Ел мұратын еңсерген сындарлы сәт
Кейде саяси жиындар уақыт шежіресіне кезекті отырыс ретінде ғана енсе, енді бірі тұтас бір дәуірдің қорытындысын жасап, жаңа кезеңнің есігін айқара ашады. Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысы дәл осындай тарихи мәні зор басқосу болды. Бұл күні заң шығарушы биліктің атқарған жұмысы сараланып қана қоймай, Қазақстанның алдағы даму бағдары айқындалды.«Бүгін біз Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап қана отырған жоқпыз. Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап, мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз», – деген Президент сөзі жиынның мазмұнын айқын аңғартты. Бұл – өткенге есеп беріп, келешекке сеніммен көз тіккен саяси мәлімдеме еді.
30 маусым күні Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы отырыс өтті. Үш онжылдық ішінде Жоғарғы палатада 890-нан астам жалпы отырыс ұйымдастырылып, ел тағдырына тікелей әсер еткен 3,5 мыңнан астам заң қабылданды. Оның әрбір оныншысы депутаттардың өз бастамасымен әзірленуі – парламентаризм мәдениетінің кемелденгенінің айқын көрінісі.
Сенат заң қабылдайтын алаң ғана емес, қоғамдық пікір тоғысатын маңызды мінберге айналды. Осы жылдар ішінде 60-тан астам парламенттік тыңдау өткізіліп, үш мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Халықтың көкейіндегі мәселелерді шешуге бағытталған үш мыңға жуық депутаттық сауал Үкіметке жолданып, нақты ұсыныстар берілді. Бұл – халық пен билік арасындағы алтын көпірдің үзілмегенінің дәлелі.
Президент сөзінің негізгі өзегі – елдің келешек дамуын айқындайтын 5 стратегиялық бағыт болды. Ең әуелі мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды. Конституциялық реформалар нәтижесінде тоғыз заң топтамасы, оның ішінде алты конституциялық заң қабылданып, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптасты. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты институционалдық сипатқа ие болд
Ендігі міндет – заң шығару қызметін жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, толыққанды e-Parlament жүйесін қалыптастыру. Электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемнің үздік 25 мемлекетінің қатарына енген Қазақстан үшін бұл – уақыт талабы.
Екінші стратегиялық басымдық – экономиканы жаңа даму моделіне көшіру. Жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан орнықты саясаттың арқасында тұрақты өсімді сақтап келеді. Былтыр экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың доллардан асып, соңғы жылдары бір жарым есеге ұлғайды. Инфляция төмендеп, ұлттық валюта тұрақтылығын сақтап отыр.
Өнеркәсіп саласы да тың серпін алды. Соңғы үш жылда құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 540 индустриялық жоба жүзеге асырылып, елу мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Алдағы 2 жылда тағы 200-ден астам жаңа өндіріс іске қосылып, үш триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Бұл – жаңа технология, жаңа кәсіпорын және жаңа мүмкіндік деген сөз.
Экономиканың қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан қолдау да нақты нәтижесін беруде. Бүгінде еңбекке қабілетті халықтың тең жартысына жуығы осы салада еңбек етеді. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамын шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Былтыр ғана «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Сонымен қатар жаңа Құрылыс және Су кодекстерінің қабылдануы стратегиялық салаларды заман талабына сай жаңғыртуға жол ашты. Өткен жылы елде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасының көптен күткен арманы орындалды.
Энергетикалық қауіпсіздік те жаңа кезеңнің басты тіректерінің бірі ретінде белгіленді. Газдандыру деңгейін қазіргі 65-тен 80 пайызға дейін жеткізу, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру және 2029 жылға дейін 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу – елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтатын маңызды қадамдар. Сонымен бірге табиғат сыйлаған көмір қорын тиімді пайдалану мақсатында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қолға алынды. Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа жылу-электр станциялары бой көтеретінін тілге тиек етті Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Заман көшінен қалмаудың кепілі – цифрлық трансформация. Қазақстан жаңа Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің қатарына енді. Бұл еліміздің технологиялық даму бағытын айқындайтын тарихи шешімдердің бірі болды. Президент бекіткен Digital Qazaqstan стратегиясы цифрлық экономиканы дамытып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін мемлекеттік басқаруға кеңінен енгізуді көздейді.
Мемлекет басшысы ерекше мән берген тағы бір мәселе – адам капиталы. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы үш жыл ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды. Бұл – табиғи байлықтың игілігін келешек ұрпақпен бөлісудің жаңа моделі. «Келешек» жинақтау жүйесі, дарынды жастарды қолдау және білімге салынған инвестиция – Қазақстанның ертеңіне салынған ең сенімді капитал.
Парламент мінберінде айтылған бастамалардың барлығы бір ғана мақсатқа қызмет етеді. Ол – заң үстемдігі орныққан, экономикасы қуатты, технологиясы дамыған әрі адами әлеуеті жоғары мемлекет қалыптастыру. Бұл жиын өткенге есеп берген күн ғана емес, елдің ертеңіне жол сілтеген тарихи белес болды. Өйткені мемлекет тағдыры шешілетін маңызды кезеңдерде қабылданған әрбір шешім – келешек ұрпақтың тағдырына жазылар жаңа парақ.
Гүлнәр Дүйсебай







