
Енді бас қаламыз «Халықаралық қаржы орталығы» ретінде әлемдік биіктерге өрлеумен бірге, «агломерация» ретінде кеңге өркен жаятын болады.
Қазақстан Үкіметі өзінің 2017 жылғы 8 қарашадағы №726 қаулысымен «Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын» бекітті. Бұл құжаттың басты міндеттері Астана агломерациясының шекараларын айқындау, аумақты функционалдық аймақтарға бөлуді әзірлеу, халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіру, инженерлік, көліктік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымды дамыту.
Соның ішінде әсіресе, көліктік жүйені дамыту аса өзекті болып отыр. «Мүйіздері» сымнан жиі ажырап қалып немесе жүк көліктері сымдарын үзіп кетіп, дәл көше ортасында үйір-үйірімен қаңтарылып тұруы көбейгендіктен, он жылдай бұрын елорда троллейбустардан тегіс бас тартты, паркін жапты. Трамвай деген мұнда болған да емес. Ал метро салуға халқы аздау делінді. Нәтижесінде, бүгінде Астана қалаішілік қатынаста барлық қоғамдық көлік атаулыдан жалғыз автобустарға тәуелді болып отыр. Бұл олқылықты жою үшін Астана жеңіл рельсті
көлік – биік эстакадамен қозғалатын LRT жобасын іске асыруды қолға алған. Бірақ оның жыры ұзап кетті. Оны тездетуге енді шың елі білек сыбана кіріскен болатын. Олардың қарқыны қандай, жетістігі нендей екенін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әңгімелейді:
«Қазіргі кезде қытайлық компаниялар консорциумының қатысушысы саналатын China Railway No.2 Engineering Group Co, Ltd компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1-санаттағы лицензия алды және ол тіреуіш іргетастарды, эстакадалардың тіректерін орнату жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс объектілерінде, олардың барлық желісі бойынша 121 ауыр техника мен 2 262 жұмысшы жұмылдырылған. 2018 жылдың маусымындағы жағдай бойынша ұңғымаларға бұрғылай қағылатын қада-тіреуіштердің 80,5%-ы, ростверктердің 35%-ы, тіректер мен бағандардың 16,8%-ы, құрама біліктердің 10,1%-ы орнатылды. Тұйық-депо объектілерінде 2 618 тіреуіш қағылды» дейді министр.
Яғни, байқасаңыз, жұмысы әлі жетерлік. Инвестициялар және даму министрлігінің бағалауынша, жобаның шамамен небәрі 10%-ы ғана жұмысы жүргізілді.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта сараптамалық қолдау режимінде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Ол құжаттамасы тек ағымдағы жылғы желтоқсан айында дайын болып, бекітілетін көрінеді. Демек, жолаушыларға шыдам сақтап, автобустарға ары қарай да сығылыса кіруден басқа амал қалмайды.
Ал салушы компания миллиардтарды игеруін жалғастырады. LRT жобасын іске асыру үшін 2018-2019 жылдарға 16,2 млрд теңге бөлінді. Тарата айтсақ, 2018 жылы 9,1 млрд теңге шығындалмақ, келесі 2019 жылы тағы 7,1 млрд теңге жұмсалады. Ал 2017 жылы қытайлық компания барлық бөлінген 69,5 млрд теңгенің 63 миллиардын игерген.
Ол уақытылы «қорыта» алмаған 6,5 млрд теңге сомадағы қаражат қазір Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаменттің есебінде жатыр. «Астана LRT» ЖШС ақпараты бойынша ол миллиардтарды да биылғы жыл соңына дейін игеру жоспарланған. Оның сыртында 2018 жылға бөлінген 9,1 млрд теңге қаражат кестеге сәйкес, алдағы тамыз айында Астана қаласының әкімдігіне аударылады. Ендеше, қажетті қаржы толық көлемде берілген, оны ұқсата жұмсап, жұмысқа жылдамдық беру әкімдік пен шығыс көршінің компаниясының қолындағы іс.
Биыл Алматы агломерациясының «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» салына бастағаны мәлім. Сол сияқты елордада да оның айналасындағы транзиттік ағындарды қала сыртына қарай бағыттап жіберетін заманауи жоғары технологиялық айналма жолы пайда болмақ.
