"Әлем аруы - 2026" байқауында Қазақстан намысын кім қорғайтыны белгілі болды
7 тамызда Miss Qazaqstan 2024 жеңімпазы Бағым Балтабаева Вьетнамда өтетін “Әлем аруы – 2026” халықаралық байқауында Қазақстанның намысын қорғау үшін жолға шығады. Биыл ол әлемдік додада қазақ әйелінің болмысын жаңа қырынан танытатын ерекше ұлттық образды ұсынбақ. Stan.kz тілшісі Алматыда өткен баспасөз мәслихатына қатысып, қазақстандық арудың халықаралық байқауға дайындығы мен ұлттық киімінің тұжырымдамасы туралы біліп қайтты.Бағым Балтабаева – Өскемен қаласының тумасы, 21 жаста. Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін “Бастауыш білім беру педагогі” мамандығы бойынша тәмамдаған. Модельдік қызметімен қатар, педагогика саласында да жетістікке жетіп, ғылыми олимпиадалардың жүлдегері атанған. Сондай-ақ университет ректоры мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.Қазақстан аруы әлемдік байқау алдындағы толқынысын жасырмады. “Әлемдік дода алдында көңіл күйім көтеріңкі. Себебі бұл – үлкен мәртебе. Елім мен ұлтымды халықаралық байқауда таныстыру мен үшін зор жауапкершілік әрі үлкен құрмет. Әрине, толқып жүрмін. Дегенмен осындай мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын”, – деді Бағым.Томиристің қайсарлығынан аққдың нәзіктігіне дейін
Бұл жолы ұлттық киімнің негізгі идеясы ретінде аққу таңдалған. Бағым Балтабаеваның айтуынша, бұл шешім қазақ әйелінің қайсарлығын ғана емес, оның нәзіктігін, даналығын және ішкі үйлесімін көрсетуге бағытталған.
“Бұған дейін қазақ әйелдері көбіне жауынгер Томирис бейнесі арқылы таныстырылып келсе, мен әлемге олардың сұлулығын, нәзіктігін, даналығы мен ішкі үйлесімін көрсеткім келеді. Ұлттық киімімнің негізіне тазалықтың, адалдық пен рухани күштің символы саналатын аққу бейнесі алынды. Осы образ арқылы қазақ әйелінің талғампаздығын, тектілігін және бай рухани әлемін жеткізгім келеді”, – деді Бағым Балтабаева.
Баспасөз мәслихатында ұлттық образ көпшілікке көрсетілмеді. Ұйымдастырушылар халықаралық байқау талаптарына сәйкес костюмді алдын ала таныстыруға болмайтынын мәлімдеді. Сондықтан көрермендер оның толық нұсқасын алғаш рет “Әлем аруы” байқауының сахнасында ғана көре алады.
Қайырымдылық жобасына 1,5 жылын арнаған
Халықаралық байқауда қатысушылар ұлттық киім көрсетілімінен бөлек, спорттық кезеңдерге, таланттар сайысына, фотосессияларға, қазылар алқасымен сұхбатқа және әлеуметтік жобаларды қорғауға қатысады. Бағым Балтабаева үшін ең маңызды кезең – қайырымдылық жобасын таныстыру. Ол бұл бастамаға шамамен бір жарым жылын арнағанын айтады.
Модель жалғызбасты аналар мен қиын жағдайға тап болған балалар тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамалармен айналысып келеді. Оның айтуынша, бұл жоба өзіне ерекше жақын болғандықтан, халықаралық сахнада таныстыруды асыға күтеді.
“Әлем аруы” бүгінде тек сұлулық байқауы емес. Оның негізгі ұстанымы – Beauty with Purpose (“Мақсатты сұлулық”). Сондықтан қатысушылардың сыртқы келбетімен қатар, білімі, көшбасшылық қасиеттері, қоғамдық белсенділігі және қайырымдылық қызметі де бағаланады.
“Ана үйі” қорымен бірлесіп жұмыс істеймін. Жобамыз үш бағытты қамтиды: баспана мәселесі, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен отбасыларды қолдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Қазір қордың амбассадорымын. Осы ынтымақтастықтың арқасында халықаралық сахнада қордың жұмысын таныстырып, тәжірибемізді әлемге көрсетуге мүмкіндік алдым. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз”, – деді Бағым.
“Ұмай ана – отбасы мен шаңырақтың қорғаушысы”
Бағым сондай-ақ байқау барысында қазақ халқының рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде танытуды мақсат етіп отырғанын айтты.
“Өзге елдердің өкілдері қазақ халқының терең тарихы, дәстүрі мен мәдениетін толық біле бермейді. Сондықтан мен Ұмай ана туралы айтқым келеді. Бұл ұғым менің әлеуметтік жобаммен тікелей байланысты. Ұмай ана – отбасы мен шаңырақтың қорғаушысы, ошақтың қамқоршысы саналған. Сол себепті осы образдың мәнін тереңірек ашып, оның идеясын әлемге таныстырғым келеді”, – деді Бағым.
Бағым Балтабаева өзіне ең көп қолдау көрсетіп, шабыттандыратын жан анасы екенін айтты.
“Мені шабыттандыратын жан – анам. Ол менің әрдайым жанымнан табылатын тірегім әрі қолдаушым. Бүгін де мені ұзақ сапарға шығарып салу үшін арнайы ұшып келді”, – деді ол.
Биыл 75 жылдығын атап өтетін "Мисс әлем" байқауы Вьетнамда ұйымдастырылады. Оған әлемнің 130 елінен келген арулар қатысады. Финал қыркүйек айында өтеді. Қазақстандық арудың елге оралуы 7 қыркүйекке жоспарланған.






