Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІДЕГІ ӨЗГЕРІСТІҢ ШЫРАЙЛЫ КЕЛБЕТІ

ШИЕЛІДЕГІ ӨЗГЕРІСТІҢ ШЫРАЙЛЫ КЕЛБЕТІ

Таң бозынан бері аспанды қалың сұр бұлт торлаған. Көктемдегі ауа райы бір қалыпқа көнбейді. Бір сәт күн жарқырап тұрса, артынша көк жүзін бұлт басады. Бұл күні де солай болды. Біз мінген көлік Жөлек ауылын бағыттап шыққан сәтте майда жаңбыр сіркірей бастады. Терезеге тамған жаңбыр тамшылары сайын даланың шаңын басып, көктемнің иісін қоюлата түскендей.
Бұл жолғы сапар – соңғы жылдары өңірде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың ел өміріне қалай әсер етіп жатқанын көзбен көру, халықтың көңіл-күйін бағамдау мақсатында ұйымдастырылған баспасөз туры.
Жол бойында жаңбыр бір басылып, бір үдейді. Көктемгі даланың қоңыр салқыны сезіледі. Алыстан мұнартып көрінген ауылдар жақындаған сайын тіршіліктің жаңа лебі байқалады. Соңғы жылдары кентте ғана емес, ауылдарда да жүзеге асқан жұмыстар жайлы көп естіледі. Бірақ оны көзбен көрудің әсері бөлек.

Жөлектегі жаңа үміт
Шиелі кентінен отыз шақырымдай қашықта жатқан ауылдың кіреберісінен-ақ өзгеріс байқалады. Бұрын ойдым-ойдым болатын көшелер тегістеліп, асфальт төселген. Көше бойына орнатылған жарық шамдары жаңбырдан кейінгі дымқыл асфальтқа шағылысып тұр. Ауыл іші мұнтаздай.
Жөлек – шағын ауыл. Мұнда 1640 адам тұрады. Бірақ шағын ауылдың тынысынан үлкен өзгеріске деген ұмтылыс сезіледі. Әсіресе инфрақұрылым мәселесіне басымдық берілгені байқалады. Барлық көшеге асфальт төселіп, негізгі бөліктеріне жарық шамдары орнатылған. Тұрғындар таза ауызсумен толық қамтылған. Аяқсу мәселесінің шешілуі ауылдың ажарын аша түскен.
Жаңбырдан кейінгі дымқыл топырақтың иісі аңқып тұрған ауыл шетіндегі құрылыс алаңында жұмыс қызып жатыр. Мұнда жаңа спорт кешені бой көтеруде.
Ауылдық округ әкімі Мейірбек Жолдасбековтің айтуынша, бұл – тұрғындардың көптен бергі сұранысы.
– Ауыл жастары үшін спорт кешені ауадай қажет еді. Тұрғындар бірнеше жылдан бері осы мәселені көтеріп келді. Жоба-сметалық құжаттары өткен жылы демеушілер есебінен дайындалды. Кейін аудан бюджетінен қолдау тауып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысан жастардың спортқа тұрақты келуіне мүмкіндік береді, – дейді ол.
– Қазір жастардың спортқа қызығушылығы басым. Олардың қатары жылдан-жылға көбейіп, инфрақұрылым мәселесін жақсартуға мән бердік. Жалпы ауданы 982,15 шаршы метр болатын кешен заманауи үлгіде салынып жатыр. Өлшемі 20х42 метр. Құрылыс жұмыстарын «Интегрострой» ЖШС жүргізуде. Ал техникалық қадағалау «Строительный контроль» ЖШС-не жүктелген. Жалпы, кешенде шағын футбол, күрес және өзге де спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұрын ғимараттың шатырынан су ағып, спортшыларға едәуір кедергі келтіретін. Енді мәселе толық шешімін тауып, жастар жайлы, жылы және сәулетті ғимаратта сергектікті серік етіп, жарыстарға тыңғылықты дайындық жасайды, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басшысының міндетін атқарушы Нұршат Бағдатұлы.
Құрылыс алаңында жүрген жұмысшылардың қимылынан қарқын байқалады. Бірі темір байлап жатса, енді бірі қабырға көтеруде. Осындай сәтте ауыл балаларының болашақта осы залда доп қуып, жарысқа дайындалатынын еріксіз елестетесің.

Электр бағаналары жаңаруда
Сапар барысында ерекше назар аудартқан бағыттың бірі – Бәйгеқұм ауылы болды. Теміржол бойындағы бұл ауыл кезінде бақша өнімдерімен аты шыққан. Бірақ ауыл тұрғындарының көп жылдан бергі ортақ мәселесі — электр жарығы еді.
Ауылға кірген сәтте ескі ағаш бағаналар мен жаңадан орнатылып жатқан темір-бетон тіреулер қатар көзге түседі. Бұл – екі кезеңнің арасы секілді.
Жергілікті тұрғын Дәліхан Жұмаділдаев жаңа бағаналарға қарап тұрып өткен күндерді еске алды.
– Мен осы ауылда туып-өстім. Бұрынғы бағаналар сексенінші жылдары қойылған еді. Содан бері дұрыс жаңартылған жоқ. Жел тұрса болды жарық өшетін. Кейде екі-үш күн, кейде апта бойы жарықсыз қалатынбыз. Қазір бәрі ауыстырылып жатыр. Мұны біз көптен күттік, – дейді ол.
Мамандардың мәліметінше, Бәйгеқұм ауылындағы жоба аясында 10 кВ болатын 12,3 шақырым және 0,4 кВ болатын 23,6 шақырым электр желісі тартылады. Сонымен қатар 12 трансформатор орнатылады.

Ақмаядағы жарықтың жаңа дәуірі
Ал Ақмая ауылында жаңғырту жұмыстары былтыр аяқталған.
Мұнда 10 кВ болатын 4,267 шақырым және 0,4 кВ болатын 18,61 шақырым электр желісі жүргізілген. 501 электр бағанасы орнатылып, әртүрлі қуаттағы жеті трансформатор іске қосылған.
Ауылдық округ әкімі Ғалымжан Бейсембаевтың айтуынша, бұл мақсатқа Ұлттық қордан 348 миллион теңге, облыстық бюджеттен 50,4 миллион теңге бөлінген.
– Бұрынғы электр бағаналары әбден тозған еді. Қазір олардың орнына темір-бетон бағаналар қойылды. Көше жарығы мәселесі де толық шешімін тапты, – дейді ол.
Ақмая тұрғыны Виталий Пак та жаңарған жүйенің пайдасын айтып өтті.
– Бұрын жарық жиі өшетін. Қыста қиын болатын. Қазір ондай мәселе жоқ. Жүйе тұрақталды, – дейді тұрғын.
Айта кетерлігі, ауданда «Шиелі» қосалқы станциясы да қайта жаңғыртудан өткен. 1964 жылы пайдалануға берілген станция бүгінде 19 мыңнан астам тұтынушыны электр қуатымен қамтып отыр. Оның 17 мыңнан астамы – жеке тұрғындар.
Спортқа сұраныс өскен
Баспасөз турындағы келесі нысан – аудан орталығындағы спорт кешені. Мұнда қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғимарат толық жаңғыртылуда. Ішкі және сыртқы инфрақұрылымы түгел өзгермек. Жалпы ауданы 1816 шаршы метр болатын нысан ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген.
Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Ермағанбетов бұл мәселенің бұрыннан қордаланғанын айтады.
– Жастардың спортқа қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Бірақ инфрақұрылым оған сай болмады. Әсіресе шатырдан су ағуы үлкен қиындық тудырды. Қыста салқын болатын. Қазір кешен толық жаңғыртылып жатыр. Енді жастар жайлы әрі заманауи ғимаратта дайындалады, – дейді ол.
Шиеліде спортқа бейім жастар аз емес. ­Ауданнан республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрген өрендер шыққан. Сондықтан мұндай нысандардың маңызы зор.

Су жүрген жерде тіршілік бар
Баспасөз сапары аяқсу мәселесін шешуге бағытталған жұмыстармен жалғасты. Кент орталығындағы «Базар» арығы – халық үшін аса маңызды су арнасы. Бұрын ескі арна арқылы аққан су көп ысырап болатын. Кей бөліктері мүлде талапқа сай келмеген. Қазір мұнда бетон науалар орнатылып жатыр.
Жалпы ұзындығы 8400 метр болатын арықтың 2886 метріне 2016 жылы бетон науа салынған. Енді қалған 5514 метрі кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Арық бойын аралап жүрген жұмысшылардың тірлігі бір сәтке де тоқтамаған. Өйткені бұл – 36 мыңнан астам тұрғыны бар Шиелі кентінің аяқсу мәселесін шешетін маңызды жоба.
Сапар соңында көкжиектегі бұлт біртіндеп сейіле бастады. Күн сәулесі дымқыл көшелерге түсіп, жаңарған ауыл келбетін айқындай түсті.
Шиеліде қазір өзгеріс бар. Ол бір күнде пайда болған дүние емес. Жылдар бойы қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуі арқылы кол жеткен дүние.
Бұл сапарда ең анық сезілгені – халықтың үміті. Ауыл адамдарының жүзінен ертеңге деген сенім байқалды. Ал сол сенім – кез келген жобаның ең үлкен нәтижесіне апарары сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯ

27 мамыр 2026 ж. 67 0