– Астанада айналма жолдарды, көліктік дәліздерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл қала маңы аймағын сыртқы көлік жүйелерімен байланыстыру және қалалық аумақты оңтайлы қамту үшін қажет. Елорданың сыртқы айналма жолдарын бір-бірімен тұйықтау мақсатында «Астана қаласының Оңтүстік–Батыс айналма автомобиль жолын» салу жұмыстары жүріп жатыр. Автожолдың ұзындығы – 33 шақырым. Ол 4 жолақтық қозғалысы бар 1- санатты жол болады. China Xinxing Corporation консорциумымен және «КазГерСтрой» ЖШС бірлескен кәсіпорнымен мердігерлік шартқа қол қойды. Шарттың құны – 59 миллиард теңге, – дейді
Ж.Қасымбек.
Оның мәліметінше, осы қыруар соманың былтыр 14,2 млрд теңгесі игерілген. Ал осы жылы әлгі екі компанияға тағы 19,7 млрд теңге арна тартады. Жобаға 344 бірлік құрылыс техникасы, 621 жұмысшы (оның ішінде 27-сі – шетелдіктер) жұмылдырылған.
Шарт бойынша астаналық айналма жол салу жұмыстары 2017 жылы басталды және жобаны 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2007 жылдан бері республикалық бюджет қаражатына Астанада «Угольная», «№14», «№12» және «Бейсеков» көшелері арқылы өтетін магистралды жолдың («кіші айналма жолдың») да құрылыстары жүргізілуде. 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл жобаны ары қарай жалғастыруға – 9,1 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 4,5 млрд теңге қарастырылған.
Енді нақты жобалардан межелі жоспарларға келсек, бір қызық жайт анықталады. Астана еліміздегі ең шағын агломерация болғалы тұр. Салыстыру үшін айтсақ, мәселен, Шымкенттің агломерациялық процестерін қалыптастыру аймағының ауданы 1 миллион 573 мың 479 гектарға немесе 15 734 шаршы шақырымға созылып жатыр. Алатау бөктеріндегі Алматы агломерациясының аумағы бір миллиондай, дәлірек айтқанда, 939,5 мың гектар жерге немесе 9,4 мың шаршы шақырымға құлаш ұруда.
Ал Астана агломерациясына әлдеқайда жинақылық тән болмақ. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, елордалық агломерацияның аумағы небәрі 201 800 гектарды немесе 2,18 мың шаршы шақырымды алады. Агломерация халқының саны өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,19 миллион адамды құрайды. Оның басым көпшілігі, яғни 1,04 миллионы Астана қаласында тұрады.
2017 жылдың қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесі шамамен 11,1% болды.
– Астана – агломерациялық орталық ретінде белсенді қалыптасып келе жатқан еліміздің ірі мегаполисі. Астана қаласының тартылыс аймағына Ақмола облысындағы Ақкөл қаласы, сондай-ақ Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының елдімекендері кіреді. Елорда адами, қаржылық ресурстардың, білім беру және ғылыми әлеуеттің жоғары шоғырлану деңгейімен ерекшеленеді. Ол отандық нарықтарды байланыстыратын дамыған инфрақұрылымға ие, – дейді еліміздің бас экономисі Тимур Сүлейменов.
Ол «Астана агломерациясын» Қазақстанның ұзақмерзімді өсім нүктесі ретінде қалыптастыру мақсатында жоғарыда аталған «өңіраралық схемаға» қоса, Үкімет қаулысымен «Астана агломерациясын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі өңіраралық іс-шаралар жоспары» да қабылданғанына назар аудартады. Бұл жоспарда 82 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның ішінде 29 іс-шараны орындауға Астанадағы орталық мемлекеттік органдар: Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Энергетика, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Ішкі істер министрліктері жұмылдырылады және әрбір ведомство өз саласындағы міндетке жауап береді. Қалған 53 іс-шараға Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері дербес жауапты.
Іс-шаралар жоспары негізгі 3 міндетті іске асыруды көздейді.
– Бірінші міндет – «Астана агломерациясын аумақтық және институттық дамыту». Оның аясында қала құрылысын жоспарлау құжаты – «Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы» әзірленіп, бекітілді. Астана қаласын және Ақмола облысын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламаларына агломерациялық даму бөлігінде өзгерістер енгізілді. Үкімет қаулысымен «Өңірлерді дамыту – 2020» мембағдарламасы да жаңа редакцияда қабылдан-
ды, – дейді Ұлттық экономика министрі. Енді бұл құжаттар жүзеге асырылуда.
Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері арасында Астана агломерациясын дамыту бойынша бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қойылған. Осылайша, №1 міндеттің жоспарланған он іс-шарасының тоғызы орындалды және бақылаудан алынып тасталды. Қалған жалғыз іс-шара орындалу сатысында.
№2 міндет республикалық және өңірлік нарықтарда Астана агломерациясын экономикалық ілгерілетуді көздейді. Бұл үшін елорда «біздерде мынадай бар, мынадай бар!» деп төл өнімдерімен қызықтыра алуы шарт.
«Сондықтан Астана агломерациясының «экономикалық мамандану» бағыттары анықталды, яғни ол әлемдік деңгейдегі қаржылық, жоғары мамандандырылған медициналық және білім беру қызметтерін ұсынуға, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға маманданады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Ақылды қалалар» үлгілік тұжырымдамасы әзірленді. Басқа қалалар «Smart-технологияларды» ендіруде бас қаламыздан тағылым-өнеге алуға, тәжірибесін көшіруге тиіс. Астанада медициналық кластер құрылған, оның аясында медициналық қызметтердің 6 заманауи орталығы жұмыс істейді» деп санамалады министр Тимур Сүлейменов.
Жалпы, осы екінші міндеттің жоспарланған он іс-шарасының барлығы орындалыпты және бақылаудан алынған.
№3 міндет «Агломерацияның ұстыны ретінде Астананы, оның қаламаңы аймағын және тартылыс (әсер ету) аймағын инфрақұрылымдық үйлестіріп дамытуды» көздейді.
Бұл ретте «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен» автожолдарының құрылысы, жаңа әуежай терминалы мен жаңа теміржол вокзалы секілді бірқатар «ірі инфрақұрылымдық жобаларды» іске асыру еліміздің бас қаласынан шеткері өңірлерге қарай қанат жаятын «республиканың көліктік каркасын» одан әрі дамытуға бағытталған екен. Себебі, Кеңес тұсында Қазақстандағы барлық жолдар КСРО орталығы Ресейге бастады да, өз өңірлеріміз өзара байланыстырылмаған болып шықты. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақыты бойында қазақ елі сол кемшілікті түзеп, өз астанамызды өңірлермен және өңірлерді бір-бірімен тікелей байланыстыруда.
Осы мақсатта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2015 жылы Астана қаласындағы көлік-логистикалық орталық (КЛО) құрылысын аяқтады. Бұдан басқа, елордада тағы 4 КЛО жұмыс істейді.
Тұтастай алғанда, Астана агломерациясын қалыптастырудың үшінші міндеті аясында жоспарланған 62 іс-шараның 51-і орындалып болған. Қалған тоғызы орындау сатысында тұрған көрінеді.
Барлық іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 51,5 млрд теңге, ал жергілікті бюджет қаражатынан 771,3 млн теңге көзделді. Бюджеттен қаржыландыруды талап ететін 48 іс-шараның арасынан қазір жалпы сомасы 23,9 млрд теңге тұратын 7 іс-шара орындалу үстінде, шығынды қажет ететін басқа барлық іс-шаралар іске асырылды және бақылаудан алынды.
Әрине, бұл жоспармен іс бітпейді, өмірдің өзі оған ұдайы өзгеріс енгізіп отырады. 2018 жылғы 5 сәуірдегі «Астана қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы» кеңесте Елбасы берген жаңа тапсырмаларды жүзеге асыру үшін қала әкімдігі елорданың «Мастер-жоспарын» әзірлеуде.
Мемлекет басшысы қойған міндетке сәйкес, осы жылдың соңына дейін ірі қалалардың, оның ішінде Астана қаласының дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиялары да әзірленуге тиіс.
Астана агломерациясын дамыту бойынша жаңа шаралар бекітуге жоспарланған Мастер-жоспарға және Астана қаласын дамытудың ғасыр ортасына дейінгі стратегиясына енгізілетін болады.
Биіктерді алмаған тұйықтарға тіреледі. Өркендеу жолындағы асқар асуларды қаймықпай еңсерген Астана қазақ елін де жарқын болашаққа бастап келеді.
Айхан ШӘРІП