Шикізаттан дайын өнімге дейін
5 миллиард теңге инвестиция, 70 жаңа жұмыс орны және тәулігіне 1000 тоннаға дейін әк өндіру. Шиелі ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі өнеркәсіптік жоба – өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті шикізатты аудан аумағында тікелей өңдеуге мүмкіндік береді.Қаратаудың етегінде он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Шиелі-тас» ЖШС бүгінде өндірістің жаңа бағытын дамытуда. Кәсіпорын аумағында әк өндіретін заманауи зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жобаның бастамашысы – «Шиелі-тас» ЖШС. Қытайлық «Shengli Building Materials» компаниясымен бірлесіп кәсіпорын «Шиелі-әк» ЖШС-н құрған. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге. Зауыт жобалық қуатына шыққан кезде тәулігіне 1000 тоннаға дейін әк өндіре алады. Жаңа өндіріс орнында 70 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Шиелі ауданы үшін бұл – өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан маңызы зор жоба. Себебі мұнда жергілікті шикізат базасы негізінде жаңа өндіріс құру, өңдеу көлемін арттыру және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделген. «Шиелі-тас» ЖШС басшысы Ермек Хасанаевтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – кәсіпорынның қалыптасқан өндірістік мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен дамыту.
– Біз он жылдан астам уақыт бойы табиғи шикізатпен жұмыс істеп келеміз. Сондықтан жергілікті шикізат базасының мүмкіндіктерін жақсы білеміз. Осыған байланысты өндірісті өзімізде жолға қойып, оны одан әрі кеңейту – келесі маңызды қадам болды. Шикізат тек өндіріліп, сыртқа шығарылып қана қоймай, осы жерде, ауданда өңделгені маңызды. Бұл – жаңа жұмыс орындары, жаңа кәсіби дағдылар және өңір экономикасына қосымша тиімділік, – дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде компания Қаратау бөктерінен әктас, құм және қиыршық тас өндіреді. Аталған шикізат жол, тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын салуда сұранысқа ие құрылыс материалдарын өндіруге пайдаланылады. Әк өндіретін зауыттың құрылысы – кәсіпорынды дамытудың келесі кезеңі. Өндірістің технологиялық негізін Қытайда шығарылған заманауи жабдықтар құрайды. «Shengli Building Materials» компаниясымен ынтымақтастық жергілікті шикізат базасын заманауи өңдеу технологияларымен ұштастыруға мүмкіндік береді. Жобаның басты артықшылықтарының бірі – өндірістік тізбекті тікелей аудан аумағында қалыптастыру. Яғни осы жерде өндірілетін әктас дайын өнім шығаруға жұмсалады.
Бұл құрылыс саласы үшін де өзекті. Өңірде тұрғын үй, жол, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым құрылысы жалғасып келеді. Құрылыс көлемі артқан сайын құрылыс материалдарына деген сұраныс та өсуде.
– Бүгінде өңірде құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Соған сәйкес құрылыс материалдарына деген сұраныс та артып келеді. Осы қажеттіліктің бір бөлігін өз өндірісіміздің өнімдері есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар деп есептейміз. Біз үшін қолда бар шикізатты тиімді пайдаланып, қосылған құнды дәл осы Шиелі ауданында қалыптастыру маңызды, – деді Ермек Хасанаев.
Жобаның аудан өнеркәсібі үшін маңыздылығын аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің өкілдері де атап өтті. Бөлім басшысы Жомарт Ақбергеновтың айтуынша, жаңа өндірістің іске қосылуы аудандағы шикізатты өңдеу көлемін арттыру және өнеркәсіптік әлеуетті кеңейту міндеттеріне сәйкес келеді.
– Біз үшін инвестордың жобаны дәл жергілікті шикізат базасында жүзеге асырып отырғаны маңызды. Бұл ауданның табиғи ресурстарының әрі қарай өңделіп, дайын өнімге айналатынын білдіреді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіп саласы кеңейеді. Мұндай жобалардың аудан экономикасы үшін ұзақ мерзімді маңызы бар, – деді Ж.Ақбергенов.
Ол өндірістің дамуы халықты жұмыспен қамтуға және алдағы уақытта инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастыратынын да атап өтті. «Ауданда жаңа кәсіпорындардың пайда болуы тек жұмыс орындарының санын арттырумен шектелмейді. Мамандарға, көлік және сервистік қызметтерге, құрылыс пен басқа да ілеспе салаларға сұраныс қалыптасады. Сондықтан мұндай зауыттың іске қосылуының экономикалық әсері ауқымды болады» деп толықтырды кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.
Қазіргі таңда нысан құрылысы белсенді кезеңде. Құрылыс алаңында 50-ден астам адам еңбек етуде. Жабдықтарды монтаждау, өндірістік ғимараттарды дайындау және кәсіпорынды іске қосуға қажетті басқа да жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар болашақ мамандарды даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін зауытта 70 адамнан тұратын тұрақты еңбек ұжымын қалыптастыру жоспарланып отыр. Ермек Хасанаевтың айтуынша, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту – жобаның маңызды бағыттарының бірі.
– Жаңа өндіріс аудан тұрғындарына тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берсе дейміз. Бізге кәсіпорында бір-екі жыл ғана емес, ұзақ уақыт еңбек етіп, өндірісімізбен бірге кәсіби тұрғыдан дамитын мамандар қажет, – деді кәсіпкер.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауытты жыл соңына дейін жобалық қуатына шығару жоспарланып отыр. «Шиелі-әк» ЖШС жобасы бірден бірнеше бағытты – шикізат өндіруді, оны өңдеуді және дайын өнім шығаруды біріктіреді. Яғни аудан аумағында толыққанды өндірістік тізбек қалыптасады. Мұндай тәсіл Қаратаудың табиғи әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Шикізатты тек өндірумен шектелмей, оны әрі қарай өңдеу арқылы қосылған құнды арттыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашылады.
Кәсіпорын үшін бұл – дамудың жаңа кезеңі. Құрылыс саласы үшін – әктің қосымша өндіріс көзі. Ал аудан үшін – жаңа өндірістік қуат пен тұрақты жұмыс орындары. Ең бастысы – инвестиция өңірдің экономикалық дамуына қызмет етеді. Табиғи шикізат осы жерде өндіріледі, осы жерде өңделеді және дайын өнім құрылыс нарығына жол тартады.
Шикізаттан дайын өнімге дейінгі осындай өндірістік сабақтастық табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, тұрақты өндіріс қалыптастыруға және аудан экономикасына нақты экономикалық қайтарым алып келуге мүмкіндік береді.
М.Кеңесұлы








