СҚО-да қоюлатылған сүт цехі және ет өңдеу кешені іске қосылады

200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 50 миллион долларды құрайды, ал болашақта бұл сома 70 миллион долларға дейін ұлғаяды. Кәсіпорында заманауи еуропалық қондырғы орнатылған. Қазір зауыт тәулігіне 150 тонна сүт өңдейді, ал биыл өндірістік қуаты екі есе өсіп, тәулігіне 300 тоннаға жетпек. Жылына 45 мың тонна дайын өнім шығару жоспарлануда. Бұдан бөлек, жақын арада Петропавлда толық циклді ет өңдеу кешені іске қосылады, онда 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұрынғы ет комбинаты ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған еді,"Proviant" серіктестігінің инвестициясы мен жаңғыртуының арқасында кәсіпорынға жаңа өмір берілді. Жоба жабдықтарды толық жаңартуды, заманауи ет өңдеу технологияларын енгізуді және сапалы шұжық өнімдерін шығаруды қарастырады. Кәсіпорында өзіндік сою цехы болады, сондай-ақ қалдықсыз өндіріс жолға қойылмақ.