Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтықта салғырттық болмасын

Сақтықта салғырттық болмасын

Жедел респираторлық вирустық инфекция тыныс алу арқылы жұғатын, вирустар мен бактериялар арқылы қабынатын инфекция. Күнделікті өмірде ЖРВИ-ды халық қарапайым тілде салқын тию, тұмау деп айтады. Қазір осы ауру өршіп тұр. Өйткені ЖРВИ көбіне көктем, күз мезгілдеріне бейім. Ауа райы суыта бастағанда грипп, реновирус, коронавирус, парагрипп сияқты вирустар дамып, көбіне қазан, сәуір, ақпан айларында өршиді. Қазіргі құбылыс та осының айғағы.
Өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында ауданда 303 адам ЖРВИ-мен тіркелсе, биыл дәл осы кезеңде тұмауратып дәрігерге қаралғандар саны мыңнан асты. Әсіресе қыркүйек айының басынан бері 800-ден астам тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Оның 324-і 14 жасқа толмаған балалар.
Күздің алғашқы салқыны сезіле бастағаннан ақ халаттылар тұрғындарға маусымдық аурулардың алдын алуды ескертеді. Соған қарамастан осы кезеңде жедел респираторлық вирустық инфекциялар өршіп, адамдар дәрігерге жиі жүгініп жатады.
Қыркүйектің басында ЖРВИ мен тұмаудың өршуіне байланысты аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, білім бөлімі және орталық аурухана бірлескен бұйрық қабылдаған. Мамандардың айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация қазан айында басталады. ­Аудан бойынша тұрғындардың 10 пайызына, яғни 8900 адамға екпе салу жоспарланған. Сондай-ақ әдеттегідей келесі айдан бастап маскалық режим енгізіледі.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзара Әйтекеева дәл осы мезгілде адамдардың ауруға жиі шалдығатынын, соның ішінде вирустық инфекциялардан бөлек аллергия өршитінін айтады. Оның сөзінше, тұрғындарды әбігерге салатын ауру түрлерінің асқынуына ауаның құрғақ әрі салқын болуы әсер ететін көрінеді. Әсіресе, біз қозғап отырған жіті респираторлық вирустық инфекциясы маусымдық өсу кезеңінде ересектер мен балалар арасында кеңінен тарайды. Маманның айтуынша, бұл кезеңде аурудың көбеюіне ауа райының салқындауы, адамдардың жабық ғимараттарда көбірек болуы және балалардың мектеп пен балабақшаға жаппай баруы әсер етеді. ЖРВИ негізінен ауа-тамшы жолы арқылы таралатындықтан, адам көп шоғырланған ортада инфекцияның жұғу қаупі арта түседі.
– Аурудың алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрынның бітелуі немесе су ағуы, тамақтың ауырсынуы, бас ауруы, әлсіздік пен тәбеттің төмендеуі жатады. Мұндай белгілер байқалған жағдайда ауруды өз бетінше емдеуге тырыспай, дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн.
Әсіресе балаларға мұқият қарау қажет. Дене қызуы көтерілген кезде баланың жалпы жағдайына назар аударып, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде беру маңызды. Ал дәрі-дәрмекті, әсіресе балаларға арналған қызу түсіретін препараттарды, жасына және дене салмағына қарай дәрігердің кеңесімен тағайындалады, – дейді Г.Әйтекеева.
Аурудың алдын алуда қарапайым санитариялық талаптардың маңызы зор. Қолды сабынмен жиі жуу, бөлмені желдету, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау, дұрыс тамақтану және жеткілікті ұйықтау – иммундық жүйені қолдауға көмектесетін қарапайым әдеттер.
ЖРВИ өршіген кезде ауру белгілері бар адамды қоғамдық ортаға шығармаудың да маңызы үлкен. Өйткені өзіне жеңіл көрінген ауруды өзгеге жұқтыруы мүмкін. Әсіресе мектептер мен балабақшаларда бұл мәселеге ата-ана мен педагогтер бірдей жауапкершілікпен қарауы қажет.
Тұмауға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың бір жолы. Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар, қарттар, балалар және басқа да қауіп тобына жататын азаматтар үшін дәрігермен кеңесіп, вакцина мәселесін алдын ала қарастырған дұрыс.

Екпе – тұмауға қарсы қорғаныс
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жыл сайын елде тұмауға қарсы 2,2 млн адам егіледі. Дәрігерлер, әсіресе қарттар мен балалар, созылмалы ауруға шалдыққан адамдар үшін екпе салдыру маңызды екенін атап өтеді. Дегенмен ­республика халқы үшін егілудің бұл ­статистикасы аз.
Біздің қоғам екпе десе үрке қарайды. Бұл әлі де вакцина туралы жалған мифті денсаулық сақтау органдарының жоққа шығара алмай отырғандығынан. Қазір «Тұмауға қарсы екпеден кейін тұмау пайда болды. Сондықтан вакцина алып керек емес» деген пікір жиі кездеседі. Бірақ дәрігерлер «екпе тұмауды тудыруы мүмкін емес, өйткені оның құрамында тірі вирус жоқ. Вирус вакцинаның құрамына кірмес бұрын жойылып, тазартылады» дейді. Жалпы, тұмау вирустары вакциналарға бейімделеді және жыл сайын мутацияға ұшырайды. Сондықтан тұмауға қарсы вакциналар штамға байланысты жыл сайын өзгеріп отырады. Штамды анықтау және вакцинаны жасау үшін бүкіл әлемдегі ғылыми орталықтар жыл бойы тұмау туралы мәліметтер жинайды және алмасады.
Тек АҚШ-та CDC мәліметтері бойынша, 100-ге жуық вирусология және иммунология ғылыми-зерттеу орталықтары FDA-ға деректерді жіберу арқылы вирустық бөлшектердің айналымы мен үлгілерін бақылайды. FDA АҚШ үшін болашақ вакцинаның мазмұны туралы үкім шығарады. Содан кейін ДДҰ-мен бірлесіп әлемдік орталықтармен деректер алмасу үшін кездесулер өткізіледі. Бағалау деректері талқылауға шығарылады: осы жылы солтүстік және оңтүстік жарты шарында вирустың қандай бөлшектері таралады. Осы деректердің негізінде вакциналарды дайындау бойынша ұсынымдар жасалады. Алайда әр ел өзі үшін лицензияланған вакциналарға қандай штаммдар енгізілетіні туралы түпкілікті шешімді жеке қабылдайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған статистиканы назарға алсақ, маусымдық тұмаудан зардап шеккен науқастардың жыл сайынғы саны шамамен 1 миллиард адамды құрайды, оның ішінде 3-5 миллион адамда ауыр респираторлық инфекция дамиды. Аталған ұйымның болжамына сәйкес, тұмаудың басқа асқынуларынан болатын өлім санын қамтымағанда жыл сайын 290 мыңнан 650 мыңға дейін адам тыныс алу жүйесінің бұзылуынан қайтыс болады.
Бұл көрсеткіштер маусымдық тұмаудың жай ғана жеңіл сырқат емес екенін аңғартады. Сондықтан аурудың алдын алып, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – әр адамның өз қолындағы маңызды міндет.

Гүлхан ЯХИЯ
28 қыркүйек 2026 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930