Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалам ұшындағы сөз қадірі

Қалам ұшындағы сөз қадірі


1997 жылдың 28 маусымында «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң қабылданған болатын. Міне, содан бері бұл күн журналистердің кәсіби мерекесіне айналды. Ең басты мақсат — журналистердің мүддесін қорғау, олардың шығармашылықпен еңбек етуіне ықпал жасау, ынталандыру екені айдан анық.
Журналистерді қоғамда төртінші билік өкілдері ретінде атап келеді. Ол да негізсіз айтылып жүрмеген болар. Өйткені, қай заманда да қалам иелерінің ықпал-күші әсерсіз қалған кезі болған жоқ. Ол уақыт ағымымен дәлелденген жағдай. Егеменді еліміздің жиырма жеті жылдан бері Қазақстан журналистері мемлекетіміздің қол жеткен жетістіктерін дер кезінде хабарлап, орнықтыруда, барымызды баянды етіп, Елбасы саясатын халыққа жеткізуде жемісті еңбек атқарып келеді. Ілгері дамуға кедергі жасар кемшіліктер, орынсыз олқылықтар, бұлар да жария етілмей қалған емес.
Еліміздегі қалам иелерінің басын біріктіретін Қазақстан Журналистер одағы — баспасөз құралдары өкілдерінің шығармашылық ұйымы десек болады. Негізінде бұл ұйымның тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. Сол тұстарда Қазақстан журналистерінің тұңғыш съезі өткізіліп, «Баспасөз туралы» баяндама жасалып, оның міндеттері айқындалды. Бастапқы кезде мемлекетте орыс тілінде 16, қазақ тілінде 12, ұйғыр тілінде 1 газет шығып тұрған. Алғашқы съезде баспасөз қызметкерлерінің ұйымын құрып, оның төрағалығына Тұрар Рысқұловты сайлаған болатын. Міне, сол кезден тартылған жол бүгінде арнасын кеңейтіп, дәуір үнімен бірге ілгері қадам басуда. Қазіргі уақытта Журналистер одағында төрт мың бес жүздей шығармашылық иелері мүшелікке өткен. Биыл Қызылорда облысы бойынша 28 өтініш түсіп, оның барлығы одақтың мүшелігіне қабылданды. Ал соның алтауы аудандық «Өскен өңір» газетінен. Олар: Нұрболат Пірімбет, Бақытжан Бәйімбет, Ерұлан Даткенов, Дина Жүсіпова, Гүлнәр Дүйсебай, Гүлхан Яхияева және газеттің штаттан тыс тілшісі Есіркеп Шәдібеков. Қалам ұшынан шыққан сөз қоғамды қозғайды. Ендеше, осындай қуатты күшке ие болып отырған әріптестеріміздің қызметі қашанда алымды болсын, ортақ мақсатты жолда қадамдары нық әрі анық болу да нәсіп етілсін. Халық пен билік ортасындағы дәнекер ақпарат саласының мамандары болғандықтан, әрдайым жаңалықтардың куәсіне ие болып, ортасында жүреді.
Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралда­рының саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2014 жылы республика бойынша 2211 БАҚ тіркелсе, 2015 жылы 2711-ге дейін өскен. Ал, 2016 жылғы көрсеткіште 2763-ке жетіп, 2017 жылы 2862-ні құрады. Биыл елімізде жарты жылдықты алғанда БАҚ саны 2892-ге жетіп отыр. Журналистердің белсенді және жауапты қимылы болмайынша, баспасөз бен биліктің қарым-қатынасы тұрақты дамымайынша, ел арасында қоғамдық пікір, азаматтық ұстаным қалыптаспайтынын уақыттың өзі айқын дәлелдеп отыр. Бұл қаламгерлер қауымының ғана мейрамы емес. Бұл — оқырман мен тыңдарманның да, пікір алмасушының, бағыт сілтеушінің де мейрамы. Жалпы, БАҚ арқылы қоғамдық көзқарас қалыптасады. Қоғамда орын алған оқиғаларды адал, әділ, қалтқысыз сипаттау бұқаралық ақпарат құралдарының басты парызы екені түсінікті. Сондықтан, «Жарқын болашақтың қамын саясаткерлер, өткен дәуірді — тарихшылар, бүгінгіні — журналис­тер ойлайды» деген қағида да көп жайтты білдірсе керек.
Жұлдызай Ноғайбайқызы
01 шілде 2018 ж. 982 0