Тұрғындар пікірі: Қандай маман қажет?
Қазіргі таңда әлеуметтік желі тұрғындардың ойы мен ұсынысын білдіретін маңызды қоғамдық кеңістікке айналды. Көпшілікті толғандырған мәселе осы алаңдарда ашық талқыланып, әр адамның өз пікірін еркін айтуына мүмкіндік беруде. Мұндай пікірлер қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап қана қоймай, халықтың нақты қажеттілігін де аңғартады. Осы орайда «Өскен өңір» газетінің Instagram парақшасында «Сіз қалай ойлайсыз, ауданда қай маман тапшы?» деген сауал жарияланды. Қарапайым көрінетін бұл сұрақ аз уақыт ішінде үлкен талқыға түсті. Жарияланым 14 мыңнан астам қаралым жинап, 78 тұрғын өз пікірін қалдырды. Бұл көрсеткіштің өзі аудан тұрғындарының өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Ең көп аталған сала – медицина
Пікірлерге жүргізілген талдау денсаулық сақтау саласындағы мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Әсіресе тұрғындар аллерголог, балалар кардиологы, эндокринолог, ревматолог, гастроэнтеролог, иммунолог, ортопед, офтальмолог, репродуктолог, проктолог және балалар невропатологы сияқты тар бейінді мамандардың жетіспейтінін жиі жазған.
Кейбір тұрғындар қажетті маманға қаралу үшін облыс орталығына немесе басқа қалаларға баруға мәжбүр болатынын айтса, енді бірі ауданда мұндай мамандардың тұрақты қызмет көрсеткенін қалайтынын жеткізген. Әсіресе балалар денсаулығына қатысты пікірлердің көп болуы ата-аналарды бұл мәселенің ерекше толғандыратынын аңғартады.
Бір қызығы, пікір қалдырғандардың бір бөлігі маман тапшылығынан бұрын қызмет көрсету сапасына назар аударған. Олар «маман бар, бірақ тәжірибелі әрі жауапкершілігі жоғары дәрігерлер қажет» деген ойын білдірген. Бұл тұрғындардың тек маман санына емес, көрсетілетін қызметтің сапасына да талап қоя бастағанын көрсетеді.
Тек дәрігер емес, басқа салалар да назардан тыс қалмады
Сауалнама нәтижесі медицинамен ғана шектелген жоқ. Пікірлер арасында инженер, архитектор, автоэлектрик, токарь, дәнекерлеуші, технолог секілді техникалық мамандықтардың қажеттігі жиі айтылды. Сонымен қатар логопед, дефектолог, балалар психологы, қосымша білім беру саласының мамандары туралы ұсыныстар да кездесті. Кейбір тұрғындар мәдениет пен туризм саласын дамытуға үлес қосатын мамандардың аз екенін айтып, ауданның әлеуетін тиімді пайдалану керектігін жазған.

Бұл пікірлер еңбек нарығындағы сұраныстың әртүрлі екенін көрсетеді. Яғни тұрғындар тек әлеуметтік саланы ғана емес, өндіріс, қызмет көрсету, білім беру және мәдениет бағыттарының қатар дамығанын қалайды.
Қоғамдық пікір – маңызды көрсеткіш
Әрине, әлеуметтік желідегі 78 пікір бүкіл аудан халқының көзқарасын толық қамтиды деу қиын. Дегенмен мұндай сауалнамалар қоғамдағы көңіл күйді, тұрғындарды толғандырған мәселелерді және сұраныстың қай бағытқа ауып отырғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Мұндай пікірлер жергілікті атқарушы органдар, тиісті мекемелер мен жауапты сала басшылары үшін маңызды қоғамдық кері байланыс бола алады. Өйткені тұрғындардың ұсынысы ескерілген жерде ғана қоғамның сұранысына сай шешім қабылданады.
Ал сіздің ойыңызша, бүгінгі күні ең қажет маман қайсы? «Апта сауалы» айдары алдағы уақытта да аудан тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді көтеруді жалғастырады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